Аймақтар • 13 Қаңтар, 2020

Ұрылар ұзаққа бармады

403 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мал ұрлығына қатысты қылмыстық жаза күшейтілді. Бұл жаңалықты ел іші көптен күткен шарапатты шара ретінде қабылдады.

Ұрылар ұзаққа бармады

Өйткені, мал барымталау аймақтардағы белең алған қыл­мыс түріне айналғаны анық еді. Енді жазаның күшейтілуі бұл бассыздыққа тосқауыл болып, өңірдегі жұрт қорасындағы уақ жандық пен тұяқты малы үшін алаңдамайтын заман тумақ. Ал әзірге Алматы облысында да төрт түлікке тосыннан тиген ұры-қарының жымысқы әрекеті азаймай тұр. Тәртіп сақшыларының қылмыспен күресі нәтижесіз емес. Бірақ жазаның әлсіздігі бұл белдесуде теңсіздікке ұшырап тұрғанын жасыруға болмайды. Ал күрес жалғаса береді. Өткен жылы да барымташыларды құрықтау ісі жеміссіз аяқталған жоқ. Мысалға, аймақ полицейлері мал ұрлығына қатысты 680 қылмыстың ізін суытпай ашты. Жедел іздестіру мен анықтаудың нәтижесінде ұрланған 900 бас ірі қара малы меншік иелеріне қайтарылған. Сондай жағдайдың бірі Алакөл ауданының «Қазақстан» ауы­лында болды. 16 желтоқсан күні ауыл тұрғынының қора­сынан асыл тұқымды 9 бас сиыр ұрланған. Мал иесінің өз бетінше іздеген әрекетінен түк өнбей, полицияға шағым­даныпты. Алакөл ауданының полицейлері бір апта бойы із кесіп, ұрының алысқа ұзама­ғанын анықтапты. Үшарал қаласының 2 тұрғыны күдікке ілінді. Бұрын да мал ұрлап сотталған баукеспе бастапқыда бұлтарғанымен, артынан кінә­сін мойындапты. Олар ұрлан­ған малдың біразын сатып та үлгеріпті. 2 бас сиырды сойы­п, базарға саудалаған екен. Малдың құны 2 млн теңгеге бағаланды. Бұйырған 7 бас сиыр­ды мал иесіне қайтарған полицейлерге ауыл тұрғындары дән риза.

Жалпы, ауыл адамдары қорадағы малын ғана емес, үйіндегі бағалы заттарының да ұры-қарыға жем болғанына наразы. Өйткені аймақтарда үй тонау қылмысы да өршіп тұр. Әрине тәртіп сақшыларының жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ ұрлықтың жолын кесу үшін жазаның күшейтілуі жүгенсіз кеткендерге сабақ болуы ықтимал. Ал полицияның әрекетсіз отырмағандығына бір­неше мысал келтірейік. Жақында Алматы облысының Жамбыл ауданы аумағында тұрғын үйлерді тонап, оңай олжаға молынан кенеліп жүр­ген қылмыскер тобы қолға түсті. Полицияның арнайы опе­ра­циясы кезінде ұсталған ұры­лар 2 айда 16 үйді тонаған.

– Ұйымдасқан ұрылардың тобында 4 адам болған. Олар Жамбыл ауданының Қарғалы, Ұзынағаш, Қайназар ауылдарында үй тонаумен айналысқан. Негізінен ауқатты үйлерді то­руылдап, ақша, зергерлік бұ­йымдар мен тұрмыстық техниканы үптеп кетіп отырған. Қазір ұсталғандардың 16 ұр­лық оқиғасына қатысы бары анық­талды. Ұрылар қамауға алынды, – дейді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Серік Үпиев.

Сондай-ақ Талғар ауда­нының полицейлері 2 жыл бойы ұстатпай жүрген ұрыны құрықтады. 45 жастағы «әк­кі ұры» Талғар, Іле ауданы аумағында үй тонаумен ай­налысып келген екен. Қыл­мыскерді ұстауға тәртіп сақ­шыларына «Жаңа Қуат» коттеджді қалашығының тұр­ғындары жәрдемдескен. Күдіктінің ұрлық, тонауға қа­тыс­­ты 28 оқиғаға қатысы бары дәлелденіпті.

Айтпақшы, қоғамдық қауіп­сіздік мәселесін сөз еткенде тұрғындар арасында заңсыз қару сақтайтындар қатары азаймай отырғанын да айтуға тиіспіз. Тіпті ауылдарда заңсыз қару мен есірткі затын именбей алып жүретіндер көбейген.

Бірер мысал. Жақында Алматы облыстық Полиция департаменті есірткіге қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері мен Көксу аудандық полиция қызметкерлері Қар­тал ауылының тұрғынын ұс­таған. 25 жастағы азамат ұзақ уақыт бойына есірткі саудасы­мен айналысқан екен. Тінту нәтижесінде тұрғынның үйінен 33 грамм марихуана және отқа­ру мен оқ-дәрі табылды. Аңшы қаруының есептік нө­мірі қолмен өшірілген. Үй иесі қаруды және елуден астам оқты мұздатқышқа мұқият орап жасырыпты. Сұрақ-жауап кезінде қаруды қайдан алғанын түсіндіре алмаған. Сондай-ақ Талдықорған қаласындағы полиция патрулі күдікті көрінген көлікті тоқтатып, тексеру ке­зінде отқару тапты. «BMB» кө­лігін тізгіндеген 19 жастағы жігіт 16 калибрлі мылтық пен газ пистолетінің рұхсат қағазын көрсете алмаған. Тексеру ке­зінде бұл қару-жарақтың да тіркеу нөмірі қолдан өшірілгені анықталды.

Жалпы, облыс полицейлері 2019 жылы сатып алынған, тәркіленген 157 атыс қаруы мен 615 дана оқты заласыздандырыпты. Жойылған отқарудың денін тұрғындар өз еркімен құ­қық қорғау органдарына әкеліп тапсырған. Былтыр 97 адам ескі қару-жарақ пен оқ-дәрі өткізіп, оларға сыйақы ретінде 6,5 млн теңге бюджет қаржысы жұмсалған екен.

 

Алматы облысы