31 Шілде, 2013

Мезгіл мен мезет

410 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қолына қаламын ұстап, жанына қиялын серік еткен журналист ағайын айналасына ұдайы сергек қарайды. Сондықтан да, өмірде кездесіп тұратын алуан түрлі көріністерге қатысты: «Неге олай? Неге бұлай?» деген сұрақтарды өзіне де, өзгеге де жиі қойып тұрады. Сондай сәттерде пайда болған сауалдардың бірқатарын бүгін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

журналистикаҚолына қаламын ұстап, жанына қиялын серік еткен журналист ағайын айналасына ұдайы сергек қарайды. Сондықтан да, өмірде кездесіп тұратын алуан түрлі көріністерге қатысты: «Неге олай? Неге бұлай?» деген сұрақтарды өзіне де, өзгеге де жиі қойып тұрады. Сондай сәттерде пайда болған сауалдардың бірқатарын бүгін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Диссертация дүдәмалы

Есімі қалың оқырманға кештеу танымал болған орыстың ұлы жазушысы Михаил Булгаковтың шоқтығы биік шығармаларының бірі – «Шебер мен Маргарита» романы бүгінде алуан түрлі бояу-тәсілмен безендіріліп, баспадан қайта шығарылып та, оның желісі бойынша талай сценарийлер жазылып, фильмдер түсіріліп те жатыр. Сөз әлемінің құпия сырына қаныққысы келген ғалымдар осы шығарманың негізінде қаншама ғылыми диссертациялар да қорғап үлгерді десеңізші.

Ғылымның шалқар айдынында еркін жүзуге емеурін білдіруші оқымысты жұрттың зерттеулері арасында можантопай тақырыптардың болып тұратынын біз кеңес кезеңінде республиканың сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаевтың жетпісінші жылдардың екінші жартысында өткен партия пленумында жасаған баяндамасынан бірінші рет біліп едік. Сол заманда бір әпенді «Топырақтың шынжыр табанды трактордың бір жүріп өткенінен кейін құнарлануы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғапты. Дәл сол шамада естідік, Өзбекстанда тағы біреу «Пахта териш таги чап қулнинг хизмати» деген тақырыптың арқасында мүдуар, яғни кандидат атағын алыпты. Бұл шіркіндердің бірі осылайша трактор бір жүріп өткеннен кейін жердің қыртысы қалай құнарлана қалатынын, екіншісі мақта терімде сол қолдың қаншалықты маңызды қызмет атқаратынын дәлелдемек болған!

Ал осы таяуда Ресей баспасөзінің бетінен мынадай бір «тамаша» тақырыпта ғылыми атақ қорғалғанын оқып, таңғалғаннан жағамызды ұстадық. Ол «Бұзаубастың үй іргелік жердің құнарын арттырудағы рөлі және көкөніс-бақша дақылдарының өсуіне келтіретін залалы», деп аталады. Енді бұзаубастың пайдасынан зияны көп жәндік екені рас. Оның одан да басқа зарарлары болуы әбден кәдік. Бірақ әрбір бұзаубас пен атжалманның, кесіртке мен ешкіемердің айналаға келтіретін кесапатын тізіп алып, оны дәлелдеп шыққаннан ғылымның көсегесі көгере қояр ма екен?!

Пржевальский жылқысы

Қайсыбір күні «Қазақстан» телеарнасынан Пржевальский жылқысына арналған хабар көрдік. Баяны басқаша болса, оншама көңіл бөлмес пе едік, сөз арасында жүргізуші жігіт осы тіркесті сан қайталап айта бергесін, амалсыз ойланып қалдық. Шындығында әңгіме тақырыбы болып отырған жылқы есте жоқ ескі кездерден тек Орталық Азия аумағында ғана тіршілік етіп келген екен. Сол бағзы заманнан бар байырғы жануарды XIX ғасырдың үшінші ширегінде осы өңірді зерттеуге келген орыстың белгілі саяхатшысы Николай Пржевальский көре қалады да жұртқа жеткізеді. Тек сол еңбегі үшін ғана оған зерттеушінің есімі таңыла салады. Бұл қалай?

Егер аталмыш жиһанкез әлгі жануарды өзі қолдан будан етіп шығарған болса, гәп жоқ, соның аты берілуіне ешкім де қарсы келе алмас еді. Бірақ шын мәнінде саяхатшы оның тек кескінін ғана суреттеп берген ғой. Тіпті, сол жылқының терісі мен сүйегін Петербургке жеткізіп, ғалымдарға таныстырған да саяхатшының өзі емес, оның соңынан Орталық Азияға кейіндеу келген зоолог досы Иван Поляков көрінеді.

Аталмыш жылқыны Николай Пржевальский 1878 жылы Моңғолия жеріне екінші мәрте саяхат жасаған кезінде бірінші рет кездестірген. Бір жолы ол шөл далада дүркірей шауып бара жатқан жылқыға ұқсас жануарлар үйіріне қарсы ұшырасады. Бұған дейін Орталық Азия аумағынан құлан, қодас секілді жартылай есек тектес тағылар тобын көп кезіктіріп келген жиһанкез алыстан көз салғанның өзінде, бастары үлкен, тікірейген жалдары қысқа, құйрықтары ұзын шоғырдың шоқтығы бөлек екенін байқайды. Артынан моңғолдар мен қырғыздардың аталмыш хайуанды бұрыннан жақсы білетіндерін, оны екі жұрттың да «кертағы» деп атайтындарын анықтап алады. Осы тұста қазақтардың оған «керқұлан» деген ат бе ргені де қазір белгілі болып жатыр. Ал Петербургтегі оқымыстылар 1881 жылы бұл жануарды жеке тіршілік иесі деп танып, оған ғылым тілінде «Equus Przewalskii» деген ат қояды.

