Руханият • 14 Қаңтар, 2020

Адалбақанның алар орны ерекше

758 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жазы жайлауда, қысы қыстауда көшіп-қонып жүрген қазақ халқының негізгі баспанасы – киіз үй болғаны бел­гілі. Ұлтымыздың көшіп-қону тәжірибесінен туындаған киіз үй – жаздың ыстығы мен қыстың суығынан, күннің ап­табы мен түннің дым-сызынан сақтаған. Көшпелі тұр­ғын үй – тез жығып, шапшаң тігуге, яғни көшіп-қонуға ыңғайлылығымен талай ғалымдарды таңғалдырған. Шын­дығында да, жарты сағат ішінде жығып-артуға, жар­ты сағат ішінде көліктен түсіріп, құрастырып алуға болатын мұндай үй бүгінге дейін еш жерде ойлап табылмады десек артық айтқандығымыз емес.

Адалбақанның алар орны ерекше

Осынау жиналмалы киіз үйдің керегесінен бастап, есігі, уықтары, шаңырағы ағаштан дайындалған.  Табиғи таза өнім ретінде, қазақ тұрмысында үй ішінде тұратын бұйымдар да ағаштан соғылған. Сандық, кебеже, жүкаяқ, ағаш төсек, адалбақанның қай-қайсы­сын алып қарасақ та ерекше шебер­лікпен жасалғанын көреміз.

Жоғарыда аталған бұйымдар­дың алғашқыларын көріп, біліп,  естіп жүргеніміз рас, алайда, адал­бақан жайлы көп айтыла бер­мейді. Ашаның көмегімен киіз үйдің шаңырағын күлдіреуішінен іліп алып, жоғарыға көтеретін адал­бақан киіз үйді құрған уа­қытта қолданылады. Ең қызығы, оның бұйым ретінде өзге де қыз­меттері бар екен.

Жалпы, қолөнершілер адал­ба­қанды ағаштан да, темірден де жа­сайды. Ертеде оны жасайтын іс­мерлерді «үйшілер» деп ата­ған. Үйшілер адалбақанға қызыл түсті қайың мен жеміс ағаш­тарын қолданған. Тарих бет­терін парақтар болсақ, адал­бақан ХІХ-ХХ ғасырларда ке­ңінен қолданыста болған екен. Әсемдік үшін ою-өрнектермен өрнек­телген адалбақанды күміс ілмектер және зергерлік әшекей­лермен безендірген, жиектеріне алты дана ілгіш орналастырған. Осыған қарап-ақ адалбақанды үй ішінде киімілгіш ретінде пай­даланғанын байқауға болады.  Оған киім, аяққап, қоржындар, тіпті қару-жарақтар ілген. Ер­теде адалбақан әйелдерді бо­сандыруға да пайдаланылған. Адалдықтың символы – адал­бақан жаңадан отау тіккен жастардың шаңырағын орнық­тыруға ықпал етуімен де құнды. Шаңырақтың иесі ретінде үй құ­растыруда оны тек ер кісілер ұстаған.

Байзақ аудандық тари­хи-өлкетану музейінің «Этно­графия» залындағы алты қанатты киіз үй­дің ішінен адалбақанды көру­ге болады. Қазақ халқының өт­кен та­рихынан, қазынаға бай қол­өнерінен сыр шертіп тұр­ған – адалбақанның ұлттық құн­дылық ретінде алар орны ерек­ше екендігін жастарға мей­лінше ұғындыру біздің басты пары­зымыз. Себебі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақа­ла­сында айтылғандай «Егер жаңғы­ру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды».

 

Айдана ШОТБАСОВА,

журналист

 

Байзақ ауданы