Аймақтар • 13 Қаңтар, 2020

Сенатор Ләззат Сүлеймен Сарқан ауданында жеке қабылдау өткізді

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен жұмыс бабындағы сапармен Сарқан ауданында болды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенатор Ләззат Сүлеймен Сарқан ауданында жеке қабылдау өткізді

Сенатор Н.Островский атындағы мектеп-лицейде кездесу өткізді. Мектеп директоры Күлшат Мұқашева депутатқа мектептің жетістіктері туралы айтып, бірқатар проблемалық мәселелерге тоқталды. Бүгінгі күні 670 оқушыға есептелген мектепте 900 бала оқиды. Дегенмен, балаларды нормадан тыс қабылдағаны үшін директорға заң жүзінде айыппұл салынады. Директор осыған байланысты заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесін көтерді.

Сенатор сапары аудандық орталық аурухананың ғимаратында жалғасты. Оның құрылысы 30 жылға созылған болатын, бүгінгі күні барлық жөндеу жұмыстары аяқталды.

Сарқан политехникалық колледжінде болған кезде оқу орнының директоры Нұрахмет Мәткәрімов сенаторға апатты жағдайдағы студенттік жатақхананы көрсетіп, оны күрделі жөндеуге қаражат бөлуге көмектесуді сұрады. Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен айтылған барлық өзекті мәселелерді бақылауға алатынын жеткізді.

Сенатор жұмыс сапары аясында аудандық құқық қорғау органдарының басшыларымен, кәсіби және кәсіби емес медиаторлармен кездесті. Жүздесу барысында заңнамалық актілерге енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтырулар талқыланды.

Ләззат Сүлеймен сапар соңында азаматтарды жеке мәселелер бойынша қабылдады. Қоғамдық қабылдауға 3 адам өтініш білдірген болатын. Сарқан ауданының тұрғыны Николай Никонов нөсер жауынға арналған кәріз жүйесін ретке келтіру туралы мәселені көтерді. Арыстанбек Смаханов Сарқан қаласында денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу қажеттігін жеткізді. Екіаша мектебінің директоры Назгүл Бейісова мектеп ғимараты күрделі жағдайда екенін айтып, жөндеуге көмек көрсетуді сұрады. Депутат азаматтарды мұқият тыңдап, өз ойларын айтты.