Аймақтар • 14 Қаңтар, 2020

Жарқайыңдағы жарқын жүзді кездесулер

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел ахуалы халық қалаулыларының ұдайы назарында болуы әбден дұрыс. Өңірдің тыныс-тіршілігіне етене қаныққанда ғана мәселелердің мәнісімен жете танысуға болады.

Жарқайыңдағы жарқын жүзді кездесулер

Жарқайың ауданы еліміздің астықты өлкелерінің бірі. Жалпы алғанда 600 мың гектардан астам егістік алқабы бар өлке үшін ауыл шаруашылығы дамуының маңызы зор. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты М.Теміржанов аудан әкімі М.Балпанмен бірге Державин қаласынының «Агропромтехника» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәжіліс залында ауыл шаруашылық ұйымдарының басшыларымен кездесті.

Кездесу барысында ауыл шаруашылық саласындағы өзекті мәселері талқыланды. «Ақбидай» ЖШС басшысы Г.Люлькович кадр тапшылығын тілге тиек етсе, «ОСАНА-Агро» ЖШС басшысы И.Пугачев ауылдарда мамандарға үй салу мәселесі бойынша кредиттер бөлу туралы мәселені көтерді. Ауыл шаруашылық ұйым басшыларын тағы бір мазалайтын сұрақ ол субсидиялау, осы сұрақты «Зернотранс АЕ» ЖШС В.Виничук көтерді. Мұрат Баритұлы барлық сұрақтарға түсіндірме берді.

Бұдан кейін Мәжіліс депутаты М.Теміржанов «Хлебная Нива» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.

Сол күні «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Теміржанов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Уәлихан ауылының тұрғыны А.Ахметов Петропавл-Жезқаған республикалық маңызы бар жолдың Уәлихан-Державин жоларалығын жөндеу мәселесін көтерсе, К.Дубровин Костычев ауылындағы мобильді байланыс жоқтығын айтып, тиісті қолдау көрсетуді сұрады.

Сондай-ақ Мұрат Теміржанұлы «Nur Otan» партиясы жүзеге асырып жатқан «Халыққа көмек» жобасының аясында тұрғын үй кілтін алған көпбалалы ана Ирина Камышованың пәтерінде  болып, отбасының тұрмыс-тіршілігімен танысты.