Абайтану бұған дейін де биік дәрежеге көтеріліп қалған. Алғаш Абай әлемін ашқан Әлихан Бөкейхан, оны жеріне жеткізген Мұхтар Әуезов болса, жоғары деңгейде байыптаушы – Мұхтар Мағауин. Ал мына мерейтойы барысында Президент бұқараның бетін біржола бұрғаны нұр үстіне нұр болды. Президент мұнысымен біздің халық Абайға қарап бой түземей, көшелі елге айнала алмайтынымызды нұсқап отыр. Біздің көбіміз Абайды оқымаймыз. Атын ғана білеміз. Оның өзінде мен көп білем деген желеумен біреуді имендіру, мұқату мақсатында ғана айтамыз. Абайға бойлаған адам – қазақ халқының қадірін де, трагедиясын да анағұрлым анығырақ сезініп, қам қылатын тұлға.
Сонымен қатар Семей қаласына жоғары мәртебе беретіні де – көрегендік. Семей – қазақтың рухани астанасы. Оған ендігі уақытта провинция деп қарау ұят! Осы уақытқа шейін экономикалық салаға баса мән беріп келдік. Руханиятты да қатар ұстау керек онымен. Рух көтерілмей, экономикамыз да өркендемейді. Ол үшін Қазақ елі ұлтымыздың рухани шамшырағы Абайға бас қоюы тиіс!
Абайды оқыған Алашқа қызмет етпей қоймайды деген сөз!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Қарағанды облысы