«Ең алдымен Қазақстан Республикасының «Білім туралы» және «Педагог мәртебесі туралы» заңдарына «педагог» бірыңғай ұғымы енгізілгенін атап өткім келеді. Бұл нені білдіреді? Егер ағымдағы жылға дейін педагог қызметкерлер мен педагог қызметкерлерге теңестірілген қызметкерлер лауазымдарының арасында сатылық жіктелу болса, заң қабылданғаннан кейін бірыңғай ұғым пайда болды, яғни педагог – білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу, оның ішінде қосымша білім беру ұйымдарында оқыту және тәрбиелеу, сонымен қатар білім беру қызметін ұйымдастыру немесе әдістемелік қамтамасыз етуде кәсіби қызметті жүзеге асыратын, тиісті бейіндер бойынша педагогикалық немесе кәсіптік білімі бар тұлға. Тиісінше педагогтер лауазымдарының тізбесі 28 атауға дейін кеңейтілді. Педагогтің оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктілікті арттыру және тағылымдамадан өту түрлерін таңдауда кәсіптік құқықтары кеңейтілді», деді Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова.
Министрліктің мәліметінше, мектеп мұғалімдерінің сапалық құрамын арттыру үшін магистр дәрежесі бар тұлғалар үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы көзделген. Бұл әлемдік тәжірибе. Қазір еліміздің мектептерінде 7,5 мыңнан астам магистр жұмыс істейді. Орта білім беру ұйымына жұмысқа алғаш қабылданған педагогке бір оқу жылы кезеңінде тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагог бекітіледі. Педагогке тәлімгерлікті жүзеге асырғаны үшін бір базалық лауазымдық жалақы мөлшерінде қосымша ақы төленеді. Тәлімгер ретінде бекіту басшының бұйрығы негізінде орта білім беру ұйымының педагогі жұмысқа қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі. Сынып жетекшілігі және дәптерлерді тексергені үшін қосымша ақы мөлшері екі есе өсті. Педагогикалық шеберлік біліктілігі үшін қосымша ақы барлық педагогке лауазымдық жалақының 30%-ынан 50%-ға дейінгі мөлшерде белгіленеді. Бұл ретте білім беру ұйымдарының басқару құрамы үшін лауазымдық жалақының 30%-нан 100%-ға дейінгі мөлшерде басқарушылық шеберлігі үшін қосымша ақы төленетін болады. Қосымша ақының аталған түрлері аттестаттаудың сәтті нәтижелері негізінде төленеді. Жергілікті атқарушы органдар педагогтерге сыйақы түрінде кемінде 300 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ынталандыру төлемдерін белгілеуге құқылы.
Айта кететін тағы бір жайт, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атты мемлекеттік награданың жаңа түрі белгіленді. Бұл награда 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолдық төлем жасауды көздейді. «Үздік педагог» атағын иеленушіге Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерде және тәртіппен жыл сайынғы сыйақылар сақталады. Білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша халықаралық олимпиадалардың, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын дайындаған педагогке тиісті мемлекеттік білім беру ұйымының қызметі бойынша үнемделген қаржы есебінен үш лауазымдық айлықақы мөлшерінде бір жолғы сыйақы төленеді. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар бір жолғы сыйақы төлей отырып немесе сыйақысыз жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды тағайындау арқылы, сондай-ақ көтермелеудің өзге де тәсілдері арқылы, оның ішінде Қазақстан Республикасында белгіленген мереке күндеріне орай педагогтерді көтермелеудің қосымша шараларын бекітуге құқылы.
Педагогтерге кәсіби қызметін жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында заңда бірқатар өмірлік маңызды әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Бірінші, педагогке Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен тұрғынжайға, оның ішінде қызметтік тұрғынжайға және (немесе) жатақханаға, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне кепілдік беріледі, екінші, ұзақтығы 56 күнтізбелік күн жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы, үшінші, педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан орындарды бірінші кезектегі тәртіппен беру, төртінші, жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша педагогке: тұрғынжайды жалға алғаны және коммуналдық қызметтер үшін өтемақы төлемдерін, санаториялық-курорттық емделуге және демалуға жолдама сатып алу үшін толық немесе ішінара төлемдер қарастырылады, бесінші, кезекті еңбек демалысын беру кезінде күнтізбелік жылда бір рет кемінде бір лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы, алтыншы, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы құқықтарды қамтамасыз ету көзделген.
«Педагогтің жұмыс уақыты мен демалыс уақыты заң жүзінде регламенттелді. Педагогикалық қызметтің хронометражы еңбек саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін қағидалармен реттеледі. Педагогке жүктемені қысқарту бойынша нормалар жеке қарастырылған. Талис зерттеуі әріптестеріміздің жүктемесі ТМД, ЭЫДҰ елдерінен артық екенін көрсетті. Сондықтан заңда 2021 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептерде оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендету көзделген. Нәтижесінде шығармашылықпен айналысу үшін педагогтің бос уақыты көбейеді. Кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынады. Педагогті кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тарту және олардан шамадан тыс есептілікті талап ету бөлігінде Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңнамасын бұзғаны үшін ескерту көзделген, іс-әрекет қайталанған жағдайда құқық бұзушылық субъектісіне байланысты 60-тан 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қолданылады. Педагогке өзінің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде былапыт сөйлеуден, лайықсыз мінез-құлықтан, мазақ қылудан, әбес қылықтар (белгілер), заттар көрсетуден көрінген, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы құрметтемеушілік таныту – жеке тұлғаларға отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді. «Педагог мәртебесі туралы» заң педагогтердің мәртебесі мен беделін нақты арттыруға, оларды одан әрі кәсіби өсуге ынталандыруға және жалпы ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Парламент депутаттары өңірлерге бару аясында жергілікті жерлерде Заңды талқылауға белсенді қатысуда. Сондай-ақ Министрлік министрліктің жауапты қызметкерлерінің өңірлерге шығу кестесін дайындады, бұл жұмысқа аумақтық білім басқармалары мен Білім сапасын қамтамасыз ету комитеті қосылады», деді вице-министр.