Әлем • 13 Қаңтар, 2020

Меркель Мәскеуге неге келді?

142 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ресей президенті Владимир Путин мен Германия канцлері Ангела Меркель Мәскеуде кездесіп, екі ел арасындағы бірқатар мәселені талқылады. Жоспар бойынша әңгіме барысында екі елге қатысты түйткілдер талқылануы тиіс-тұғын. Алайда, әңгіме ауаны жер жаһанды дүр сілкіндірген жаңалықтарға ойысты.

 

Меркель Мәскеуге неге келді?

Әсіресе жаңа жыл басталғалы тынышы кеткен Таяу Шығыстағы ахуал төңірегінде ой қозғады. В.Путин өңірдегі жағдай ауқым­ды әскери қақтығысқа ұлас­­пауына сенім білдірді. Ресей пре­­зидентінің пайымдауынша, аймақ­тағы соғыс әлем экономикасына кері әсер етпек.

Кездесу барысында Иранның ядро­лық бағдарламасы да сөз болды. Кремль басшысы да, бундесканцлер де бұған дейін­гі келіссөздердің маңызы зор еке­ніне келісіп, оны сақтап қалу­дың тиімділігін атап көрсетті. А.Меркельдің айтуынша, Гер­мания тарапы осы мақсатта бүкіл күш-жігерін сарп етпек.

Бұдан бөлек, мемлекет басшылары Тегеран маңында құ­лаған украиналық Боинг 737 ұша­ғына қатысты пікір алмасты. А.Меркель Иран билігі өз кінәсін мойындағандықтан апаттың себебі мен салдарын егжей-тегжейлі анықтаудың қажеттігін атап өтті.

Жалпы, жоспарланған кезде­судің негізгі мақсаты «Солтүстік ағын – 2» жобасының жүзеге асырылуы болатын. Аталған құ­быр желісі Ресейдің газын Бал­тық теңізі арқылы Германияға жеткізеді. Екіжақты кездесу барысында бундесканцлер жоба құрылысын тоқтатпауға шақырды.

Осы орайда, немістердің Ресей газына қаншалықты мұқтаж екені айтпаса да белгілі. Солтүстіктегі көр­шімізге мұхиттың арғы бетін­дегі алып держава АҚШ түрлі санк­ция салған-ды. Соған байланысты Еуропаның дамыған елдері Ресеймен қарым-қатынасына ұқып­тылық танытуы тиіс. Бірақ А.Меркель АҚШ-тың әрекетін қолдамайтынын білдірді.

«Германия да, басқа да Еуро­па елдері «Солтүстік ағын – 2» бастамасының қызығын көре­ді. Бәрі газ жеткізу қызметін жетіл­діруді көздейді, бірақ жобаның маңызы ерекше», деді канцлер.

Қысқасы, А.Меркель Кремль­дегі кездесуде ең алдымен өз елі­нің мүддесін жоғары қоятынын анық байқатты. Сондықтан алыс Америкадан келген санкциядан бұрын халықты газбен қамтамасыз етуді жөн санайды.

Алда-жалда «Солтүстік ағын – 2» жүзеге асып жатса, Ре­сей газының қызығын жалғыз Гер­мания ғана емес, Финляндия, Дания және Швеция да көреді. Ен­деше кім мұндай «майлы шелпектен» айрылып қалуды көздесін?!

Басқосу барысында Ливия­дағы ахуал төңірегінде де әңгіме қоз­ғалды. Ресей прези­денті В.Путин «Ливия ұлттық әскері» мен «Ұлт­тық келісім үкіметінің» оқ атуды тоқтатуға келісудің маңызын айт­ты. Кремль басшысының пікі­рінше, Ливиядағы жағдайдың шие­ленісуі елдегі қарапайым халық­қа ғана емес, бүкіл Еуропаға әсер етеді.

Екіжақты келіссөздерден кейін мемлекет басшылары бас­пасөз жиынын өткізетіні белгілі. Кремльдегі іс-шарада неміс журналистерінің бірі Ресейге салынған АҚШ санк­циясының әсері туралы сұраған-ды. А.Меркель мүдірместен Герма­ния мен Еуропа өз мүд­десін қорғай­тынын жеткізді.

А.Меркельдің бұл сөзі Трамп әкімшілігінің шамына тиетіні анық. Бундесканцлердің Ресейге сапармен баратыны анықталған сәттен бастап америкалықтар алаңдаушылық білдірді. Өйткені Ақ үй басшысы Д.Трамптың әрекеттерінен кейін, АҚШ пен Еуропаның дамыған елдері арасынан қара мысық жүріп өткендей көрінген. А.Меркель де, Франция президенті Эммануэль Макрон да бұған дейін бірнеше рет Трамптың шешімдерін сынаған-тұғын. Мәсе­лен, үш жолақты елдің басшысы НАТО-ны «ақылсыз» қалды деп мәлімдеп, АҚШ-ты сипай қамшылап өтті.

Оның үстіне, Д.Трамптың Иранға қатысты шешімдері Ресей үшін ыңғайлы болып тұр. Касем Сулейманидің өлімінен кейін Таяу Шығыста Мәскеудің ықпалы артуы әбден мүмкін. Ақ үй басшысы халыққа жолдауында НАТО әскерін өңірге көбірек кіргізуге үндеу тастаған. Бірақ мұндай мәлімдемені А.Меркель мен Э.Макронның қолдай қоюы екіталай. Сондықтан екеуі де алыстағы АҚШ-тан арбалағанша, жақындағы Ресейден дорбалағанды жөн санайтынын аңғару қиын емес.