Аймақтар • 09 Қаңтар, 2020

Ақмола облысында ауыл клубтары көбейіп келеді

694 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Салаға қаржы құюдың ұлғаюының арқасында облыстық бюджет есебінен 2019 жылы 12 аудандық мәдениет объектісі жөнделді, оның ішінде 1 мекемеге күрделі жөндеу жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы республикалық бюджеттен Зеренді кенті мен Астрахан ауданындағы 2 ауылдық мәдениет нысанын жөндеуге қаражат бөлінді.

Ақмола облысында ауыл клубтары көбейіп келеді

Бұдан басқа, бюджеттен тыс қаражат есебінен «Ауыл клубына – біздің қамқорлығымыз» инфрақұрылымдық жобасын іске асыру шеңберінде клуб объектілеріне бизнес-құрылымдар тарапынан 62 миллион теңгеге қолдау көрсетілді. Мәселен, биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Сандықтау ауданындағы Бастрымовка ауылдық клубының ғимаратын күрделі жөндеуге «Сандықтау» ЖШС-нің директоры, меценат Жамул Мұсханов 21 миллион теңге бөліп, ауыл тұрғындарын қуантты.

Сонымен қатар «Қадам НС» ЖШС-нің директоры Ыдырыс Қожабаев өз қаражаты есебінен Целиноград ауданындағы Жаңажол ауылдық клубына жөндеу жүргізді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме, орайы келгенде жомарт жандардың игі істерін атап көрсеткен айып болмас деп ойлаймыз. Мәселен, «Шалқар» ЖШС-нің директоры Дулат Қамзебаевтың бастауымен былтыр Жастар жылына орай Целиноград ауданының Шалқар ауылында жастарға арналған Бос уақыт орталығы ашылды. Сонымен қатар осы ауданның Қараменді батыр ауылында «Арыстан» шаруа қожалығының директоры Қанат Темірбаев қараусыз қалған мәдениет үйінің ғимаратына қайта жөндеу жасады. Сөйтіп, соңғы 5 жыл ішінде 63 мәдениет нысаны жетіспесе, қазір бұл көрсеткіш 43-ке дейін төмендеді.

 

Ақмола облысы