Руханият • 09 Қаңтар, 2020

Неке қиюдың да өз тәртібі бар

637 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) көп тармақты құрылым екенін біреуі білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. Имандылық қағидаттары мен дәстүрлі Ислам дінінің түпқазығы шайқалмауына үндейтін еліміздің бас басқармасында діни лауазымдардың тізілімі әрі олардың әр- қайсысының нақты атқаратын міндеттері тайға таңба басқандай көрсетілген екен. Мұндағы қабылданған тағы бір қабырғалы құжаттың бірі – дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі деп аталыпты.

Неке қиюдың да өз тәртібі бар

Қазіргі кезде осы тізілімде көрсе­тіл­ген рәсімдерге қатысты ел-жұрт ара­сында әрқилы ой-пікірлер өрістеп жүр. Сондықтан да кейінгі кезде ҚМДБ тарапынан бұл тұрғыда ай­тылған бірқатар ойлы ұсыныс-тілек­тер ескеріліп, соның нәтижесінде кей­бір діни құжаттарға бірқатар өз­геріс­тер енгізілген. Айталық алдағы уа­қытта осы өзгерістерге сәйкес кеше­гі күні арақты суша сіміріп, кейін са­қал қойып, аяқ астынан молда бола қал­­ғандарға әрі көптің бірі қатарында жүр­­ген қарапайым молдаларға неке қиюға рұқсат етілмейді.

Неке қию – тек діни рәсім ғана емес, сонымен бірге халқымыздың ежелгі өмір сүру салтына тән жоралғы екені мәлім. Бүгінгі отбасын құрған жастар мен өзге жастағы ерлі-зайыптылар арасында заңды некеге қоса, дәстүрлі Ислам дінінің табиғатына сәйкес не­келерін мешіттерде қидыратындар да аз кездеспейді. Мұның жұп болуға қа­дам жасағандардың өздерінің ар-ожданы алдындағы жасаған ше­шім­дері деуге әбден болады. Әрі мұндай неке бұзылмай берік болып келгені де кешегі күннің шындығы. Алайда, кейінгі кезде мешітте некесі қиылғандардың арасында түрлі отба­сылық кикілжіңдер мен ажырасу көріністері тіркеліп отырғаны ойлан­дырмай қоймайды. Мұның басты себебі неде? Бұған кім кінәлі? Газет тілшісінің өтінішіне орай аталған сауалдың түп төркіні жөнінде Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан өз жауабын төмендегіше тұжырымдады.

– Басқармада қабылданған құжат­тарға сәйкес діни рәсімдер шеңберінде неке қиюдың өз тәртіптері мен ере­же­лері бар. Ел-жұрт ішіндегі бір­қатар қарапайым молдалар осы тәр­тіптердің сақталуына мән бере бер­мейді. Тіп­ті олардың арасында басқармада бекі­тілген мұндай не­гіз­дер бар екенінен хабарсыздар да кездеседі. Соның салдары некесі ме­шітте қиылғандардың арасында түсінбеушіліктердің пайда болуына әкеліп соқтырады. Осындай келең­сіздіктердің алдын алу үшін келешекте қатардағы молдаларға неке қию қызметімен айналысуға тыйым салынады. Әрі құжаттарда қарастырылған өзге­рістерге сәйкес бұдан былай атал­ған рәсімді тек мешіт имамдары ғана атқар­мақ.

Дін қызметкерлері жүргізетін ді­ни рәсімдер туралы айтқанда ұмыт қал­дыруға болмайтын тағы бір жайт бар. Бұл үлкенді-кішілі ас беру жиын­дары кезінде кейбір төр­де отырған молдалардың басы да аяғы да жоқ, мәні мен мазмұны бұл­дыр, көпшілікке тигізетін тәлімі мен тағылымы төмен ұзын­шұбақ уа­ғыз айтуға кірісіп кете­тіндігі. Бұл уағыз­дар етек жеңі жи­нақы, көкейге қонымды болса бір жөн. Мүлдем бұлай емес екендігі Ал­лаға да, әмбеге де аян болса керек. Ұзақ­қа созылып кететін уағыздар дұға дас­тарқанында отыр­ғандарды әбден мезі қы­­лып, жа­лықтырып жіберетініне де куә бола аламыз. Содан соң әр жерде, әр мүйісте күбір-күбір сөз, жыбыр-жыбыр қозғалыс басталып кетіп жүр. Уа­ғыз да Құран сөзінің бір тармағы десек, оның қадыр-қасиетін бұлайша ке­тіруге бола ма екен?

Құдайға шүкір, дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі сынды құжатта көрсетілген өзгерістерге сәйкес алдағы уақытта дүмше дерлік­тей молдаларға оңды-солды, ақты-көк­ті сылдыр судай уағыз айтуға да тыйым салыныпты. Яғни, алдағы кезде олар уағызды тек бас имамның рұқсатымен ғана айта алады. Діни рәсімдердің жоғарыда айтылғандай жаңа тәртіптерін барша жамағат қолдап, қуаттап отырған сыңайлы. Реті мен жөні де осы екеніне ешкім талас туғыза алмаса керек.

 

АҚТӨБЕ