Аймақтар • 11 Қаңтар, 2020

Алматы облысында 30 үйді тонаған ұры ұсталды

482 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен жаз бойы Талдықорған қаласының тұрғындары үй тонаушылардан әбден зәрезап болған еді. Жеке үйлердің қараусыз қалған сәтін қалт  жібермеген ұры терезе мен есікті бұзып кіріп, қолға іліккеннің барлығын үптеп кетіп отырған.

Алматы облысында 30 үйді тонаған ұры ұсталды

Осылайша әккі ұрының кесірінен отыз үй тоналып, жоғалған зат пен ақша, әшекей бұйымдардың құны 1 млн теңгеге жеткен. Тұрғындарды қан қақсатқан қаскөйді құрықтау үшін облыстағы үздік тәртіп сақшыларынан арнайы топ та құрылды. Іске жұмылдырылған із кесушілер ұрлық орнынан табылған саусақ іздерін ұзақ зерттеп, барлық қылмысты бір адамның жасағанына көз жеткізеді. Зерттеулер саусақ ізінің 28 жастағы бұрын сотты болған азаматқа тән екенін анықтаған екен.

Алайда, Алакөл ауданында туған әккі ұрыны ұстау оңай болмады. Тұрақты тіркеуі жоқ қылмыскер облыс аумағында қашып жүріп, жақында ғана қолға түсті.  Тергеу кезінде ол Талдықорған қаласынан 30 үйді тонап, ұрланған заттарды сатып 1 млн теңге пайда көргенін мойындады.