Палата Төрағасының орынбасары Александр Судьиннің қатысуымен әрі заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Имашевтің төрағалығымен өткен Сенат депутаттарының төрелік соттар мен арбитраждық органдар өкілдерімен кездесуінде балама әділ сот мәселелері талқыланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Комитет басшысы Б.Имашев өзінің алғысөзінде коммерциялық және азаматтық-құқықтық дауларды сотқа дейін шешудің мемлекеттік емес заң жүйесін құру өзектілігін айта келіп, төрелік және арбитраждық сот ісін дамыту қажеттігін атап көрсетті.
Азаматтық-құқықтық дауларды шешудің белгілі әрі тиімді балама әдісі – төрелік және арбитраж соты ісінің қызметі тиісті құқықтық базамен нығайтылған. Осы тұрғыда мынадай заңдар бар: “Төрелік соттар туралы”, “Халықаралық коммерциялық арбитраж туралы”, “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттің иммунитеті мен оның меншігі, төрелік соттар мен халықаралық коммерциялық арбитраж қызметтерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”.
Б.Имашев іс-тәжірибелер осы салада қолданылып жүрген құқықтың одан әрі жетілдірілуін көрсетіп отырғандығын айтып, төрелік соттар мен арбитраждық органдар қызметіндегі өзекті мәселелерді сындарлы талқылау бұл саладағы құқықтық реттеуді жақсартуға оң септігін тигізетіндігін атап өтті. “Заңнамалық тұрғыдағы кемшіліктерді қалпына келтіру осы соттан тыс органдардың құқық қорғау тетіктер жүйесіндегі өздеріне лайықты орнын иеленулеріне мүмкіндік береді”, – деді сенатор.
Қызу талқылау барысында Әділет вице-министрі М.Бекетаев, Жоғарғы Соттың Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалау сот алқасының төрағасы А.Тәшенова, С.Есқараев атындағы Бас прокуратура институтының директоры С.Молдабаев және еліміздегі арбитраж сотының өкілдері төрелік және арбитраждық соттар жүйесін заңнамалық тұрғыдан нығайтуға қатысты өз ойларымен бөлісті.
Кездесуді қорытындылай келіп Б.Имашев қатысушыларға сындарлы пікір алмасулар үшін алғыс білдіріп, балама сот жүйесі мәселелеріне қатысты заңнаманы жетілдіру барысында айтылған ұсыныстар қолданылатындығын жеткізді.