Қоғам • 13 Қаңтар, 2020

Сұрақ пен мұрат шайқасы

1818 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Мінеки, біраздан бері қоғамның қызу талқысына түскен «Педагог мәртебесі туралы» заң қолданысқа енгізілді. Құжаттың ресми жарияланғанына 2 аптадан аса уақыт өтсе де көпшілік қауымнан, әсіресе ұсыныстар беру мен ойын ортаға салуда мұғалімдер тарапынан бұған дейін болған белсенділік байқалмайды. Неге?

Сұрақ пен мұрат шайқасы

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов барлық ұстаздар қауымын осындай тарихи шешімнің қабылдануы­мен құттықтау сөзінде 21 бап­тан тұратын жаңа заңның жар­ты миллионнан астам педа­гог­тің жұмысына қатысты екенін жазды. «Жалпы Заң 4 бағыт­ты қамтиды: бірінші, ұстаз­дар­дың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыс­тан босату, жүктемесін азайту; екінші, мұғалімнің қызметі­не қойылатын талаптарды күшейту; үшінші, материалдық емес стимул тетіктері; төртін­ші, материалдық ынталандыру», деген А.Аймағамбетов осы нормаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен 2024 жылға дейін 5 трлн 3 млрд теңге бөлінетінін жеткізді. Ал сол 5 трлн 3 млрд теңге жарты млн педагогтің осы заңнан күткен үмітін толық ақтай алды ма? Журналистік зерттеуіміздің қорытындысына сүйенсек, ақталмады. Бұған бір ғана дәлел жеткілікті. Заң жобасын әзірлеуге атсалысқан жұмыс тобының құрамындағы мамандардың сөзіне сенсек, мұғалімдердің ең көп ұсынысы зейнет жасын қысқарту туралы болған. Бірақ бұл қолдаусыз қалды. Осы ұсыныстың заңға енгізілетініне педагог қауымның бәрі де үмітті еді. Жоғары оқу орнын жаңа бітірген жас маман шамамен 22 жаста болады десек, 40 жыл жұмыс істегеннен кейін ғана зейнетке шығады. Өйткені біздегі енгізілген өзгерістерге сәйкес енді әйелдердің зейнеткерлік жасы 2025 жылы ерлермен теңесіп, 63 жаста болады.

Бұл үмітті ақтау қиын ба еді? Кеңес өкіметінің кезінде орна­тылған білім беру сала­сындағы үздіксіз 25 жыл­дық еңбек өті­лімен жасына қарамай зейнетке шығу тәртібі солтүстіктегі көр­шіміз Ресей­де әлі күнге дейін сақ­­талған. Осы сөзімізге 25 жыл­­­дық еңбек өтілімен Бай­қо­ңыр­дағы бұрынғы №6, қазіргі №274 мектептің бастауыш сы­нып мұғалімі Гүлмира Сұл­танова­ның 45 жасында зей­нетке шығуы дәлел бола алады.

Себебі 2015 жылға дейін ата-бабамыз бұрын «Жеркіндік» деп атаған қала Ресейге жалға берілгендіктен ондағы білім беру ұйымдары да көршіге қарады. Г.Сұлтанова Кеңес өкіметі кезінде 8-кластан училищеге түсіп, 19 жасында бітірген. Сол себепті 20 жасын­да-ақ 1 жылдық, 45-ке кел­генде 25 жылдық еңбек өтілі болған көрінеді. 60-тан асқан мұғалімнің 1-сынып оқу­шыларына әріп үйретіп отыр­ғанын елестетудің өзі қиын. Қазіргі сауатты ата-ана­ның өзі баласын энергиясы тасып тұрған жас маманға бер­гісі келеді. Кейіпкеріміз Г.Сұл­танова мұндай жағдайда білім сапасының сын көтер­мейтінін айтады. Мұны қара­пайым адам да айтады. Өйткені бұл – қоғамға ортақ мәселе.

Еліміздегі педагогтардың осы заң жобасын әзірлеу туралы тапсырма берілгеннен бастап пайда болған тұрғын үймен қамтуға қатысты үміт оты да құжат жарияланғаннан кейін сөнді. Әлбетте олар тегін үй сұрамады, бүгінгі нарықтық жүйеде оның мүмкін еместігін де біледі. Тек әлеуметтік желіде Алина Маратқызы жазғандай, «Ипотекамен үй алуда пайызды төмендету ұсынысының енбей қалғаны өкінішті. Мұғалімнің жалақысымен пәтер сатып ала алмайсың».

