Аймақтар • 13 Қаңтар, 2020

Сенаторлар Маңғыстауда кәсіпкерліктің дамуын талқылады

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасына жұмыс сапарымен Парламент Сенатының депутаттары Михаил Бортник пен Бақтыбай Шелпеков келді. Кездесу барысында сенаторлар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде сөз қозғап, осы салаларда болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістер туралы айтып өтті. Бұл туралы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметі хабарлады.

Сенаторлар Маңғыстауда кәсіпкерліктің дамуын талқылады

Бизнес - ел дамуының негізгі бағыты, қозғаушы күші. Сондықтан да кәсіпкерлер палатасының қатысуымен шағын кәсіпкерлікті несиелендіру жолдарын оңтайландыру мәселесі көтерілді. «Атамекен» микро қаржы ұйымы құрылған 3,5 жыл ішінде 2,2 млрд тг соммада шағын кәсіпкерлік субъектілеріне несие берген. Соның көмегімен облыста 405 бизнес нысаны ашылып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Статистикаға жүгінсек, екінші деңгейлі банктерден несие алып іс бастағандардан гөрі, «Атамекен» микроқаржы ұйымынан несие алғандар, шағын қаржыға көп адамды жұмыспен қамту жағынан ерекшеленеді. Сондықтан да шағын бизнесті несиелендірудің жаңа жолы ұсынылды.

- «Атамекен» микроқаржы ұйымымен берілген несиенің 97%-ын кәсіпкерлер өтеді. Артылған үміт ақталды, несиені ешқандай қиындықсыз рәсімдеп, оны өндіруде тәжірибе бар. Сондықтан да «Атамекенге» қаржы институттары, операторлармен тең дәрежеде жағдай жасалса игі.   Өйткені, іскерлер мен кәсіпкерлер палатасы ортасындағы делдалға уақыт та, артық қаражат та жұмсалып отыр. Шағын бизнесті несиелендіру шарттарын, әдістерін оңтайландыру қажет, деді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директоры Нұрбек Қарасаев.

Өз кезегінде Сенат депутаты Михаил Бортник: «Бизнесті несиелендіруді одан әрі жетілдіру, кәсіпкерлер палатасының осы жолдағы орнын айқындау мәселесін республикалық деңгейде көтереміз. Өйткені, бұл мәселе еліміздің барлық өңіріне ортақ. Кәсіпкерлікке халықты тарту, жұмыссыздықты азайту маңызды шаралардың бірі деп білеміз»,- деп нақтылады.

Кездесу соңында МО кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес төрағасы Бекмұрат Жүсіпов Маңғыстаудың сенімі мен үмітін арқалап жүрген сенаторларға сәттілік тіледі. Пайымды пікірлер айтылған келелі кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектестік білдірді.