Экономика • 09 Қаңтар, 2020

Ақмолада 13 инвестициялық жоба іске қосылады

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл облыста бір мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жағымды жаңалыққа инвестициялық жобалардың іске қосылуы себепші болып отыр. Жобалардың дені экспортқа бағытталған.

Ақмолада 13 инвестициялық жоба іске қосылады

Өңірде ауыл шаруашылығы техникаларына қызмет көрсетуді дамытып, балық шаруашылығын жетілдіру, темір-бетон қондырғыларын шығару тәрізді ауқымды жұмыстар қолға алынбақ.

– 2020 жылы жалпы көлемі 65 миллиард теңгені құрайтын 13 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Оның нәтижесінде 943 жұмыс орны ашылады. Олардың ішіндегі ең ауқымдыларына тоқталсақ, бұл Көкшетауда ауыл шаруашылығы техникаларына қызмет көрсету орталығы - «Еуразия групптың» ашылуы. Инвестиция көлемі 2,5 миллиард теңгені құрайды. Екінші жоба темірбетон қондырғыларын шығару, ал үшіншісі бекіре уылдырығының өндірісі, – дейді облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім жетекшісі Диана Есімова.

Жаңа инвестициялық жобалардың іске қосылуы өнімдерді сату нарығын қалыптастырып, экспорттық географияны кеңейтуге жола ашады. Бүгінде Ақмола облысынан Ресейге – 126,2 миллион, Өзбекстанға – 73,1 миллион, Тәджікстанға – 29, 1 миллион, Ауғанстанға - 24, 9 миллион, Иранға – 24, 1 миллион, Қытайға – 19, 8 миллион АҚШ доллары көлемінде өнім экспортталды.

– Ақмола облысының сыртқы сауда айналымы 2019 жылы 771,4 миллион долларды құрады, оның 346 миллион доллары экспорт. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 11 процентке жоғары, – дейді облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы Дамир Жанұзақов.  

Кәсіпкерлікті қолдау бағытында биыл жалпы Индустрияландыру картасына құны 500 миллиард теңгені құрайтын 107 жоба  еніп отыр. Бүгінде 88 өндіріс ошағы іске қосылды. Индустрияландыру картасы толық жүзеге асырылса, 12 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

 

Ақмола облысы