Медицина • 08 Қаңтар, 2020

Қазақстандықтар 1 сәуірге дейін МӘМС жүйесінде тіркелуі керек

981 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жүйесінде тіркелмеген қазақстандықтарға 1 сәуірге дейін сақтандыру жүйесінде тіркелуді ескертеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.


Қазақстандықтар 1 сәуірге дейін МӘМС жүйесінде тіркелуі керек

Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін елдің барлық тұрғындары шартты түрде сақтандырылған болып саналады және олар ТМККК пакеті мен МӘМС пакетіне кіретін медициналық қызметтерді тегін алу мүмкіндігіне ие. Осы кезеңде азаматтар өздерінің сақтандыру мәртебесін анықтап, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушы болуы керек.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов айтуынша,  МӘМС пакетіне кепілдендірілген медициналық көмектен басқа да қызметтердің барлығы енеді.

«МӘМС пакетіне мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық көмек пакетінен басқа медициналық қызметтің – дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарлық ем алу сияқты кең көлемді қызмет түрлері кіреді. Бұдан басқа, сақтандырылған азаматтар үшін түрлі оталар, олардың ішінде қымбат тұратын оталар да қолжетімді болмақ. Бүгінде ондай оталар түрлі себеппен қолжетімсіз – мемлекет есебінен кезек көп, ал өз есебінен төлеуге қаржы жоқ. Осы орайда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің пайдасы – бәсекелестік есебінен медициналық қызмет сапасы артатын болады. Науқастар көп келетін білікті дәрігерлерді тарту арқылы пациенттерге ең жақсы қызмет көрсететін клиникаларға қаражат та көп бөлінеді» деді ол.

Жалпы әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілген кезде, денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті медициналық көмектің көлемін 1,5 есеге ұлғайта отырып, 2020 жылы 1,6 трлн теңгені құрайтын болады. Сонымен қатар дәрігерлердің жалақысын 30%-ға, орташа медициналық қызметкерлерді 20%-ға дейін арттыру жоспарлануда.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысына, төлем әдістеріне қатысты сұрақтардың жауабын қазақстандықтар 1406 нөміріне хабарласып алуына болады.