Әлем • 13 Қаңтар, 2020

Иранның басынан қара бұлт арылмай тұр

153 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Иранның АҚШ базаларын атқылауы, Тегеран маңында ұшақтың апатқа ұшырауы тынышы кеткен өңірдің шырқын одан әрі бұзды.

Иранның басынан қара бұлт арылмай тұр

Естеріңізге сала кетейік, жаңа жыл бастала сала АҚШ-тың жа­саған әуе соққысынан Ирандағы беделді тұлғалардың бірі, генерал Касем Сулеймани қаза тапқан-тұғын. Осы оқиғадан кейін Иран тарапы К.Сулейманидің өлімі үшін кек алатынын мәлімдеген-ді. Бірнеше күннен кейін Иран Иракта орналасқан АҚШ-тың екі базасын әл-Асад пен Эрбил­ді баллистикалық зымыранмен атқылады. Дәл сол күні Теге­раннан Киевке бағыт алған Ukraine International Airlines ком­­паниясының Боинг 737-800 ұша­ғы әуежай маңында апатқа ұшырады.

Иранның Ирактағы АҚШ ба­за­ларын атқылауынан кейін көп­шілік жер жаһанды жалмаған тағы бір соғыс бастала ма деп қауіп­тенген-ді. Алда-жалда парсылар мен америкалықтар соғысса, ешкімге де оңай тимесі анық. Алайда, Ақ үй басшысы да, ресми Тегеран да тыныштықты қа­­лай­тынын емеурінмен біл­дірді. Мәселен, Иран тарапы әуе соққысын жасамас бұрын Ирак­­­тағы әріптестеріне жоспары туралы айтқан. Оның үстіне, мүм­­кіндігінше адам шығыны аз бо­латын аймақты зымыранмен атқылаған. Осылайша, Иран жағы «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмауды» көздегені анық. Яғни, АҚШ-пен қарым-қатынасты одан әрі шиеленістірмеуді, тек кек қайтаруды мақсат еткен.

Әскери базаларға снаряд түс­кеннен кейін Дональд Трамп Ақ үйде арнайы баспасөз жиынын өткізіп, мәселенің мәнісін түсіндіріп берді. АҚШ президенті өз сөзінде Иранға қарсы соғыс ашу туралы тіс жарған жоқ.

Айтпақшы, Д.Трамптың жиынды бастауының өзі мұхиттың арғы бетінде қызу талқыға түсіп жатыр. «Мен АҚШ президенті болып тұрғанымда, Иран ешқашан ядролық қару иеленуге рұқсат ала алмайды. Қайырлы таң!», деді Ақ үй басшысы. Әдетте АҚШ президенті протокол бо­йынша халыққа жолдауында әуелі амандасуы тиіс. Содан кейін ғана негізгі мәселеге көшеді. Алайда, Трамп бұл жолы да  ешкімге ба­ғынбайтын басшы екенін көр­сеткендей.

Сонымен қатар жиын барысында Д.Трамп әуе шабуылы ке­зінде ешкімнің қаза таппағанын, базаларға аз шығын келгенін мә­лімдеді. «Иран шегінді. Бұл бүкіл әлем үшін де, осы оқиғаға қатысы бар тараптар үшін де жақсы жаңа­лық», деді ол.

Ақ үй басшысының айтуынша, аме­рикалықтар да ирандықтардың жоспарын білген. Әуе соққысынан қорғануға әзірленгендіктен, базада ешкім зардап шекпеген. Бұдан бөлек, ол Иранға тағы да санкция салатынын жеткізді.

«Иранның агрессиясына қа­лай жауап бере алатынымызды пысықтап жатырмыз. АҚШ Иран режіміне жаңа санкция салады. Иран әрекетін өзгертпейінше, эко­номикалық санкция өз күшінде қа­ла береді. Кейінгі айларда Иран ха­лықаралық судағы кемелерді басып алып, Сауд Арабиясына соқ­қы жасады. Америкалық пи­лот­сыз ұшатын ұшақты атып тү­сірді» деді АҚШ президенті.

