Руханият • 09 Қаңтар, 2020

«Атамұра» корпорациясы Ұлттық кітапханаға 1000 кітап сыйға тартты

1124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы залында тағы да бір кітап көрмесі салтанат құрды. Қалың көпшіліктің назарын аударған ерекше безендірілген әрі түрлі мазмұндағы 1000 кітапты 2020 – Еріктілер жылына орай «Атамұра» корпорациясы руханиятымыздың қара шаңырағына сыйға тартты.

«Атамұра» корпорациясы Ұлттық кітапханаға 1000 кітап сыйға тартты

Қаламгерлер, баспа өкілдері мен кітапхана ұжымы қатысқан жиынды ашып берген Ұлттық кітапхана директоры аса бағалы әрі құнды кітаптарды табыс етіп отырған «Атамұра» баспасының басшылығына алғысын білдіре келе, алдағы әріптестікті нығайту мәселесіне тоқталды.  

Алқалы жиынды жүргізудің тізгінін алған «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» атқарушы директоры, ақын Серік Қалиев игі шараның мақсатына тоқталып, жылдың басын жаңа  бастама, өнегелі іспен бастап,  Ұлттық кітапхана қорына  арнайы сый-сияпат әкеліп отырған «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммедке сөз кезегін ұсынды. Баспа тарихынан аз-кем мәлімет беріп өткен Рақымғали Абрарұлы өз сөзін ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында басталған өндірістің бүгінгі биігі, жеткен жетістіктері тұрғысындағы мәліметтермен байланыстырды. Бүгінде «Атамұра» өнімдері оқулықтармен қатар энциклопедиялық және балаларға арналған басылымдар, анықтамалық, ғылыми және ғылыми-танымдық әдебиеттер, сөздіктер, көркем проза мен поэзия, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің еңбектері, сондай-ақ полиграфиялық өнімнің барлық түрлерімен толыққан.

«Атамұра» корпорациясы «Атырау», «Қарағанды», «Маңғыстау», «Ақмола», «Астана» сынды аймақтық энциклопедиялармен бірге белгілі қазақ ғалымдарының, және қоғам қайраткерлерінің еңбектерін сапалы шығаруы отандық кітап мәдениетінің ірі жетістігіне айналды. Еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қазақ және орыс тілдеріндегі «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Бейбітшілік кіндігі», «Еуразия жүрегінде» атты кітаптары, «Атамұра» кітапханасы» сериясымен 150-дан астам ақын-жазушылардың туындылары, сонымен қатар балалар әдебиетін қолдау, насихаттау мақсатында «Атамұра» мектеп кітапханасы» сериясымен бүлдіршіндерге арналған қазақ және орыс тілдеріндегі көркем безендірілген кітаптар, ертегілер, мектеп жасындағы балаларға арналған танымдық кітапшалар басылып шықты.

«Атамұра» бастаған игі іске қолдау білдіріп, жүрекжарды пікірлерімен бөліскен жазушы Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, т.б. көркем әдебиеттің қоғамдағы рөлі, қаламгерлердің туындыларын аудару, тарату мәселесіндегі өзекті жайттарды да ортаға салды.

Іс-шараға кітапхана оқырмандары, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.

 

АЛМАТЫ