Қоғам • 13 Қаңтар, 2020

Мемлекет қамқорлығы міндет жүктейді

854 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әрбір азаматтың өз елі, Отаны алдында міндеті, парызы, жауапкершілігі бар. Сол сияқты мемлекеттің де өз азаматтары үшін атқаруы тиіс ауқымды міндеттері болады. Олардың ішінде, әсіресе халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты мәселелерді оңтайлы шешу өте маңызды. Өйткені мемлекеттің шынайы қолдауын сезінген халық өз елінің ынтымағы мен бірлігін сақтап, оны қызғыштай қорғаудан өзге ниеті болмайды. Ал татулық пен тыныштықтан өзге тілегі жоқ жұрты бар мемлекет қашанда алдыңғы қатардан көрінері анық.

Мемлекет қамқорлығы міндет жүктейді

Қазіргі таңда Қазақстан өз аза­маттарын уақыт талабына сай әлеуметтік тұрғыда қол­дау­дың жаңа бағыттарын қолға алып, оны жүйелі түрде іске асы­ра бастады. Бұл қадамдар қазақ­стандық қоғам тарапынан кеңінен қолдау тауып отыр. Нақтылай айтқанда, жас­тар­ды жан-жақты қолдау, аз қам­тамасыз етілген отбасы­лар мен көп балалы ша­ңы­рақ­тарды материалдық жа­ғы­нан көтермелеу және басқа да санаттағы отандастарымыз­ды толғандырып жүрген мә­се­лелерді оңтайлы шешу мақ­­сатында жүзеге асырылып жат­­қан шаралар көңілге қуаныш ұялатады. Айналып келгенде мұның барлығы еліміздің демо­графиялық ахуалын жақсартуға, адам капиталын дамытуға тіке­лей әсер ететін игіліктер.

Мәселен, мен көп балалы ана, «Күміс алқа» иегері ре­тінде өз мем­лекетімнің қам­қор­­лығын сезініп жүрген жан­дар­­дың бірі­мін. Мен үшін бі­рін­­ші кезекте елімдегі бей­біт өмір, тыныштық – басты игі­лік. Сондай-ақ көп балалы ана ретінде бірқатар мем­лекеттік қыз­метті тұтынуда жеңіл­діктер алып отырмын. Ба­ламды балабақшаға орналастыруда, Нұр-Сұлтан қаласындағы қо­ғамдық көліктерді пайда­ла­нуда және мемлекеттік меке­мелердің бірқатар қызмет­ін қа­жетсінген кезде, басқа да мәсе­лелерімді шешу бары­сында әлгі жеңілдіктер ал­дым­нан шығады. Осы арада ерекше тоқтала ке­тетін жайт, әлеуметтік аз қам­тыл­ған от­ба­сылар қатарына жат­паса да, әрбір шаңыраққа келе­тін кірісті есепке алмай-ақ әлеу­меттік жәрдемақы төлеу жолға қойылды. Осы жылдың қаңтар айынан бас­тап әр балама он мың теңгеден астам қаржы төлене бастады. Бұрын көп балалы ана ретінде балаларыма жалпы 10 500 теңге ғана алатынмын. Енді оның орнына 63 мың теңге берілуде. Бұл – түсіне білгенге әжептәуір қолдау.

Қалай десек те өз мемле­кетің­нің жылуын сезіну, қам­қорлығын көру адамға күш-жігер береді. Сен де сол қол­дау­ға лайықты жауап беруге ты­рысасың. Бұл өз кезегінде мем­­лекет пен халықтың бір-біріне жақындап, ортақ мүд­деге ұм­тылуға жол ашады. Қоғам­дық келі­сім нығаяды.

Әрине, мемлекет әлеуметтің барлық мәселесін бір сәтте ше­шіп тастай алмайды. Бәрі уақы­тымен, өз орайымен, өз кезе­гімен шешіледі. Осы арада бір айта кететін жайт, елімізде бас­панамен қамтылмаған көп балалы отбасылардың қатары қалың. Осы жайтқа орталық және жергілікті атқарушы органдар жіті назар аударса, құба құп болар еді. Өйткені еліміздің демографиялық жағдайын жақ­сарту, мемлекетіміздің ертеңіне қызмет етер ұрпақ тәрбиелеу  –Ота­нымыздың басты стратегиясы. Ал осы стратегияның табыс­ты жүзеге асуы аналарға, оларға көрсетілер ерекше қам­қорлыққа бай­ланысты. Сондықтан ұл-қыз өсіріп отыр­ған аналар ешкімнің есігінің алдында жаутаңдап жүр­меуі тиіс. Қазақстандық келешек аналар өзінің алдындағы буынның мемлекеттің қолдауын көріп отырғанын біліп жетілсе, елімізде нағыз демографиялық дүмпу болатыны сөзсіз.

 

Гүлбала ҚОШТАЙ,

«Күміс алқа» иегері