Қоғам • 09 Қаңтар, 2020

Зейнетақы экспорты – тиісті келісім ЕАЭО аясындағы мигранттар құқығын теңестіре ме?

309 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткен жылдың соңында Еура­зиялық экономикалық одақ елдері зейнетақымен қам­сыздандыру туралы келісімге қол қойды. Ол күшіне енгеннен кейін одақ аумағында жұмыс іс­тейтін жұмысшылар өз ота­нында жұмыс істеген кезеңдер үшін ғана емес, сонымен қатар ЕАЭО-ның басқа елдерінде жұмыс істеген кезеңдер үшін де зейнетақы алатын болады. Әр мемлекет өз заңдары бойынша зейнетақы төлейді.

Зейнетақы экспорты – тиісті келісім ЕАЭО аясындағы мигранттар құқығын теңестіре ме?

Еуразиялық экономикалық комиссия еңбек мигранттарының зейнетақы құқықтары әлі күнге дейін одақ елде­рінің зейнетақы жүйесіндегі айыр­машылықтарға байланысты барлық елде қалыптаспағанын еске салды. Комиссия бұған дейін одаққа мү­ше мемлекеттердің еңбеккерлерін зей­нетақымен қамсыздандыру туралы шарт жобасын мақұлдаған болатын. Сонымен қатар зейнетақы алу құ­қығын анықтау кезінде ЕАЭО-ға мү­ше мемлекеттердің аумағында шарт күшіне енгенге дейінгі және одан кейінгі еңбек өтілі есепке алынады.

Сарапшылар бұл келісімнің ЕАЭО-ға мүше елдердің азаматта­рын әлеуметтік қорғау деңгейін арт­тыруға көмектеседі деген пікірде. Мү­ше мемлекеттердің аумағында жүз­деген мың еңбек мигранты заңды не­гізде жұмыс істейді. Мысалы, Ре­сей­де Қазақстанның 35 мыңнан ас­там азаматы еңбек етіп жүр. Іш­кі істер министрлігі Көші-қон коми­тетінің дерегі бойынша, 2019 жыл­ғы 1 қаңтарда елімізге жұ­мысқа ор­наласуға келген ЕАЭО-ға мүше мем­лекеттердің 34 619 азаматы, оның ішін­де Арменияның – 3 121, Бела­русь­тің – 1 189, Қырғызстанның – 5 493, Ресейдің 24 816 азаматы тіркел­ген.

Келісім зейнетақы жүйесі кез келген жағдайда ешқандай өзгеріске ұшы­рамайды деген талаппен әзір­ленген. Дегенмен, сарапшылар оны кезең-кезеңмен жүзеге асыру мүм­кіндігін жоққа шығармайды. Әр ел­дің зейнетақы жүйесінің өзіндік ерекшелігі бар болғандықтан, ЕАЭО комиссиясы бұл тақырыпқа әлі қайта оралары анық.

Соңғы онжылдықта миграция ин­­теграциялық сипатқа ие бола бастағаны байқалады. Осыған дейін тек Ресейге бағытталып келген қазақ миграциясы қазір әртараптана бас­тады. Аталған келісімді ЕАЭО кө­ле­мінде реттей алсақ, күні ертең халықаралық деңгейде заңдастыру жеңіл болатын көрінеді. Әзірге сия­сы кеппеген келісім басқа елдерде жұ­мыс істейтін біздің азаматтарға өз­дерінің зейнетақы құқықтарын қалып­тастыруға, сақтауға және одан әрі іске асыруға құқық береді деген үміт бар.

«Зейнетақы экспорты барлық елдердің мигранттарының құ­қын­ те­ңес­тіреді. Қазір зей­неткер-ми­грант­тарды қабылдап алған ел оны аш қалдырмайды, ең төменгі мөл­шердегі зейнетақы береді. Егер зей­нет­ақы экспорты жүзеге ас­са, реципиент мемлекет азаматына тиесілі зей­нетақының белгілі бір мөлшерін төлеуді өз міндетіне ала­ды. Бұл – әділ жүйе», делінген ЕАЭО үкіметаралық комиссиясының құжатында.

 Ресейге ыңғайлы құжат

Жақында Ресей Федерациясы 2020-2021 жылдары жаңа келісім бойынша зейнетақы қорынан 166 мил­лион рубль төленетіні, оның 97 миллионы одақтың өзге еліне көшіп кеткен Ресей азаматтарына төленуі тиіс екені, төлемдер мигранттардың еңбек өтіліне қарай өсірілетіні белгілі болды. Сарапшылар бұл келісімге Ресейдің үлкен дайындықпен келгенін айтып отыр. Былтыр 20 желтоқсан күні қол қойылған келісімде «Азамат экономикалық жағынан белсенді бо­лып тұрған кезде мемлекеттің қа­лыптасуына еңбек етті. Енді оның зейнет жасындағы алаңсыз өміріне сол мем­лекет септігін тигізуге тиіс» деген бап енгізілсін деген ұсыныс бұрын жиі айтылған-ды. Бұл ұсынысты талқылау келесі басқосудың тақырыбы ретінде ресми түрде бекітілді.