Атақты зерттеушінің қырғыз жеріне бірінші рет қадам басқан кезімен сәйкес келген 1869 жылы Ресей патшалығы Ыстықкөлдің маңайындағы Шу алқабында, Қашғарияға баратын керуен жолдың бойында Қарақол атты әкімшілік-әскери қалашық салуды бастайды. Елді мекен тағы бірқатар уақыттан кейін Пржевальский есімін иеленеді. Ол 1922 жылы қайтадан бұрынғы Қарақол нұсқасына ауысқанымен, 1939 жылы жиһанкездің туғанына 100 жыл толуына байланысты кейінгі қалпына келеді. Осы өзгеріс 1992 жылға дейін сақталды. Қырғыз елі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен соң алғашқылар қатарында бұл шаһардың да тарихи аты қалпына келтірілді.

Енді түпкі түбіріне қазық байлай алмай тұрған бір ғана атау әлгіндегі жылқыға қатысты болып отыр. Біздіңше, оған өзіне ерте кездері ата-бабаларымыз таңып кеткен кертағы немесе керқұлан атауларының бірін қайтарып беретін уақыт жеткен сияқты.

Паскаль пайымдары

Қазіргі мектептерде «Өзін өзі тану» деген сабақ бар. Бірақ бұл осы пәнді толық меңгерген түлектердің бәрі өздерін өздері толық танып шығады деген сөз емес. Өйткені, адамның адам болғалы бері шеше алмай келе жатқан проблемасының бірі осы.

Бұған дейін де сан ғасырлар бойы небір данышпандар қаншама рет жаһан жүзіндегі жалғыз ақыл-ой иесінің өмірдегі орны туралы орман ойлардың түпсіз тереңіне шомылып, бастарынан сан талай бу ұшырған. Олардың қатарында бүкіл саналы ғұмырын осы мақсатқа бағыштап, шаштарын аққа малдырған алыптар да аз емес-тін. Солардың бірі – француздың XVII ғасырда өмір сүрген ғұлама ғалымы Блез Паскаль тіпті өмірінің екінші кезеңінде бұған дейін шұғылданып келген математика, физика, механика, әдебиет және философия ілімдерінің бәрін жиып қойып, барлық тіршілігін бірөңкей жаратылыс күшінің кісі кірмесін жалпақ жалғанға жібергендегі түпкі мақсатының неде екенін зерттеуге арнаған.

Ойшыл оқымысты еңбегінің ернеуін: «Мен кіммін? Мені бұл дүниеге жіберген кім? Менің жаным мен тәнім неден тұрады? Рухым не істейді? Өзім қайда жүрмін? Өлгеннен кейін қайда және қалай боламын? Мәңгіге тозаңға айналып жоқ болып кетемін бе, әлде басқа қалыпқа көшемін бе?» – деген қаптаған сауалдарға жауап іздеуден бастайды. Алайда, ізденіс ұзаған сайын мұндай сұрақтардың сорабы созыла түседі. Бұрын Жер күллі әлемнің кіндігі, ал адам Жердің тұтқасы саналып келген еді. Ал Кеңістіктің шексіз екені ашылған соң Жердің сол түпсіз дүниенің титтей ғана бөлшегі екені мәлім болады. Сонда адам баласының Кеңістіктің алдында тозаң құрлы да тұрқы жоқтығы өз-өзінен айқындалып шығады.

Француз ғалымының екінші пайымы адамның тікелей өзінен өріледі. Мұнда ол бір басында қашанда жақсылық пен жамандық ұштасып жүретін, қарама-қайшылығы көп жұмыр басты пенденің туа табиғатын тануға талпынған. Соңында: «Адамның ұлылығы – оның трагизмінде», – деген тұжырымға тоқтаған. Адам баласы өзін түбінде бір өлімнің күтіп тұрғанын жақсы біледі. Бұл көп жағдайда оның сезімінің ақыл-ойды жеңіп кетуіне апарып соқтырады. Сондықтан гомо сапиенстің күшті жағы әлсіздік болып кететін кездері де аз емес: кейде күш-қайрат әлжуаздыққа айналады, жақсылық жамандық болып қайтады, ақыл сезімнің жетегіне ереді. Философ бұған адамды қоршаған әлемнің әсері көп деген уәж айтады. Себебі, кез келген жағдайда ақиқат салыстырмалы түрде ғана алға қойылады. Абсолютті ақиқат болмайды. Ендеше, адамгершілік моралі қағидаттарының өзі де салыстырмалы нәрсе. Бұл дүниедегі әділдік, зұлымдық, шындық, бақыт, бақытсыздық, тәртіптілік дегендердің бәрі де салыстырмалы түрде ғана айқындалмақ. Адам табиғаты ойлануға, мінез-құлқы қимылға, ал шындығы ил­лю­зияға бейім. Ғалым осылардың бәрін талдай келіп, адам табиғатының тұнба тылсымын толық шеше алмағанын мойындайды.

Ал адам өзіне өзі жұмбақ болудан қал­ған күні тіршіліктің де мәні жоғалатын шығар.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».