Парламент • 10 Қаңтар, 2020

Владимир Волков Еңбекшіқазақ ауданына барды

374 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облысында жұмыс бабындағы сапармен жүрген Парламент Сенатының депутаты Владимир Волков Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасының қызметкерлерімен кездесті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Владимир Волков Еңбекшіқазақ ауданына барды

Кездесу барысында бірқатар мәселелер, оның ішінде Алматы облысындағы мал ұрлығының көптеген фактілері талқыланды. Аудан аумағында 116 937 ірі қара, 342 266 ұсақ мал, 24 353 жылқы, 99 түйе тіркелген. Аудан бойынша мал ұрлығының 972 фактісі тіркелген, бұл ретте 688 факті ашылмаған. Қадағалау органы мал ұрлығы жөніндегі қылмыстық жағдайды сауықтыруға бағытталған мал ұрлығына қарсы күрес бойынша пилоттық жоба ұсынып отыр. Пилоттық жоба бойынша малға, жылқының ашық жеріне аудандағы ауылдық округтердің әр поселкесінің пошталық индекс цифрын суық түрдегі азотпен таңба салып, белгілеу әдісін пайдалананылады. Сондай-ақ ірі қара мен түйені әкімдіктің мал есебі жөніндегі компьютердегі дерекқорына міндетті түрде тіркей отырып, облыстық ішкі істер органдарында да сондай мәліметтер базасын жасау ұсынылып отыр. Жобаға ірі шаруа қожалықтарының басшылары қолдау білдіруде. Жобаны іске асыру бюджет қаражатын қысқартуға, мәселен, жедел-іздестіру шаралары мен қылмыстың алдын алуға мүмкіндік береді. «Осы пилоттық жобаны іске асыру нәтижелерін комитеттің көшпелі отырысында әзірлеушілермен бірге тыңдау орынды болар еді» деді сенатор.

Сонымен қатар он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасағаны немесе өзге де нәпсіқұмарлық сипаттағы іс-әрекеттер үшін жауапкершілікке қатысты еліміздің Қылмыстық кодексіндегі 122-баптың 3-бөлігін қайта қарау туралы ұсыныстар айтылды.

Сол күні облыстық полиция департаменті басшылығы мен полиция басқармасы жеке құрамының, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің, мәслихат депутаттарының қатысуымен семинар-кеңес өтті.

Сенатор Владимир Волков өз баяндамасында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы ІІМ алдына құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру міндетін қойғанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы сәуір айында ІІМ басшылық құрамымен өткен кеңес барысында «Полиция жұмысы бүкіл қоғамның жіті назарында. Сіздердің қызметтеріңіз ел азаматтарының мүдделері мен қауіпсіздігімен астасып жатыр. Сондықтан ІІМ-нің жұмысы нақты, жүйелі түрде ұйымдастырылуы тиіс. Полиция ашық болуы керек. Ол үшін қоғаммен диалог қажет» деп атап өткен болатын.

Депутат заңнамадағы жаңалықтар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Құқық қорғау жүйесін реформалаудың негізгі ережелері талқыланды және бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Владимир Волков сондай-ақ ауданаралық көп салалы ауруханада да болды. Ауданның бас дәрігері Жәмиля Әбеуова медицина мекемесінің жұмысы және алдағы даму жоспарлары туралы айтып берді. Стационар мен перзентханаға 2019 жылдан іске аса бастаған ДамуМед автоматтандырылған кешенді медициналық жүйесі енгізілді. Кезек күттірмейтін шұғыл жәрдем бөлімі «Triag» жүйесі бойынша жұмыс істейді.

Ауданда екі аурухана жұмыс істейді. Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасы құрамында 298 дәрігер, 1286 медбике және фельдшер, ал Шелек ауылының аудандық ауруханасында 66 дәрігер, 211 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді.

2019 жылы медициналық ұйымның 17 маманы көтерме жәрдемақы алды, ал 5 маман «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алды.    

Сенатор 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңалықтар туралы, атап айтқанда, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу мәселелері жайында айтып берді. Шара барысында халықты міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруды кеңінен қамтуды енгізу мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту туралы ұсыныстар айтылды. Дәрігерлермен, медицина қызметкерлерімен кездесуде денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы талқыланды, оның негізгі мақсаты – сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету болып табылады. Жалпы алғанда, бұл бағдарламаны дәрігерлер қолдайды, алайда, олардың пікірінше, оны жүзеге асыру күмән туғызады.

«Бүгін көтерілген өзекті мәселелер, айтылған ұсыныстар комитет жұмысы барысында зерделенеді және ескерілетін болады» деді сенатор.