Негізгі ниет не еді?

Бұл құжатты әуел баста әзірлеу мақсаты – педагогтардың мәртебесін мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлеріне барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайту, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалау болатын. Бұл Елбасының 2018 жылы 5 қазандағы Жолдауында тайға таңба басқандай жазылған. Ал мақсатқа жеттік пе?

Қабылданған жаңа заңымыздың 6-бабы 3-тармағында: «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтарын олар кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тартуға жол берілмейді», делінген. Сонда мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерін тартуға жол беріле ме? Біз болашақта балабақшадағы орын тапшылығын жою тәжірибесін мектептердегі үш ауысымдық мәселені шешуге қолданып, жекеменшік орта білім беру ошақтарының санын арттырғалы отырмыз. Әлде мемлекеттік емес ұйымдардың жоғарыдағы бапты жеке мектептердегі педагогтарды іс-шараларын өткізуге жұмылдыра алады деп түсінуіне бола ма? Жоқ, «кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде» дегенді сабақтан соң сүйреуге болады деп ұғуға рұқсат па? Осыншама сұрақ туындамауы үшін мәтінді «меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі және орта, сондай-ақ кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының педагогтарын» деп жазуға болмас па еді?..

Енді осы заңның 12-бабы 6-тармағында «Ауылдық елді мекенде кәсіби қызметін жүзеге асыратын педагогқа жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау көрсетіледі» деп жазылған. «Үй немесе үй салуға жер беріледі» делінбеген. Бұл, ашығын айтқанда, педагогтарды жыл аяғында қаржысын игере алмай қала беретін яки үнемі жеткізбей жүретін жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдіктердің қас-қабағына тәуелді етумен тең ғой. Ауылдық жерлердегі мектептердің білім сапасы қалаға қарағанда кейін қалғанын және оған білікті мамандардың тапшылығы себеп екенін қанша жылдан бері айтып келеміз. Ауылға маман тарту үшін арнайы бағдарлама да әзірледік. Бірақ мәселе түбегейлі шешімін тапты ма? Жаңа заң осы түйткілдің түйінін тарқатуға таптырмайтын мүмкіндік еді ғой.

Осы мақаланы жазу барысында бірнеше елдің бізден бұрын қабылдаған педагог мәртебесі туралы заңдарын, зерттеулері мен құжаттарын оқып шықтық. Қытай халық республикасы 1991 жылдың 31 қазанында жариялаған «Мұғалімдер заңының» 28-бабы бойынша: «Әртүрлі деңгейдегі жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен Мемлекеттік кеңес жанындағы департаменттер мұғалімдердің қалалық жерлерде тұрғынжай сатып алуына, жалдауына және салуына жеңілдік және артықшылық беруге тиісті. Биліктің округтер мен ауылдық жерлердегі мемлекеттік органдары ондағы бастауыш және орта мектеп мұғалімдерінің үй мәселесін шешіп беруге міндетті». Көрші Өзбекстанда бір жыл бұрын күшіне енген «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заңына сай қаладан ауылға келген жас маман бірінші кезекте баспанамен қамтылады, жалақысы көтеріліп, жеңілдікпен несиелер беріледі. Ал зейнетке шыққан мұғалімдердің айлығымен бірге зейнетақысы толық төленеді.

Үш елдің заңы, бірақ мақсат бір – мұғалім мәртебесін көтеру, жұмысына жағдай жасау. Алайда үш заңның мәтінінде, іске келгенде айтарлықтай айырмашылық бар. Біздің заң бойынша мұғалім жергілікті атқарушы органның шешімін күтуі керек, ал жоғарыдағы шетелдік заңдарда облыс, қала, ауылдық әкімдіктер педагогқа көмек көрсетуге міндетті. Осы тұста тағы бір маңызды мәселені айналып өтуге болмас. Елімізде қолданысқа енген жаңа заңда тек ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтарға тұрғын-үйге қатысты әлеуметтік көмек (онда да жергілікті атқарушы органның шешімімен) көрсетілетіні жазылған. Ал Қытай заңына қарасақ, педагог керісінше қалалық жерде үй мәселесінде көмек алуға құқылы, мемлекеттік орган тиісінше жәрдемдесуге міндетті. Шындығында ауылда жұмыс істейтін мамандар шалғайда үйі немесе үй салуға жері болғаннан қалады, қуыстай пәтерге қол жеткізе алмай жүргендер – қаладағы мұғалімдер.

