Президент • 09 Қаңтар, 2020

«Egemen Qazaqstan» газетінде Президенттің Абай туралы мақаласы жарық көрді

1504 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі №5 санында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді мақаласы жарық көрді.

«Egemen Qazaqstan» газетінде Президенттің Абай туралы мақаласы жарық көрді

Мақалада ел Президенті халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кеткенін, мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда екенін атап өтті.

Сондай-ақ бұл шаралардың «той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» екенін алға тартты.

«Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды» делінген Президент мақаласында.

Мақалада автор Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, ақын шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуға тиіс екендігі жөнінде жұртшылықпен ой бөліседі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр халық арасында тараған Абайдың 175 жылдығына арналған эстафетаны еске алып, бұл жақсы дәстүрдің биыл да жаңаша жанданатынына сенім білдірді. 

«Өткен жылы Абайдың шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өтті. Ләйлім атты оқушы қыз ұсынған бұл елдік шараға мен де қатысып, қолдау көрсеттім. Мектеп оқушыларынан ел азаматтарына, тіпті әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытып, лезде іліп әкеткен бұл бастама бірнеше айға ұласты. Соның арқасында бүкіл Қазақстан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты. Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Абай жырларын оқу челленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында жаңаша жанданады деп сенемін», деді Мемлекет басшысы.