«Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі саяси ұстанымдарының бірі – ашықтық және қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнату. Президент «халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын іске асыру барысында халықпен тікелей байланысқа ерекше көңіл бөледі. Тұрғындардың өтініш-тілектерін дер кезінде қарау үшін Қазақстан Президентінің Виртуалды қабылдауы ашылды.
Бүгінде оған 6673 өтініш келіп түскен. Қасым-Жомарт Тоқаев брифингтер мен баспасөз мәслихаттарын жиі өткізіп, отандық және шетелдік БАҚ-қа сұхбат беріп тұрады. Сонымен қатар Twitter және Instagram секілді әлеуметтік желілерді белсенді қолданады.
2019 жылдың 1 сәуірінде ашылған Мемлекет басшысының Instagram желісіндегі парақшасына жазылушылар саны 1 миллионнан асты. Президент 9 ай ішінде өз парақшасында ресми шаралардан, кездесулер мен сапарлардан 60 пост жариялады. Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы уақытта Instagram желісінде бейресми сәттерде түсірілген суреттер мен бейнероликтер жариялауды да жоспарлап отыр» деп жазды Берік Уәли.