Ақтау мен даттаудың арасы

«Педагог мәртебесі туралы» заңымызда педагогтік әдеп жөніндегі кеңес туралы арнайы бап бар. Негізінен «педкеңестер» білім беру ұйымдарында бұрыннан бар. Және оның мәні мен маңызы да сақталған. Кеңестің ұсынымымен білім беру ұйымының басшысы шешім шығарады. Мұның өзі мұғалімдер мен тәрбиешілердің басшыға бағынышты болуына алып келетіндей.

Жақында елорданың іргесіндегі жекеменшік «Дара» мектеп-лицейіндегі бастауыш сынып мұғалімнің әрекеті осындай педагогтік әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, сондағы шығарылған шешіммен қатаң сөгіс және жұмыстан шығару ескертуін алған. Педагогтың екі ескертуді қатар алғандағы айыбы – алкагольдік ішімдіктер тұрған дастарқандағы әріптестердің отырысын суретке түсіріп, WhatsApp желісінің статусына жүктегені. Еңбек кодексінің «Тәртіптік жазалар туралы» 64-бабында жұмыскердің тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыс беруші алдымен ескерту, сөгіс, сонан соң ғана қатаң сөгіс беретіні көрсетілген. Сондай-ақ осы кодекстің «Тәртіптік жазаларды қолдану тәртібі» туралы 65-бабында әрбір тәртіптік теріс қылық үшін жұмыскерге бір тәртіптік жаза ғана қолданылу мүмкіндігі жазылған. Кеңесте «теріс қылығы» қаралған мұғалімнің жанында сол фотоға түскен күні жолдасы да болыпты. Демек, бір жағы отбасылық көңіл көтеру де болған болар. Бірақ осы үшін Еңбек кодексінің 2 бірдей бабынан асырып айыптау асылық емес пе? Сонда педагогтың жеке өмірі жоқ па? Қызмет уақытынан тыс кезде әлеуметтік желідегі жеке парақшасының уақытша статусын өз еркінше жаңарта алмай ма?

Білесіз бе? Осы оқиғадан кейін айып арқалаған әлгі педагог өз еркімен жұмыстан шығуға мәжбүр болған. Өйткені, желілерде таратқан әріптестерінің айтуына қарағанда, оны мекеме басшысы «Жеке меншігіме кірмеңіз» деп есіктен шығарып салыпты. Бұл жайт дәл «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданар алдында орын алды. Осыдан-ақ салмақты сұрақ туады. Жаңа заңда арнайы бап берілген кеңес директордың ашса алақанында, жұмса жұдырығында жүрген қызметкерлерден құрылғанда қылығы қаралатын маманды ақтай ма, даттай ма?

Жаза мен жауапкершілік

Біз сөз етіп отырған заң педагогтардың мәртебесін көтеріп қана қоймай, олардың жауапкершілігін де арттыруды көздейді. Негізі мұғалімдердің ең бастысы қоғамдық істерде қолжаулық болатыны, әсіресе сайлау кезінде сандалатыны, жұмысқа жегілетіні белгілі. «Педагог мәртебесі туралы» Заң да осындай бассыздықтарды жою мақсатында әзірленген-ді. Дегенімізге жеттік пе? Жаңа заңды қабылдау барысында еліміздегі түрлі заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені азайту мәселелері бойынша өзгерістер енгізілді. Сол өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңда педагогты кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартқандарға алдымен ескерту, содан соң 1 жыл ішінде қайталанса ғана (лауазымды тұлғалар, әрдеңгейлі кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйымдарға) түрлі мөлшерде айыппұл салынатыны жазылыпты. Ал бір жылда екі сайлау өткізілмейді. Демек, жаңа заң педагогтарды сайлаудың сарсаңынан арашалай алмайды ғой, солай ма?

Енді педагогтардың жауапкершілігіне келейік. Жоғарыда аталған өзгерістер мен толықтыруларға көз тастасақ, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы 1 бөлігіне сай кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу, білім беру, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттер жүктелген жан (ата-ана, педагог, денсаулық сақтау ұйымының өкілі) өз міндетін атқара алмаса, 10 АЕК (25 мың 250 теңге); осы баптың 2-бөлігіне сәйкес бір жыл ішінде қайталанған іс-әрекетке 15 АЕК (37 мың 875 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе 5 тәулікке дейін қамауға алынады екен. Ал 127-баптың 3-бөлігі бойынша кәмелетке толмаған адамның алкогольдік ішімдіктерді, есірткі, психотроптық заттарды тұтынуына, қаңғыбастықпен немесе қайыршылықпен айналысуына яки қылмыстық, әкімшілік құқық бұзуға алып келген әрекеті үшін ата-анамен бірдей педагог та 20 АЕК мөлшерінде айыппұл (50 мың 500 теңге, онда да АЕК көлемі өсіп кетпесе) төлейді немесе 10 тәулікке дейін қамалады.

