Қоғам • 10 Қаңтар, 2020

Жорғаның бабы, сыны және түрі

1770 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында, біздің бабаларымыз жылқыны қолға үйрету арқылы өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды деген еді. Расында көшпенділер үшін жылқы мәдениеті – тұрмыс-салтымен түгелдей тұтасқан һәм ұзақ уақыт эволюциялық жолмен дамыған кемел құбылыс. Соның бірі – қазақ үшін сән-салтанаттың символына баланған жорға жылқы жайлы халқымыздың жадында сақталған этномәдени құндылыққа тоқталсақ...

Жорғаның бабы, сыны және түрі

Жорға – жүрісі жайлы жылқы. Оны көп жағдайда сәндік үшін мінетін болған және ерте кезде хан-билер құрметті қонақтарына сый-сияпат ретінде ұсынған. Дәулетті адамдар жорғаның жіліншігіне алтын, күміс білезіктер салдырып ұзатылған қыздарына енші ретінде мінгізіп жіберетін болған. Яғни, көшпелілердің тұрмыс салтында жорға жылқы сый-сияпатқа арналған өте құнды мұра ретінде бағаланған.

Жорғаның жүрісі ырғақты, тыныш келетіндіктен жаугершілік заманда ат үстінен садақ тартатын са­йыпқыран мергендерге де мін­гізген. Негізінен топы­рағы жұм­­сақ сазды жердің жыл­қы­сы­нан жорға көп шығады.

 Жорғаның сыны

Жорғаның да жүйрік ат сияқты сыны болады. Қазақ әу баста жор­ға та­батын биені сынайды. Ол үшін биенің өн бойынан жорға жыл­қыға тән сын-белгілерді із­дей­ді.

Жорға құлын табатын биенің сыны. Белі бүкір, орақ бас, қамыс құлақ, бота тірсек, үлкен көзді, кең танау сырт бейнесі итіңкі келе­ді. Осындай бие буаз кезінде мес қарын болмайды, жалпы пошы­мы ебедейсіздеу келеді.

Жорға болатын тай-құлынның сыны. Белі бүкір, орақ бас, қамыс құлақ, теке ерін, бура ерін, салпы ерін, қошқар сияқты дөң мұрын, кең танау, үлкен көз, марал көз, бө­кен қабақ, қу бас, дөңгелек тұяқ, бота тірсек, бұқа мойын, орташа жал-құйрықты, кекілді, қоян қа­рын келеді.

Жорғаны аяқ бітіміне байланысты: бөкен, күдір, қоян сипатты деп үшке бөледі. Сондай-ақ бота бітімді жорға дейтін де болады.

Жақсы жорғаның сипаты. Белі бүкір, тұрысы итіңкі, сүйекті, күшті, орақ бас, қамыс құлақ, теке ерін, бура ерін, салпы ерін, қошқар танау, марал көз, бөкен қабақ, қу бас, тұяғы дөңгелек, бұқа мойын, бота тірсек, қоян қарын, жүрісі тай­палған тайлақ сияқты болады.

Орташа жорғаның сипаты. Белі қайқы, сыртқы пошымы түлкіге ұқсап тұрады. Бұл жорға алысқа жүрмейді һәм ұшқыр келеді. Алайда, өмірде сынсыз, сиықсыз жорғалар да болады.

Алысқа сілтейтін аламан жор­ғаның сыны. Белі бүкір, түлкі жота­лы, пошымы ебедейсіз, буын сү­­йек­тері қиқы-шойқы шодырлау бітеді.

Жорғаның бабы

Жорғаны әуелі жүрісінен жа­ңылмайтындай жорғалатып үйретеді. Оны жас кезінде үнемі қолға ұстап, жорғасын жетілдіріп отырмаса, тез айниды. Жасы жетіп жорғасы әбден толысқан шақта жылқы қанша жүрсе де, жорғасы бұзылмайтын болып қалыптасады.

Жорғаны жүрісі толық жат­тыққан соң баптайды. Алдымен үйірге жіберіп, тойындырады. Ақ­жіліктенген кезде ұстайды. Етін қатырады. Бірнеше дүркін арам терін алады. Кейбір жорғалар ұш­қыр болса, кейбір жорғалар еті қыз­ған соң жүрісі түзеледі. Жарыс жо­лының ара қашықтығын да ескеру қажет. Осының бәрі есепке алынады.