Д.Трамптың пікірінше, Иран­ның мұндай қадамға баруы – бұған дейінгі президент Обаманың әкімшілігінің кінә­сі. «Иранның әрекеті Обама әкім­шілігінің Иранмен ақылға қон­­байтын ядролық келісім жасауының салдары. Сол кезде Иран миллиардтаған доллар­ды қолма-қол алды. Алайда, АҚШ-қа алғыс айтудың орнына, «Америкаға өлім келсін» деп ай­қайлады. Тіпті келісім жаса­ған­да да осылай айтты», деді Ақ үй басшысы.

Сондай-ақ Иранды ядролық қаруды игеруден бас тартып, террористерді қолдамауға шақыр­ды. Осы орайда айта кету керек, Бағ­дад маңында қаза тапқан генерал Касем Сулеймани террорист, ол басқаратын «Әл-Құдс» то­бы да АҚШ-та террористік ұйым ретінде танылған. Оның үстіне, Д.Трамп Ақ үйге орна­ласқанға дейін К.Сулеймани ту­ралы хабарсыз болған. 2015 жылы америкалық радиолардың бірінде The Hugh Hewitt Show бағ­дарламасының жүргізушісі «Генерал Сулейманиді білесіз бе?» деп Д.Трампқа сұрақ қояды. Екеуара әңгіме былай өрбіпті:

– Иәәә... Сонымен... Айта беріңіз.

– Ол «Әл-Құдс» тобын басқарады.

– Иә...

– Қалай ойлайсыз, – деп жүр­гізуші сұрағын бастап келе жатқанда Д.Трамп бастырмалата былай дейді:

– Айтпақшы, АҚШ күрдтерге қысым көрсетіп отыр.

– Жоқ, күрдтерге емес. «Әл-Құдс» тобына. Иран революциясы сақшылары тобы.

Қысқасы, президент атан­ғанға дейін Д.Трамптың Таяу Шығыстағы көп жағдайды білме­гені анық. Бұдан бөлек, АҚШ прези­денті Ұлыбританияны, Ресейді, Германияны, Қытайды Иранмен жасалған ядролық келісімнен шығуға шақырды. Таяу Шығыс­тағы ахуалға байланысты НАТО әскерін белсенді қолдануды да тілге тиек етті. АҚШ-тың бей­бітшілікті қалай­тынына тоқталып, қолда бар қарумен сес көрсетуді де ұмытқан жоқ.

«Қазіргі таңда Таяу Шығыс­­тың мұнайын қажет етпейміз. Энергетикалық тұрғыдан тәуел­сізбіз. Біз 2 трилилон доллар жұм­­сап, АҚШ әскерін қай­та жасақ­тап шықтық. Жауын­герле­ріміз бұрынғыдан өте әле­ует­ті. Раке­таларымыз үлкен, қуат­ты әрі нақты. Олар нысанаға дөп тиеді және ешкімді аман қалдыр­майды. Бүгінде дыбыстан да жыл­дам ұшатын көптеген зымыран жасаумен шұғылданып жатыр­мыз. Бірақ қару-жарағы­мыздың мықтылығы оны қол­дана­­тынымызды білдір­мейді. Біз­дің әскери және эконо­мика­лық күшіміз тұрақтылық үшін қажет», деді Д.Трамп.

Ақ үй басшысының халыққа жолдауы қазіргі таңда АҚШ-та қызу талқыға түсіп жатыр. Мә­селен, Конгрестегі рес­пуб­ли­кашылар оның сөзін бей­бітшілікке бастайды деп есеп­тейді. «Жауап қайтару үшін ғана жауап қайтару қажет емес. Өйт­кені ешқандай америкалық қаза тапқан жоқ», деді сенатор Линдси Грэм.

Тағы бір конгресмен Марк Мэ­доуздың пайымдауынша, Ақ үй басшысы «Американың соғыс­ты емес, де-эскалацияны қалай­тынын» бүкіл әлемге түсіндіре білді.

Алайда Конгрестегі демократ­тар Д.Трамптың жылы сөзіне сенбеген сыңайлы. Олардың пі­кірінше, Ақ үй басшысының мәлім­демесі АҚШ-тың Таяу Шығыста тағы бір соғыс бастамайтынын білдірмейді.

