31 Шілде, 2013

«Мен ойлаймын... жұмыс жасаймын...»

654 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

казах тили

Әрбір халықтың кір шалмас ары, рухын тоздырмас ұжданы туған тілі­нен көрінеді. Кеңес дәуірінде қазақ тілінің тағдыр-талайы алаңдатты. Енді бүгін мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін күресіп жүрміз. «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзі жұрт көңілінен шыққан еді. Президент биылғы дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауында да қазақ тілінің келешегіне қатысты кемел пікірлер айтты. Туған тілге байланысты зиялы қауым өкілдері тарапынан мақалалар жазылып, күнделікті өміріміздегі қолданыс аясына байланыс­ты сын-пікірлер айтылып келеді.

Әдетте, өткір сындар көшедегі ілінген жарнамаларға, құлақтандыруларға, саудаға жіберілген заттардың сапалық белгісін білдіретін аудармаларға қатысты айтылады. Ресми жиындар мен үлкенді-кішілі мәжілістердің де басы қазақша басталып, негізгі мазмұны басқа тілмен аяқталуы көңілге кірбің туғызады. Тіл – ұлттың жаны, ең қымбаттысы болғандықтан, халықтың алаңдауы орынды. Мемлекеттік тілге деген құрметтің деңгейін әлгі жарнамалар, аудармалар бұлтартпай дәлелдеп тұрса, арнайы баспалардан шыққан дүниелерде де қателер өріп жүреді. Жылан жылы шыққан күнтізбеге қаралықшы. Екі тілде жарияланған күнтізбеде қазақ халқының данышпан ақыны Абайдың тегі қате жазылған. (2013 ж. ГНПФ зейнетақы қоры шығарған күнтізбе. Пр. Абая Кунандаева, 9-58, осылай жазылған).

Мұндай қателерді тізе бастасаң, оған жауап беретіндер техниканы кінәлайды. Солай болған екен дейік. Жазылған жарықшақ сөйлемдерді жайына қалды­рып, осы біз қалай сөйлеп жүрмізге ке­лейікші. Бірде үлкен ғылыми жиын өтетін болып, көпшілік конференцияға жиналды. Арамызда отырған тілші ғалым көптен көрмеген інісін ұшырастырып, шұрқыраса амандасты.

– Бауырым, қайда жүрсің, хал-жағдайың жақсы ма? – деген сауалына әлгі азамат:

– Осында оқытушы болып қызмет жасап жатырмын, – деді.

– Қызмет қайырлы болсын. Бірақ «жасауың мен жатқаның» қиын екен деген аға әріптесінің әзіліне сол арада тұрғандар күлді. Әйтсе де, әлгі азаматқа айтылған сөз бен жұрттың күлкісі әсер етпеді. Мұндай сәттер күнделікті өмірде көп кездеседі. «Жұмыс жасаймын» деген бүгінде үйреншікті сөзге айналған. Теледидардағы депутаттар мен журналистердің сұхбаттарындағы «жаңағы» сөзінің қайта-қайта қайта­лануына жұрт күлетін болды. Қазақ тілінде хабар тарататын арналардағы тележурналистердің сөйлемдеріндегі ақауларға ешкім назар аудармайтын секілді. Әсіресе, тележурналистер тарапынан қылмыс жасағандарға қатысты «Қылмыскерді ұстап, түрмеге тоғытты» дейтін сөйлем үздіксіз ұшырасады. Бұл сөздің қолданысын бір отар қойды қырқар алдында суға тоғытқанда, одан кейін жабағы немесе күзем жүні қырқылысымен арнайы дәріленген суға тоғытқанда естуші едік. Тағы да тележурналист «оқыс оқиғаға байланыс­ты маманданған комиссия құрылды» дейді. Дұрысы «мамандандырылған комиссия» болуы керек. Радио, теледидардан ауа райына байланысты «Ертең Солтүстік және Батыс Қазақстан аймақтарында 30-35 градус аяз күтілуде» дегенді естисің. Ауарайының бораны, қары, дауылы, жаңбырына да осы сөз қолданыла береді. БАҚ тілшілерінің сауалдарына жауап беретін жауапты қызмет атқаратын тұлғалар: «Мен ойлаймын...». «Мен ойлағанмын...», «Біз оны жасаймыз» дегенді қолдануды әдет­ке айналдырған. Осы сөздердің орыс тілінен еніп жатқанын біле ме екен, сол шіркіндер?! Теледидардағы қорытынды жаңалықтарда шетелден әкелінген асыл тұқымды сиырлар көрсетіліп, соңынан Ауыл шаруашылығы министрінің сұхба­ты берілді. Тілшінің шетелден әкелінген ірі қара санын көбейту, жыл сайынғы алынатын төлдері туралы сұрағына министр оны да ойластырғанын айта келіп, «Біз өгіздер сатып алғанбыз» деп жауап берді. Мүмкін бұқалар сатылып алынған шығар. Кезінде айтыскер ақын Қ.Әбілов «Бешбармақ» деген атауға қарсы болып, көп күресті. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегеннің кері келіп, біздің теле­арнада аспазшылар мен өнер адам­дары бірлескен «Бешбармақ» атты хабар пайда болды. Эфирден айғай­ла­та жазылған «Бешбармақ» сөзі шыға келіп, қазақтың ханнан бастап, қара­ға дейінгі тартылатын қасиетті асы «беш­бар­мақ» болып баттитылады.

Күнделікті БАҚ құралдарында көрсетілетін мәдени бағдарламалар, эфирді жаулаған «жұлдыздар» айтқан әндеріндегі мәтінді бұрмалау, әні мен сөзін бірдей шығаратын атаққұмарлар сөз өнерінің сиқын кетіріп, шеңберін тарылтып барады. Бүгін гі жастардың кітап оқымайтыны, классикалық дүниелердің атауларын ғана білетіні бізге мәлім. Шығармашылық ойлау қалыс қалып, ғаламтордың тасқынына иек сүйеу белең алды. Адамның ақыл-ойының толысуына ғаламтордың да пайдасы бар, алайда туған тілдің қадір-қасиеті халық тудырған асыл сөзде емес пе! Тіл құдіреті сөзден, адам бейнесі сөйлесуден танылады. Осыны ұмытпайық, ағайын!

Айқын НЕСІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»,

Берік РАХЫМОВ,

ғалым.

ҚАРАҒАНДЫ.