Жорғаны жүйрік аттар сияқты күр­делі баптамайды. Кейбір жағ­дайда ат иесі той-томалаққа мі­ніп келген жорғасын қолма-қол жарысқа қосып жіберетін оқи­ғалар да болып тұрады. Өйткені жор­ғаны байламай мініп жүріп баптайды.

Жорға иесі атын жарысқа қо­сардан бұрын өзі мініп бір дүр­кін терін алады. Терлеген жор­ғаның тынысы кеңіп, алқымы ашылып, ұзаққа жорғалай алады. Жорғалардың да ұшқыры, қыза жорғалайтыны, шыға сала бірқ­алыпты жорғалап ырғақ бұз­байтындары болады.

Жорға жарысының ұзақтығы жүйрік аттар жарысатын қашық­тық­тың үштен біріне сай болады. Сондай-ақ жорғаның жүріс­тері сәнді-мәнді ырғақты келетіндіктен, барлық көрермен көріп, сүйсінерліктей көз алдарында, биік төбені айнала жорғалап жарысады.

Кәнігі жорға жаратушы атбе­гілердің айтуына қарағанда, жор­ғаны бар-жоғы 10 күн баптайды. Осы уақыттың ішінде: үш дүр­кін терін алады, төрт дүркін қашықтыққа жорғалатып жүрісін қанықтырады.

Жорғаны тек өз иесі ғана мініп жарысқа түседі. Себебі, жорғаның жүрісі көп ретте иесіне қатысты. Басқа адам мінсе жорға жатырқап жүрмей қояды.

Жорғаның түрі

Жорғаның түрі көп. Оларды жорғалау екпіні мен аяқ тастасына қарай екі топқа бөліп қараған жөн.

Жүріс екпініне қарай: қой жорға, жол жорға, кеңірек жорға (жортақы), шапқын жорға, түйе жорға, бес құлаштық жорға, он құлаштық жорға, су жорға, су тө­гіл­мес жорға, табақ тартар жор­ға, төкпе жорға, айдама жорға, шай­қалған жорға, аяң жорға, тайпалған жорға, және т.б. деп атайды.

Аяқ тастасына қарай: екі аяқты жорға, шалдыр жорға, үш аяқты жорға, төрт аяғы тең жорға, шапшуыр жорға, тұсамыс жорға, өре жорға, шалдауыр жорға және т.б. деп атайды.

Су жорға. Жорғалардың ішін­дегі ең маңыздысы. Ол сүйретіп жіберген арқан, шылбырды жерге тигiзбей жұлдызша ағады жә­не үстіндегі адам қолына су құй­ған ыдыс ұстағанда оның суы тө­гілмейді. Қазақта «су жорғаның сауырына тостағанға су құйып қойса төгілмейді» дейтін тәмсіл бар. Мұндай жорғалармен үлкен ас-тойларда табақ тартады, қымыз тасиды.

Қой жорға. Түзу және еңiс жер­лерде аяңнан жорғаға ауысып отыратын жылқыларды айтады.

Түйе жорға. Денесiн ауыр қоз­ғап жорғалайтын, жүрісі қатты жылқы.

Шапқын жорға. Шаужайлап, өрелеп қысыммен шығарған жор­ғалар.

Жол жорға. Жайшылықта ғана жор­ғалайды да, одан тезірек жүр­се, жорғасынан жаңылады.

Үш аяқ жорға. Төрт аяғын тең басып жорғалай алмайтын жылқы. Яғни, үш аяғы жорғалайды да бір аяғы таппайды. Осы бір ая­ғын қосып төрт аяғы тең жорға шы­ғаруға болады.

Тайпалған жорға. Төрт аяғы тең жорға.

Төкпе жорға. Еш уақытта жор­ғасынан жаңылмайтын жылқы. Оның жүрісіне басқа жылқы шауып ілеседі. Жорға жарысына осы төкпелерді ғана қосады. Басқа жорғаларды қарапайым күнделікті мініс үшін қолданады. Төкпелерді бәйге атындай баптап жаратады.

Құлын жорға. Енесінен туғанда жорға туған жылқыны айтады. Болашақта су және төкпе жорғалар осы құлын жорғадан шығады.

