Осы жерде аймақтағы негізгі өндіріс көзі агроөнеркәсіп кешені екенін айтқан ләзім. Бұл бағыттағы жұмыс қарқынды. Атап айтқанда, республика көлемінде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша Алматы облысының үлесі 17 пайызды құрап, өңірлер арасында бірінші орыннан көрінді. Осы еселі еңбектің көрінісін біз аймақтың бірнеше ауданына барған сапарымызда анық байқаған едік.
Нарынқолдық шаруалар 25,7 млрд теңгенің өнімін өндірді
Нарынқол топырағын «картоптың отаны» деп текке айтпаған. Ішкі-сыртқы нарықты «екінші нан» өнімімен қамтып отырған ауданның шаруалары биыл да қомақты табысқа кенелді. Өткен 10 айдың қорытындысы бойынша Райымбек ауданында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы құны 25,7 млрд теңгені құрапты. Жиын-терімнің түсімі әлі толық есептеліп болмағанын ескерсек, бұл көрсеткіш әлі де өсіп, 26,7 млрд теңгені құрайды деген болжам бар.
Ауданда негізінен картоп өсіріледі. Жалпы соңғы жылдар аралығында Райымбек өңірінде осы картап егістігінің көлемі 10 есеге артқан екен. Бұл жергілікті жұрттың жаппай жер еміп, несібесін еңбектен табуға жұмылғанын көрсетеді. Қазір ауылдағы ағайын картоп егістігінің көлемін 700 гектарға ұлғайтып, жиналатын өнімді 380 центнерге дейін жеткізіп отыр. Биыл да картоп 6 мың гектарға себіліп, одан 123 мың тонна өнім алынды.
– Аудандағы шаруа қожалықтары мемлекеттің көмегімен 240 тонна голландиялық «Санте» және «Агрия» сұрыптарын сатып алды. Нәтижесінде картоп егу көлемі бұрын 70 гектар болса, қазір көрсеткіш 10 есеге өсіп, 700 гектарға жеткізілді. Жаңа тұқымның, жаңа технологияның нәтижесінде өнімділік те артты. Бұрын әр гектарынан 170-180 центнерден картоп алынатын болса, енді 380 центнерге дейін өнім жинадық, – дейді Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов.
Сарқандықтардың өнімі сыртқы нарыққа шығады
Сарқан – нағыз аграрлы өңір. Ел-жұрт төрт түлік мал өсіріп, жер еміп, егін салумен күн кешуде. Әсіресе, қант қызылшасын өсіру қайта жанданып келеді. Биыл аудандағы шаруа қожалықтары тәтті түбір алқабының көлемін 2850 гектарға жеткізіпті. Табиғи өнім түгін тартсаң майы шығатын топырақтан алынады. Осы топырақта өнген өнімге сұраныс жоғары болатыны сөзсіз. Әсіресе шетелдік тұтынушылардың қызығушылығы артып келеді. Жыл басынан бері сарқандық шаруалардың 1245,8 тонна өнімін ресейлік және түркиялық кәсіпорындар тікелей сатып алыпты. Көкөніс пен түбірлі жемістен бөлек дәрілік шөпке деген тапсырыс үзілмеген. Майбұршақ пен дәнді дақылдар Ресейге жөнелтілсе, дәрілік шөптің алуан түрі Түркияға тасымалданыпты.
Биыл Сарқан ауданындағы ішкі жолдарды жөндеуге жіті көңіл бөлінді. Яғни, аудандық маңызы бар көлік жолдарын жөндеп, күтіп ұстау жұмыстарына 336,6 млн теңге қаржы жұмсалған екен.
– Жыл басынан бері Сарқан қаласының көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алмалы ауылының Сейфуллин және Қонаев көшесінде жол жабындысы орташа жөндеуден өткізілді. Асфальт салынып, мүлде жөндеу көрмеген аумаққа қиыршықтас төселді. Тағы бір жаңалығымыз, Балқаш көлі жағалауының инфрақұрылымын дамыту бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Келешекте бұл бағытта туризмді дамытуды қолға аламыз, – дейді Сарқан ауданының әкімі Марат Разбеков.
Алма бағы жайнаған «Атек Агро»
«Жер жаннаты – Жетісу» деген атау өңірдің табиғи ерекшелігіне қарата айтылғаны анық. Шындығында Алатау бөктерінде өсетін жеміс-жидектің нәрі мен дәміне тең келетін нәрсе әлемде некен-саяқ шығар. Қазір аймақта мәуелі бақ пен саялы бақша өсіру дәстүрі жалғасып, табысты еңбектің көзіне де айналып отыр. Бүгінде Алматы облысындағы жеміс бақтарының көлемі 23 мың гектар екен. Былтыр осы бау-бақшадан жиналған өнімнің көлемі 126 мың тоннаға жетіпті. Әсіресе уылжып піскен алманың үлесі 85 мың тонна шамасында болыпты. Дерек бойынша, еліміздің ішкі нарығындағы алмаға деген сұраныстың 95 пайызын жетісулық жеміс түрі қамтып отырған көрінеді. Осы алма бағын баптап өсіріп, сапалы өнім алып отырған кәсіп иесінің бірі – Жамбыл ауданының тұрғыны Жанат Алтынғадысұлы. Ол басқаратын «Атек Агро» серіктестігі биыл 54 гектар жерге тамшылатып суаратын алма бағынан мол өнім алды. Алманың «Пинк леди», «Фуджи», «Грэнни смит», «Гала», «Голден делишес» сияқты танымал сұрыптары шыққан шығынды өтейтіндей жеміс берді.
– Алма бағына тамшылатып суару әдісін қолдануды тәжірибеге енгізгенімізге үшінші жыл болды. Бұдан өнімділік артады, шығын аз. Күтіп-баптауы дұрыс болса, әр гектардағы көшеттен 30-45 тоннаға дейін алма жинап алуға болады. Тамшылатып суару құрал-жабдықтары Израильден, жас көшеттер Түркиядан әкелінген, – дейді «Атек Агро» серіктестігінің директоры Жанат Алтынғадысұлы.
Жалпы құны 850 млн теңге болатын бұл жобаның бір бөлігін «Аграрлық несие» корпорациясы қаржыландырса, қаражаттың қалған жартысы жеке кәсіпкердің үлесінде. Ал алма бағы 75 адамға жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр.
Алматы облысы