Осыған байланысты Өкілдер палатасы Д.Трамптың Иранға соғыс ашуына жол бермейтін қа­рар қабылдады. Бұл палатада демократтардың басым екені белгілі. Сондықтан қарардың қабылдануы таңғаларлық жағдай емес. Әйтсе де, оны Сенаттың мақұлдауы екіталай. Өйткені онда негізінен республикашылардың саны көп. Өз кезегінде республикашылар – Д.Трамптың негізгі жақтастары.

АҚШ президентінің мәлім­демесі Иранмен арадағы кикіл­жің оңтайлы шешілетінін көр­сет­кендей еді. Бірақ Теге­ран­ның маңында құлаған ұшақ пар­сылардың бас ауруына ай­­налатын түрі бар. Өйткені Ка­нада да, Ұлыбритания да Ukraine International Airlines ком­пания­сының әуе кемесі атып түсі­рілген деген пікірде. Сондай-ақ АҚШ-тың бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары да Боингтың апатына Иранды кінәлап отыр.

Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдоның айтуынша, ұшақты қателесіп атып түсіруі мүмкін. «Қолымызда ұшақты ирандық ракета атып түсіргенін көрсететін көптеген дәлел бар. Бұл – қателіктен жасалуы әбден мүмкін», деді Д.Трюдо.

Сондай-ақ Боингтың апат­қа ұшырауына байланысты туын­даған сұрақтың бәріне Канада тарапы жауап күтетінін жеткізді. Осыған байланысты апаттың себебін жан-жақты тексеру қажет­тігіне тоқталды.

Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон да украи­налық әуе кемесінің құ­лауына жерден атылған зымы­ран әсер етті деп есептейді. «Ұшақты Иранның «жер-әуе» санатына жататын зымыранмен атып түсіргені туралы мәлімет жеткілікті. Қателесіп атып түсіруі мүмкін», деді Б.Джонсон.

АҚШ президенті Д.Трамп та әуе кемесінің құлауына техни­калық себеп әсер еткеніне сенбей­тінін айтты. Оның пікірінше, ұшақ­ты байқаусызда атып құла­туы ықтимал.

Бастапқыда Иран билігі атал­ған айыптаумен мүлдем келіс­пеген. Ұшақтың белгісіз ақауға байланысты әуежайға қайта оралмақ болғанын алға тартты. Иран үкіметінің өкілі Али Рабиэи мұндай айыптауды Иранға қарсы жасалған психологиялық шабуыл деп есептейтінін жеткізді.

Әйтсе де, кейінірек Иран Боинг­тың атып түсірілгенін мойындады. Ел билігі келтірген деректерге сүйенсек, әуе кемесі Теге­­ран маңындағы әскери базаға таяу ұшқандықтан, сарбаздар оны жау ұшағына балап қателесіп атып түсірген. Осыған байланысты Сыртқы істер министрі Джавад Зариф халықаралық қоғамдастықтан кешірім сұрады.

Украина тарапы да апаттың нақты себебін анықтауға мүд­делі. Бұған дейін интернетте ре­сей­ліктер жасаған «Тор» зымы­ра­нының бөліктері құлаған ұшақ маңынан табылғанын көрсететін фотолар жарияланған-ды. Әзірге атал­­ған суреттердің қаншалықты шын­­дыққа сай екені анықталған жоқ.

Оқиға бұлай өрбігеннен кейін Украина президенті Володимир Зелен­­ский Ирандағы әріптесі Ха­сан Руханимен сөйлескенін, кінә­лі­лер жазасын алатынын мәлім­деді.

Сөздің қысқасы, Тегеран ма­ңында ұшақтың құлауы Иранға қиын тиіп тұр. Осы сәтті пайдаланып, бірақатар мемлекет Иран тара­пын айыптайтыны түсінікті. Экономикалық санкциядан қина­лып, генералынан айрылған елдің абайсызда Ук­раина ұшағын атып тү­сіруі жы­ғылғанға жұдырық болып тұр.