Руханият • 10 Қаңтар, 2020

Хасеннің домбырасы

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұражайдың төрінде қырық жылдан астам уақыт сақталған қалақ домбыра өзінің заңды мұрагеріне қайтарылды. Бір ғасыр тарихы бар бұл аспап Қарқаралы ауданындағы Темірші ауылына қарасты Қараағаш бөлімшесінің тумасы, күйші Хасен Іргебайұлына тиесілі екен.

Хасеннің домбырасы

Аталған аспап Е.Бөкетов атын­дағы ҚарМУ-дың мұра­жайына 1980 жылы тап болыпты. Сол жылдары универ­ситеттің оқытушы ғалымдары мен студенттері жәдігер жинап, Қараағаш ауылына келгенде, Хасен күйшінің ұлы Хамзаның зайыбы Бибіжан деген кісі сынып, тартуға жарамсыз болып тұрған домбыраны мұражайға деп беріп жіберген екен.

Хасен күйші 1895 жылы дүниеге келіп, 1959 жылы қай­тыс болған. Көнекөз қария­лар­дың айтуынша, ол кісі кезінде жергілікті өнерпаздармен бір­­ге Алматыға ба­рып, осы дом­бырасымен атақ­ты Дина күй­шімен күй сайысына да түскен көрінеді. Екінші мәр­те Алматыда болғанында күй­шіге үлкен аспаптың алдын­да күй тартқызыпты. Яғни, бұл дегеніңіз ол кісінің орында­уын­дағы күйлер таспаға жа­зыл­ған... «Ал­тын қорда» сақ­таулы тұруы әбден мүмкін деген сөз.

Білетіндердің айтуына қа­рағанда, Хасен күйшінің өз жанынан шығарған жиырма шақты күйі болған көрінеді. Олардың ішінде «Жетпіс қой», «Он сегіздің зары» атты күйлері ел ішінде кеңінен танымал.

Әттең күйшілік өнер Хасен күйшінің жалғыз ұлы Хамзаға қонбаған екен. Дегенмен, ондай қасиет Несіпхан деген жиеніне дарып, ол жергілікті «Салтанат» ансамблінің құра­мында Еуропаның бірталай еліне барып, өнер көрсетіпті. Бұдан бөлек, Хамза Хасенұлы ортаншы ұлынан туған бір не­мересінің жасынан домбыраға үйірсектеп жүргенін айтады.

Мұражайдан иесіне қайтқан домбыраны қалпына келтіріп, реставрациядан өткізген бел­гілі шебер Аман Сәдуақас екен. Домбыра шанағының бір бүйірі ойылып сынған. Сол жерін гипспен бітеп, бет тақ­тайын жай ағашпен жаба салыпты. Шебер мұның бәрін қызыл ағашпен қиюластырып, түпнұсқасын сақтай отырып қалпына келтірген. Мойыны жуандау екен, оны жонып, аздап жіңішкертіпті.

«Домбыра қызыл ағаштан тұ­тастай шабылған. Тоғыз пер­нелі. Домбыра жасағаныма отыз жылдай болады, бірақ мынадай үлгідегі аспапты бірінші рет көруім. Ағаштан бітеудей шапқан екен. Қанжығаға байлай салуға ыңғайлы, ықшам, қалақ домбыра», дейді шебер.

 

ҚАРАҒАНДЫ