Жақсы, педагогтың жауапкершілігі артқан шығар, бірақ кәсіби қызметінен, сабақ уақытынан тыс кезде орын алса да жауап беруге міндетті ме? Осы жағын нақтылау керек-ақ. Жарайды, нақтыланды дегеннің өзінде дәл осы мәселе Қылмыстық кодекстің 140-бабында кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi ата-анасының немесе өзiне осы мiндеттер жүктелген өзге адамның, сол сияқты педагогтың немесе оқу, тәрбиелеу, емдеу мекемесі жұмыскерiнiң кәмелетке толмаған адамға қатыгездік танытуымен ұласқан әрекеті, тиісті міндетін орындамауы – лауазымын атқару яки қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, 160 АЕК-ке (404 мың) дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, болмаса сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу арқылы жазаланатыны қарастырылған. Сонда педагог осы жағдаймен бетпе-бет келгенде қай кодекспен жазаланады? Әлде екі бапты бірдей арқалап кете бере ме?

Үміттен үміт туады

Мұратымыз – мұғалімнің мәртебесі деп едік, сұрағымыз көбейді. Иә, заң шығарушы және атқарушы органдар тарапынан айтылатын сынып жетекшілігі, дәптер тексергені, магистрлік дәрежесі үшін қосымша ақы төлеу, еңбек демалысының күнін көбейту дегендей жаңалықтар жағымды болар. Дегенмен ұстаз қауымы қарнының ашқанынан бұрын қадірінің қашқанына налып жүр еді ғой. Бір қызық фактіні қоса кетейік, жақында Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев журналистердің сұрағына берген жауабында:

–       Қателеспесем, былтыр ғой деймін, Болат Аюхановтың бір сұхбатынан: «45 жасымда соңғы рет Гамлетті алқынып, әрең билеп шыққанмын. Ал 45 жастағы әйел қандай кәсіби биші болсын, жас кезіндегідей билей ала ма, өнерсүйер қауымға эстетикалық ләззат сыйлай ала ма? Осыны ойламайтын үкіметте ұят бар дегенге сенбеймін», дегенін оқып едім. Иә, бишілер балетке ерте жастан келеді. Олардың өнер жолындағы өмірі тынымсыз жаттығулар мен дайындықтан тұрады. Бірақ, өкінішке қарай, сахнадағы дәурені тым қысқа. Жаттығу кезінде жарақат алып қалатындары да көп екен.

Осыны ескерген Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет туралы» заңын жаңа баппен толықтыру туралы ұсыныс енгізді. Бұл бастама қолдау тауып, Президент қол қойды. Енді балет бишілері 20 жылдық еңбек өтілімен жұмыстан шықса, зейнет жасына дейін жалақысының 60 пайыз көлемінде ай сайын мемлекеттен төлемақы алып отырады, – деп жазды.

Өз саласының қызметкерлерін қызғыштай қорыған министр президентке бір кіріп-шықса, жаңа заңды әзірлеуге кеткен триллиондаған қаржыны біршама педагогтың ертерек зейнетке шығуына бөліп беріп «Білім туралы» заңға бір ғана пункт қосса жетіп жатыр екен ғой. Әлбетте педагогтардың саны балет бишілерінен әлдеқайда көп болар. Бірақ бұл үміттің ақталатынына, мүмкіндіктің бар екеніне айқын дәлел бола алады емес пе?! Зейнетке ерте шығатын әскерилерге де, биылдан қарастырылған балет бишілеріне де әріп үйрететін ұстаз қауымы ғой.

Жоғарыдағы түйткілге қайта айналып келді демеңіз, «Педагог мәртебесі туралы» заңда қарастырылған барлық көмек пен құқықтық қолдау таразының бірінші, ал зейнетке ерте шығу, тым болмаса балет бишілеріндей мүмкіндік екінші басында тұрғандай. Таразының бір басын бір өзі басып тұрған түйткілдің түйіні тарқатылмаған құжаттың қадірі қайсы?..

 

Соңғы жаңалықтар