Парламент • 10 Қаңтар, 2020

Ұлытау – өңірдегі туризмді дамытудың негізі болады

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сергей Ершов жұмыс бабындағы сапармен Қарағанды облысының Жезқазған және Сәтбаев қалаларында болып, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлытау – өңірдегі туризмді дамытудың негізі болады

Сенатор кездесу барысында Парламент қабылдаған заң ережелері мен азаматтардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі мемлекет қабылдаған шараларды түсіндірді.

2020 жылға арналған республикалық бюджеттің көрсеткіштері, әлеуметтік төлемдер, мемлекеттік арнайы жәрдемақылар, кепілдік берілген әлеуметтік топтама және атаулы әлеуметтік көмек, міндетті медициналық сақтандыру, сондай-ақ тұрғын үй қорын басқарудың жаңа үлгісі мәселелері талқыланды.

С.Ершов 2019 жылы халықтың әл-ауқатын арттыруға, оның ішінде аз қамтылған және көп балалы отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсетуге арналған әлеуметтік мәселелерге ерекше назар аударылғанын атап өтті.

Депутат сапар аясында Жезқазған қаласының аурухана қалашығында болып, 900 орындық мектеп құрылысының барысымен танысты, Кеңгір кентінде жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіретін «Кaz green energy»  кәсіпорнында болды.

Сәтбаев қаласының «Қамқор» әлеуметтік қолдау орталығының басшылығы мен ұжымымен кездесу барысында депутат «құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Сергей Ершов жастар саясатын қолдау шараларына тоқталып, Сенат жанында Жастар кеңесін құру жоспарланып отырғанын айтты.

Кездесуге қатысушылар өз кезегінде облыстағы өзекті мәселелерді көтерді, өйткені, қалада ауыз суға байланысты проблема бар, сондықтан жаңа су құбырының құрылысын қарастыру қажет болып отыр. Облыстың шаруа қожалықтарында субсидия алу мәселелері туындағаны жайында айтылды.

С.Ершов Ұлытау ауданында зейнеткерлерді қабылдады.

Аудандық мәслихат депутаттарымен кездесуде сенатор өңірдегі туризмді дамыту, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану, сондай-ақ көп балалы және аз қамтылған отбасыларды мемлекеттік қолдау қажеттігі туралы сөз қозғады.

Сенатор сондай-ақ Ұлытау ауданындағы туризмді дамытудың негізі болатын туристік сапар орталығының құрылысымен танысты.