Аймақтар • 14 Қаңтар, 2020

Ауыл кітапханалары айрықша назарда

824 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Павлодар өңіріндегі елді мекендердің кітапханаларына ерекше көңіл бөлінбек. Осыған орай С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы 2020 жылды «Ауыл кітапханаларының жылы» деп белгіледі.

Ауыл кітапханалары айрықша назарда

«Ауылдық кітапхана – әлеуметтік орталық» жобасы аясында алдағы уақытта жергілікті елді-мекендердегі кітапханалар төмендегі 5 бағыт бойынша халыққа қызмет көрсететін болады: 1) Кітапхана - кітапханалық қызмет көрсету орталығы болуы тиіс. 2) Кітапхана - әлеуметтік орталық, яғни, мемлекеттік қызмет көрсету пункті ретінде қолданылады. 3) Кітапхана - әлеуметтік орталық ретінде ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің бас қосып, кеңесетін алаңына айналады.  4) Кітапхана - жергілікті билік органдары үшін диалог алаңы ретінде пайдаланылады. 5) Кітапхана – коворкинг орталығы (білім орталығы) ретінде халыққа қызмет көрсетуі тиіс.

Осылайша ауылдық кітапханалар тұрғындар үшін бірнеше бағыт бойынша қызмет көрсететін әмбебап орынға айналады. Аталған 5 бағыттың ауқымы кең. Мәселен, екінші бағыт бойынша ауыл тұрғындары жергілікті кітапхана мамандарының көмегімен e-gov.kz бағдарламасы бойынша электронды қызметтің игілігін көре алады. Сондай-ақ жергілікті билік органдары кітапханада әртүрлі бағыттағы кездесулер өткізуге мүмкіндіктері бар. Бұдан бөлек, ауыл кітапханаларында балалар мен жасөспірімдерге және егде жастағы адамдар үшін компьютерлік сауат ашу курстары ұйымдастырылады.  Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі адамдарға да кітапхана қызметі қолжетімді болады. Бұл орын аталған санаттағы азаматтар үшін рухани-мәдени қарым-қатынасты нығайтатын, қоғаммен етене байланысуға ыңғайлы демалыс орнына айналады. Белгіленген 5 бағыттың әрқайсысында осындай қоғам үшін маңызды мәселелер қамтылған.

Аталған бастаманының негізгі мақсаты – елді мекен тұрғындарын кітапханаға тарта отырып, ауыл кітапханаларының қолданыс аясын кеңейту. Кітапханаларды тек бір ғана мақсатта пайдаланбай, бірнеше бағыт бойынша қызмет көрсетуге бейімдеу. Бүгінде Павлодар облысы бойынша 231 кітапхана жұмыс істеп тұр. Оның басым бөлігі, яғни, 201-і ауылдық жерде орналасқан. Сондықтан да кітапхана қызметінің сапасын арттыруды елді-мекендерден бастау оң нәтиже беретіні сөзсіз.

С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы биыл бірнеше ауқымды жобаны жүзеге асыруды жоспарлауда. Оның ішінде ауылдық кітапханашылардың біліктілігін арттыру мақсатында форсайт сессия өткізілмекші. Шара барысында мамандар әр ауылдың кітапханаларына барып әдістемелік көмек көрсетеді. Сондай-ақ аталған жоба аясында жыл бойы тәжірибелік жұмыстар, тренингтер, семинарлар өткізу жоспарланған.

Алпысбай ХОНЖ,

С.Торайғыров атындағы

Павлодар облыстық кітапханасының қоғаммен байланыс менеджері