Әсіресе, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы бұрынғы «Қолжетімді тұрғын үй», «Нұрлы жол», «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы тәрізді кең ауқымды, нәтижелі жұмыстарды жалғастырып, айрықша серпінмен жүзеге аса бастады. Соңғы жылдары Ақмола облысында құрылыс жұмыстарының барлық бағыты ауыз толтырып айтарлықтай толымды табыспен өрнектелуде. Мәселен, соңғы екі жыл ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 900 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, 8 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлады. Биыл 501 мың шаршы метр немесе 5 мың пәтерді пайдалануға беру межеленуде. Алғашқы 10 айдың ішінде 448 мың шаршы метр пәтер пайдалануға берілді. Ілкімді істің нәтижелі атқарылуының нәтижесінде облыстағы 3840 отбасы баспаналы болды.
2019 жылы тұрғын үй құрылысына 11,3 миллиард теңге қарастырылған болатын. Оның 7,5 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, облыстық бюджеттен 2,3 миллиард теңге бағытталған. Бұл орайда, «Бәйтерек девелопмент» акционерлік қоғамының 1,5 миллиард теңгеге мемлекеттік құнды қағаздарын шығарып, қаржы тартуы да айтарлықтай септігін тигізуде.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағыты бойынша 23 көппәтерлі үйлердің құрылысы қолға алынған. 14 көпқабатты 618 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл жерден көп балалы 148 отбасына пәтер беріледі. Жыл басынан бері 13 мың шаршы метр болатын 235 пәтерлік 5 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның үшеуі Көкшетау қаласында, 40 пәтерлік тұрғын үй Макинск қаласында, 75 пәтерлік тұрғын үй Державинск қаласында салынды.
Бүгінде мемлекет көп балалы отбасылардың баспана мәселесін шешуге үлкен мән беріп отыр. Ел ішіндегі осы санаттағы отбасылардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселесін оңынан шешіп, жаңа да жайлы баспанамен қамтамасыз ету әрдайым басты назарда. Осы орайда әлеуметтік жағынан аз қамтылған көп балалы отбасылардың баспана жайын жақсартуға 1,4 миллиард теңге қаражат бөлінген. Оған қоса көп балалы отбасылардың жалға берілетін тұрғын үйлерін салуға 1 179,6 миллион теңге бағытталған. Тағы бір айта кетерлік жайт, көп балалы отбасыларға жалға берілетін пәтерлерді сатып алуға 220,4 миллион теңге қарастырылған.
Салалық министрлікте жалға берілетін пәтерлерді салу бағытында үш жылдық жоспар бар. Осы жоспар шеңберінде 920 пәтерлік 19 жалға берілетін көпқабатты тұрғын үй салу межеленуде.
Биыл 117 әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасына баспана салу көзделсе, бұл ойдағы меже асыра орындалып, 184 көп балалы отбасы қоныс тойын тойлайды. Оған қоса 148 көп балалы отбасына жалға берілетін тұрғын үйлер салынады. Таратып айтар болсақ, Көкшетау қаласында осындай 20, Степногорск қаласында 30, Атбасар ауданында 32, Бұланды ауданында 42, Шортандыда 24 жалға берілетін пәтерлер салынады. Баспанамен қамтудың ауқымы да кеңейе түспек. Мәселен, 2020 жылы облыс орталығында ғана емес, Бұланды, Бурабай, Ерейментау аудандарында да тұрғын үйлер салу жоспарланып отыр. Сәл таратып айтар болсақ, жалпы көлемі 41 мың шаршы метрді құрайтын 640 пәтер салынады. Макинск қаласында 45 пәтерлік, Ерейментауда 45 пәтерлік үйлерді салу межеленуде.
Жекеменшік тұрғын үйлер салуға да барынша көңіл бөлінуде. Мәселен, ағымдағы жылы Шортанды ауданында 808 жер теліміне су құбыры тартылып, электр қуатымен қамтамасыз етілді. Дәл осындай жұмыс өткен жылы да қарқынды жүргізілген болатын. Айталық, Атбасар қаласында 69, Аршалы кентінде 200, Степногорск қаласында 85 жер телімдері инженерлік жүйемен жабдықталды.
Ақмола облысы