Парламент • 13 Қаңтар, 2020

Нұрлан Нығматулин: Шығыс Қазақстан – индустриялық әлеуеті мықты іргелі аймақтардың бірі

311 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттарының аймақтарға іс-сапары барысында Парламент Мәжілісі Төрағасы Нұрлан Нығма­тулин алғашқы сапарын Шығыс Қазақстан облысынан бастады. Биыл туғанына 175 жыл толатын ұлы тұлға Абай Құнанбайұлының туған өлкесіне атбасын бұрған Нұр­лан Нығматулин алдымен Семей қала­сындағы «Жидебай-Бөрілі» мем­лекет­тік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық мұражайында болды.

Нұрлан Нығматулин: Шығыс Қазақстан – индустриялық әлеуеті мықты іргелі аймақтардың бірі

Мәжіліс Төрағасы ұлы Абай қазынасы Қазақстан халқының рухани игілігі екенін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы ақын шығармаларын кеңінен насихаттауға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Мәжіліс Төрағасы Президенттің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласында көрсетілген Абай шығармаларын сақтау және Семейдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты алға қойған міндеттердің маңыздылығына тоқталды. Нұрлан Нығ­матулиннің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар Абайдың 175 жылдығын жоғары деңгейде өткізумен қатар еліміздің тарихи-мәдени мұраларын одан әрі нығайтуға жол ашатыны сөзсіз.

Осыдан кейін Мәжіліс Төрағасы Семей дәрігерлерімен кездесіп, онда Мәжіліс қарауына енгізілген «Денсаулық туралы» кодекс әңгіме өзегіне айналды. Нұрлан Нығматулин кодекстің жаңа жобасы елімізде медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға айтарлықтай үлес қосу керек екенін атап өтті. Заң жобасында аурулардың алдын алу, дәрігерге дейін және дәрігерлік көмек көрсету деңгейін анықтау, сондай-ақ трансплантологиялық жаңа қадамдарға қатысты көптеген жаңалық қарастырылған.

Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, қазіргі уақытта Палата қарауындағы үкіметтік нұсқа депутаттардың аймақтарға сапары барысында түрлі орталарда жан-жақты талқыланып жатыр. Негізгі құрамына Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері, сарапшылар, ҮЕҰ мүшелері, медициналық қызметкерлері кіретін жұмыс тобында аталған кодекстің бағыттары нақтыланып жатыр.

Дәрігерлер ғана емес, мектеп пен бала­бақша басшылары, психологтар мен қоғам­дық ұйым мүшелері қатысқан мазмұнды жиында трансплантология, алдын алу екпе­лері, скринингтік зерттеулер және басқа да мәселелер талқыланды. Мәжіліс Төрағасы бұл құжат туралы қорытынды жасауға әлі ерте екенін, барлық ұсыныс-пікір ескеріле отырып, халыққа қажетті, сапалы заң қабыл­данатынын айтты.

Сонымен қатар Нұрлан Нығматулин Өскемендегі Еңбекпен қамту орталығында болып, көп балалы аналармен және мекеме қызметкерлерімен жүздесіп, аталған орталыққа келушілердің әлеуметтік ахуалын, АӘК жаңа түріне байланысты құжаттық рәсімдеу жайын және қызмет көрсету сапасын назарына алды.

Мәжіліс Төрағасымен кездесушілер қатарында болған аналар түрлі мемлекеттік қолдау арқылы қол жеткізген жетістіктерімен бөлісті. Нұрлан Нығматулин осы жылдан бас­­тап көп балалы аналарға жаңа мем­лекет­тік жәрдемақы тағайындалғанын еске салды. Ол бала санына қарай 42,5 мың теңгеден 74 мың теңгеге дейін қамтиды. Бұл жәрдемақыны төлеуде отбасы кірісі есепке алынбайды. АӘК төлеудің міндетті шарты – еңбекке орналастыру. Тиісті білім немесе мамандық болмаған жағдайда «Еңбек» бағдарламасы арқылы мемлекет есебінен оқып, мамандық алуға мүмкіндік беріледі. Өткен жылдың 11 айы ішінде 12 мың қазақстандық қатысып, АӘК алып, өз бизнестерін ашқан. 120 мың ауыл азаматтары өздерінің жеке шаруашылықтары жұмысын жолға қойған.

Мемлекет басшысы жариялаған Волон­тер жылы жаңа бастамалар уақыты болмақ. Мәжіліс Төрағасы осы тақырыптағы ойын Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақ­стан мемлекеттік техникалық универ­ситетінде болған облыстық жастар мен еріктілер ұйымдары өкілдерімен кездесуде ортаға салды. Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарламаларын, сондай-ақ оларды заңнамалық қамтамасыз етудің басым бағыттары сөз болды.

Нұрлан Нығматулин Шығыс Қазақстан облысы өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы қатар дамыған, тәуелсіз еліміздің экономикасына зор үлес қосып келе жатқан табиғаты бай, индустриялық әлеуеті мықты іргелі аймақтардың бірі екенін айтты. Осы ретте Қазақстанның болашағы жастарда екенін алға тартқан Мәжіліс Спикері еліміздің жарқын келешегі жастардың туған елімізді өркендетуге белсене араласатынына сенім білдірді.

 

Шығыс Қазақстан облысы