Медицина • 07 Қаңтар, 2020

Cheсk-up орталық аурудың алдын алады

227 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті сақтандырылған азаматтарға арналған. Олар үшін консультативті-диагностикалық көмек көлемі ұлғайтылады. Медициналық тексерулерге көп қаржы жұмсалмақ. Ересек тұрғындар үшін check-up қызметі қолжетімді болмақ. Осы орайда Ақтөбе қаласында заманауи check-up орталық тұрғызылып жатыр. Жобаны жүзеге асырудың басы-қасында жүрген медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты хирург Надиар Мусинді сөзге тарттық.

Cheсk-up орталық аурудың алдын алады

– Надиар Маратұлы, биыл елімізде МӘМС жүйесі енгізілді. Осы жүйедегі check-up орталықтың рөлі қандай болмақ?

– Президенттің жыл сайынғы Жол­дауын­да айтылып келе жатқандай, зайыр­лы қоғамдағы денсаулық сақтау сала­­сы қымбат стационарлық емдерге емес, аурудың алдын алуға бағыт­талуы шарт. Біз халықты жоғары тиім­­діліктегі ерте диагностикамен қам­туы­мыз қажет. Мем­лекет саясатын жү­зеге асыру мақ­сатында про­фи­­лак­ти­­ка­лық медицина бойын­ша әлем­дік көш­басшылардың бірі Сеул ұлттық уни­верситетіне қарасты гос­пи­тальдың (SNUH) қолдауымен бү­гін­де Ақ­төбе медициналық орта­лы­­ғы­ның аума­ғын­да заманауи cheсk-up ор­та­лық­тың құры­лысы жүріп жатыр. Cheсk-up орта­лықтар – әлемдік медицина ұс­т­ан­­ған жаңа бағыттың ең маңызды бөлігі.

– Cheсk-up орталықтың қызметі сақ­­тан­­­ды­рылған азаматтар үшін тегін бола ма?

– Қазақстандықтар жыл сайын шет мем­лекеттерде емделуге 68 миллиард тең­ге жұмсайды екен. Көбі Германияға барып емделеді. Медициналық туризм бо­­йын­ша екінші орында – Израиль. Үнді­­стан мен Таиланд нарықтағы ли­дер­­лер қатарына соңғы жылдары қо­сыл­ды. Қазақстанда бір адамды толық меди­­циналық тексеру­ден (check-up) өт­кізу 70 мың теңгеден бас­­талады. Ақ­төбеде медициналық тек­серу­дің көле­міне қарай бірнеше пакет түрі жа­сақ­талады. Мысалы, қарапайым па­кет­терге жұмыс орнынан талап етіле­тін медициналық тексерулер енеді. То­лық па­кетке сәйкесінше барлық ағза­ны толық тек­серу кіреді. Алдын ала есеп бойынша, қара­пайым пакет 300 доллардың шамасында болады. Ал толық пакет 1000 доллар тұрады. Сақ­тан­дырылған азаматтар тера­певтің жол­дама­сымен орталықтан те­гін тексеруден өте алады. Мемлекеттік тап­сы­рыс бо­йын­ша күн сайын 20 адамды тегін қабыл­дау қарастырылып отыр. Оның 10-ы әйел, 10-ы ер адам болады. Сон­да жылы­на 4840 адамға тегін қызмет көрсетеміз.

– Cheсk-up қызметін кімдер пайдаланады?

– Кез келген адам біздің қызметі­мізге жүгіне алады. Соның ішінде үш топқа толық медициналық тексеру­ден өтуге кеңес берер едім. Алды­мен, ту­ған-туыстары арасында онколо­гия­лық, жүрек-қан тамырлары, т.б сыр­қаттарға шалдыққандар болса тек­серіліп тұрғандары абзал. Одан кейін, денсаулығына немқұрайлы қарайтындар (артық салмақ, дұрыс тамақтанбау, аз қимыл, теріс әдеттер) үшін қажет. Үшін­шіден, өз денсаулығын тексертіп, кез келген аурудың алдын алып отыратын адамдар. Яғни check-up «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» қағидасына құрыл­ған. Эко­номикалық тұрғыдан да халық­тың қар­жысын үнемдеуге қызмет етеді. Bookimed-тің дерегінше, елде 100 адамның 40-ы тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелген емханасынан қате диагноз алады екен. Ол диагноздарды шетелдерге барып қайта тексертуге мәжбүр.

– Қазір елімізде обыр дерті дендеп барады. Ақтөбе облысында рак­тың алдын алу жұмыстары қалай атқарылып жатыр?

– Ақтөбе медициналық орталығында диагностикалық кереуеттер бар. Осы кереуеттер қойылғалы 367 адам тексеруден өтті. Анықталған онкопатология көлемі 6 пайыз. Бұл check-up орта­лық­тарға сұраныстың жоғарылығын көр­сетеді. Кешенді тексерулер жалпы халық­қа қолжетімді болуы тиіс. Ай сайын мем­лекеттік тапсырыспен 100-120 адамды тек­серіп тұру жоспарда бар.

– Ақтөбедегі ғимарат халықара­лық стан­дартқа сай салынды. 4 қабат­тан тұра­ды. Жабдықтарды қай­дан әкел­мек­­­ші­сіздер? Кадр мәселесі қалай шешіледі?

– Бірінші қабатта тек зертханалық-диагностикалық бөлмелер орналасады. Екінші қабатында тексеруден өткен азаматтарды қабылдайтын кеңес беру бөлмелері болады. Үшінші қабаты әкімшілік. Ал жоғарғы қабатта қаламызға өзге өңір, елдерден келетін адамдар үшін қонақ бөлме, жатын бөлмелер жасақтаймыз. Check-up орталықта Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің профессор-оқытушылық құрамы зерттеу жұмыстарымен де айналысатын болады. Алғашқы екі жыл қабылдауды Кореяның үздік мамандары жүргізеді. Олар жергілікті мамандарды әзірлеумен де айналысады. Радиолог, гастроэнтеролог, кардиолог, гинеколог, офтоль­молог, тіс дәрігері, ЛОР-дәрігер, кеңес беру­ші дәрігерлерді Кореяның Сеул қала­сындағы Гангнам check-up орталы­ғына оқуға жібереміз. Құрал-жабдықтар да осы елден жеткізіледі.

 

Әңгімелескен

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»