Жорғаның сапасын анықтау

Жорғаның қаншалықты жүй­рік екенін білу үшін оның бел арқасына 5 метр лента-жіп байлайды. Жіп аттың сауырынан төмен қарай салбырап түсіп тұрады. Жорға жүргенде лента-жіп жыланша ирелеңдеп көтеріледі де, шынайы жүргенде жіптің ұшы жерге тимей ұшып отырса, бұл нағыз сапалы жақсы жорғаның белгісі.

Бұрынырақта, жорғаның сапасын білу үшін беліне арқан байлаған екен. Арқанның жерге тимеуіне байланысты оны бес құлаштық жорға, он құлаштық жорға, он екі құлаштық жорға деп атаған. 15-16 құлаштық жорғалар да болған, бірақ бұлар өте сирек кездеседі.

Ал шөл-шөлейт жердің жор­ғасын сынау үшін ботаның енесін, яғни інгенді көзкөрім алысқа айдап жібереді де, артынан ботасын қоя береді. Енесін аңсаған жас бота тайрақтап қатты шабады. Осы қашқан ботаны жорғамен қайырады. Егер жорға жүрісінен танбай ботаны қайырса бұл жақсы жорға деп есептеледі.

Келесі бір жорғатанушылар қолына қарапайым қоңырау ұс­тап алып жорғалатып сынайды. Алғашында қоңырау дауысы сылдыр қағып, бара-бара жорғаның жүрісі тайпалып қызған кезде үні өшеді. Мұндай жорғаны бұрынғы заманда мерген-садақшыларға мін­гізіп, жорыққа жіберетін болған.

Жай жылқыдан жорға шығару

Аздаған жол немесе қой жор­ғасы бар жылқылардан немесе жүрісі жылдам, аяғы жеңіл мінезі ұғымды жылқыдан су немесе төкпе жорға шығаруға болады. Мұндай жай жылқыдан жорға шығарушы адамды «жорғашы» дейді.

Мысалы, екі немесе үш аяқты жорғаларды жетілдіріп, төрт аяғы тең жорға шығару үшін – ай толысқан үш күнде күніне бір рет 4-5 шақырым жазық, тегіс жерде жорғалатады. Себебі, екі-үш аяқты жорға жорғалап жүргенде алдыңғы аяғын қысқа алады да, ойлы-қырлы шұңқырлы жерлерде жығылып қалады.

Төртінші аяқтың жорғасын шығару үшін көп жағдай да теп-тегіс мұздың үстін пайдаланады. Жоғарыдағыдай ай толған күні үш аяқты жорғаны бүршікті тағамен тағалап (тайып құламас үшін) мұздың үстінде жүргізеді.

Толған айдың сәулесіне ша­ғылысқан жорғаның көлеңкесі мұзға түседі де, ат өзінің көлең­кесінен қалыспаймын деп жанталаса жорғалайды. Осылай үзбей 2-3 сағат жүргізу керек. Үстіндегі адам тізгінін қатты қысып, мүмкін болса тақымға салып отырған жөн. Сәл тізгін босаса жорға жү­рі­сінен жаңылады. Ырғақтан жа­­­ңылтпай жүргізсе жорғаның жор­ғаламайтын аяғы жорғалай бас­тайды.

Екі аяқты жорғаның үшінші аяғы жорға шыққаннан кейін оның бір жағы үйретіледі деп есептейді. Енді қалған бір аяқтың жорғасын шығару үшін жорғашы сол жақ үзеңгісін ұзартып, аяғын тіреп бүйірімен отырады. Осылай ердің оң жағына, бірде сол жағына алма-кезек ауып отырып, 2-3 сағаттың ішінде төрт аяқты жорға шығаруға болады. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Бұл нағыз атбегінің қолынан ғана келеді.

Алтай өңірінің жорғашылары ыңғайы бар жылқыдан жорға шығару үшін ағаш бөренелерді жинап, күннің шапағы сияқты дөңгелек шеңбер жасайды. Жор­ғашы аттың шылбырынан ұстап қатар-қатар орналасқан бөре­нелерден тез-тез аттатып жүргізеді. Әбден мезі болған жылқы соңында бөренелерден оңай аттау үшін жорғалай жөнеледі.

Ішкі Моңғолдың Хөлөнбуйр өлкесінің атбегілері жүрдек жыл­қыдан жорға шығару үшін аттың екі жағына салмағы бірдей құм салған қапшық теңдейді де тегіс жерге жүргізеді. Жүріс барысын­да құмның салмағын жаймен қо­сып отырады. Осылай жорға шығарады.