Осыған дейін ЕАЭО елдерінде Қазақстан мен Ресей миграциялық процестердің тартылыс нүктесіне ай­налып келген болатын. Ресейдегі сан­кция қыспағы да бұл процесті тоқ­тата алмады. Себебі бұл елге бағыт­талған миграцияға «Ресей өмір сү­руге қолайлы мемлекет», деген пікір қа­лыптасқан. 2019 жылдың 9 айының көр­сеткіші бойынша Ресейдің жарты мил­лионға жуық азаматы сырт елдерге көшіп кетса, 1 млн адам жұмыс іздеп келіпті.

Өзге елдерде де өзекті

Қазір мигрант-зейнеткерлердің проб­лемасы тек ЕАЭО емес, басқа да көптеген елдерде өзекті. Мәселен, Еуропаның халқы жыл санап «қар­тайып» барады. Бұл үдеріс ХХ ға­сыр­дың аяғынан басталған-ды, ал­дағы онжылдықтарда бұл жылдамдай түсетін түрі бар. Еуропаның ста­тис­ти­калық ведомствосының де­рек­теріне қарағанда, әзірге ха­лық­тың орташа жасы 40-тан аса қойған жоқ. 2050 жылға қарай Еуро­одақ азаматтарының орташа жасы он жылға ұлғайып, 49 жас­ты алқым­дайды. Өмір сүру ұзақтығы артуы­на орай 65 жастан асқан адамдар саны екі есеге өсті. Қазір еңбекке қа­білетті 100 еуропалыққа 25 зейнеткер­ден келеді. 30 жылдан кейін бұл көр­сеткіш әлдеқайда жоғарылайды. Эко­номикалық белсенділік бағдары өзгер­меген жағдайда 2050 жылға қарай әр 100 адамның 75 зейнеткерді асырауына тура келеді.

Сарапшы Ерлан Ибрагим біз­ге берген сұхбатында бұл жоба бұ­рынғы ТМД елдерінде көптен бері талқыланып келе жатқанын айтты. 1992 жылдың басында Украинаның Ресеймен шекаралас аймақтарда тұ­ратын азаматтарына қосымша жәр­демақы төлеу туралы талабы Ресей тарапынан қолдау таппады. Тек Балтық жағалауында тұратын бұрынғы соғыс ардагерлеріне зейнетақы төлеу ту­ра­лы ұсыныс заңдастырылды. Қа­зір Ресей соғыс арда­герлеріне арналған базалық зейнетақы қоры есебінен әр зейнеткерге 25-28 мың рубль төлеп тұрады. Бұл үшін зейнетақы қорынан жыл сайын 500 млн АҚШ доллары тұрақты түрде бөлінеді.

 «Миграциялық саясат интеграциялана бастады. Алдағы уақытта бұл процесс ғаламдық си­патқа ие болып, донор немесе реципиент елдер деген түсінікті ми­грациялық саясатқа қатысты айтамыз. Әзірге Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстанда да донор ел­дер қатарында. Реципиент елдер санатында Еуроодақ, АҚШ, Канада бар. Ал ЕАЭО-да бұл міндетті Қазақстан мен Ресей атқарып отыр», дейді Е.Ибрагим.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали зей­­нетақы міндеттемелерін өзара есеп­ке алу жүйесін енгізу бірқатар әлеуметтік және экономикалық жеңілдіктерге жол ашатынын айтады.

 «Біріншіден, бұл заңсыз көші-қон проблемасын ішінара шешіп, соған байланысты туындаған әлеуметтік шиеленісті болдырмайды. Екіншіден, бұл реципиент елдерді білікті кадр­лар үшін тартымды етеді, яғни бұл елдердің билігі өздеріне жүктеген міндеттердің бәрін орындайды. Эко­­номикалық тұрғыдан алғанда, кө­ші-қонды заңдастыру зейнетақы қор­ларының салымын көбейтеді. Мұндай жүйені енгізудің тағы бір маңызды артықшылығы, ЕАЭО-ның ТМД-дағы интеграциялық өзек ретіндегі рөлін күшейтеді», дейді ол.

Ә.Ғалидың пайымдауынша, ЕАЭО зейнетақы келісіміне қол қою бүкіл әлемде болып жатқан интеграциялық процестердің бір бөлігі. Мұны Қазақ­станда жүзеге асырудың құжат­та­малық қиындығы жоқ. Одақтың өзге мүше мемлекеттерінен келген ми­­гранттармен БЖЗҚ арқылы ке­лісімшартқа отырса болды. Ол үшін тек зейнетақы келісімі ғана емес, осыған байланысты қолданыста жүр­ген заңдарды да бір жүйеге түсіру керек. Басқаша айтқанда, ЕАЭО зейнетақы заңдарын унификациялау қажет. Сол кезде мигранттың айлық табысының қанша пайызын қорға ауда­ру мәселесін заң шеңберінде шешуге болады.

 

АЛМАТЫ