Қоғам • 13 Қаңтар, 2020

Будан өнімнің зияны

648 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда адамзатты алаң­датып отырған дүние азық-түлік өнімдерінің гендік модификацияға ұшырауы. Бұл дегенміз – табиғи емес жасанды жолмен лаборатория жағдайында өндірілген, қазақша айтқанда будан өнімдер. Мысалы, АҚШ-та жеміс-жидекке жанды орга­низмнің ДНК-сін қосып будан өнім шығару ісі әлдеқашан жол­ға қойылған. Бұл тәжірибе қазір Қы­тай экономикасының да «жетістігі» саналуда.

Будан өнімнің зияны

Нақтылап айтар болсақ, америкалық ғалымдар камбала балығының ДНК-сын қосып қызанақтың жаңа сұрпын ойлап тапса, сол тәрізді кәдімгі күріштің тұқымына адамның бауырынан алынған ДНК-ны қосу арқылы өнімді құрт же­мейтін етіп шығарды. Осындай әдіс­пен картоп пен бәйшешекті де бу­­дан­дастырды. Будан өнімнің бас­ты ерекшелігі – тез арада іріп-шірі­мейді және оған зиянды жәндіктер жо­ламайды. Соңғы жылдары бидайға мысықтың ДНК-сын қосып будандастыру арқылы тышқан жемейтін «мысық-бидай» ойлап тапты қытайлық жеңіл өнеркәсіп мамандары.

Генетик ғалымдардың есебі бойын­ша қазір әлемде 1000 түрлі өсімдік тек­тес көкөніске гендік будандастыру жүргізу мүмкіндігі бар екен. Бүгінгі таңда бұлардың 100 түрі таңдап алынып, будандастырылған. Ең көп гендік модификацияланғандар – қызанақ, соя, жүгері, арахис, бидай, картоп... Былайша айт­қанда халық ең көп тұты­натын заттар.

– Будан өнімдер адамның денсау­лығына аса зиянды, – дейді ресейлік биолог-дәрігерлер. Олар бірнеше жыл бұ­рын қарапайым егеуқұйрықтарға тәжі­рибе жасап көрген. Әуелі жәндік­терді екі топқа бөліп, біріншісін әдет­тегі азықпен, екіншісін гендік моди­фи­­кацияланған азықпен жемдеп көр­ген. Тәжірибені жануарлардың шағы­лысуынан екі апта бұрын қолға алған. Нәтижесінде, таза азықпен қоректенген жануарлардың 7 пайызы, ал будан азықпен қоректенгендердің 56 пайызы өлген.

Сол сияқты тағы бір ресейлік дәрігер О.Бутакова өз отандастарына сырттан келетін өнімдерді, соның ішінде сәби балаларға арналған тағам түрлерін тұтынбау жайлы үндеуде. Әсіресе, АҚШ-та өндірілген жеңіл өнеркәсіп тауар­ларынан сақ болуға шақырады. Өйткені, америкалық өнеркәсіп өнімде­рінің 70 пайызы будан. Аустрия, Фран­ция, Германия, Грекия, Италия және Люксембург мемлекеттері өз елдеріне будан өнімдерді сырттан кіргізуге тыйы­м салып жатыр.

Будан өнімнің зиян екенін тіпті америкалық фермерлер де «айғайлап» айта бастады. Олар баққан сиырларының будан, жасанды жолмен дайындалған жем-шөп, малға арналған азықты тұ­тынуынан қауіптеніп отыр. Мысалы, квинстелік фермер Имран Дин өз малдарына модификацияланған вегетарианша және гармон егуден сақтанса, Торонтодағы Ислам институтының профессоры А.Кутти малға тірі ағзаның гені будандастырылып дайындалған азықты беруге болмайды, соңғы жылдары пайда болған «сиыр құтырық» ауруының көбеюіне себеп осыдан, дейді.

Жоғарыдағыдай жағдай өз елі­міз­дегі тауық өсіретін фермаларда кең етек алған. Құс өсіруші фермерлер сойылған тауықтың бас-сирақ, тұм­сық-тұяқ, жүн-жұрқа, қалдық етін далаға төгіп тастамай, оны ұнтақтап, химиялық зат қосып, жем жасап тірі тауықтарға береді. Қандасының етін жеп үйренген «каннибал» тауықтар алда-жалда араларынан біреуі сәл жарақаттанып, қан шықса болды, жапа-тармағай жабыла кетіп, дереу жеп қояды. Бұл үрдіс қазір тауық фермаларында үйреншікті жағдай. Дүкен сөрелерінде сіресіп тұрған тауық еттеріне де «елеңдей» жүргеніңіз жөн болар.

Тағы бір есте тұтатын дүние, ба­зар­­ларда сырты мұнтаздай тап-таза жеміс-жидектер мен көкөністер тізі­ліп тұрады. Жеп көрсеңіз не дәмі, не сөлі жоқ. Сатушы қарақ беті бүлк етпей: «Бұл Алматының апорты, ала қо­йыңыз» дейтінін қайтесіз. Неге олай? Бұл гендік инженерияның көме­гі­мен өндірілген, шеттен әкелінген ар­зан, жасанды жемістер. Бұл тарапта шығыс көршіміздің үлесі зор. Мұн­дай өнімдердің адам денсаулығына, ағза­сына, болашақ ұрпағына аса зиян екенін біле бермейміз!

Генетик ғалымдар модифика­ция­ланған өнімді үздіксіз пайдаланған жағ­дайда, адамның асқазан жолда­рындағы кейбір микроағзалар бөтен гендерді ұстап алып, оларды өз ДНҚ-сына айналдыруы мүмкін екенін айтады. Ал бұндай жағдай адам ағзасына қатерлі ісік пайда болуына әкелетіні әлдеқашан нақтыланған дүние. Оның сыртында модификацияланған картоп, соя, бұршақ өнімдері ішкі секреция бездерінің қызметін бұзып, аллергия дертін қоздыратыны экспериментальды түрде дәлелденіп отыр. Будан өнімнен сақ болайық, ағайын!