Спорт • 14 Қаңтар, 2020

Ақмолада қазақ күресі жанданып келеді

913 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетау қаласындағы «Қайрат» қазақ күресі залында жаңа жылдың алғашқы жарысы өткізілді. Боз кілемге 2005-2006 жылы туған жасөспірім балуандар шықты. 

Ақмолада қазақ күресі жанданып келеді

Жарыстың басты мақсаты боз кілемде белдесер жасөспірімдерді алдағы жауапты сындарға ширатып, жетілдіріп, шыңдап апару болатын. Кілем үстіндегі бақ пен бап сынаған сәтке 15 өңірден 125 спортшы жиналды. Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов балауса балуандар белдесуін тамашалауға келіп, осы сәтті пайдаланып, күрестен КСРО спорт шебері, Дағыстан жігіті, бүкіл санаулы ғұмырын Қазақстанда өткізген Ахмет Раджаповпен кездесіп, қапияда мүгедек болып қалған ардагер балуанға денсаулық тіледі. Ахмет Багаудинұлының әріптестері өз аттарынан сый-сыяпат жасады. Бұдан соң балуандар белдесуі басталып кетті.

–Жыл басындағы жарыс жасөспірімдер үшін алдағы сайыстарға сара жол ашады. Сондықтан болар олар қатысушылар саны биыл бірнеше есеге артты. Қазақ күресінің қанатының кеңге жайылып келе жатқанын сезіндік. Әрине, мықтылар жеңіске жетеді. Солардың арасынан құрама сапында күресетін балуандарды іріктейміз, дейді жарыстың бас төрешісі Марат Қойшин.

Қазақ күресінің Ақмола облысында да қанат жайып келе жатқандығы қуантады. Бұл үрдіс үлкен спортқа жетелеудің бастауы іспетті.

–Біздің ауданда соңғы жылдары қазақ күресі мықтап дамуда. Ол ауыл аймақта да жетіліп келеді. Соның игі нәтижесін көрудеміз. Облыс құрамасында бірнеше спортшымыз өнер көрсетуде. Жылдың алғашқы жарысына да кілең мықтыларды алып келдік, дейді Аршалы ауданының бапкері Жанай Ыбыраев.

Қазақ күресінен өткен жасөспірімдердің іріктеу чемпионатында күштілері жеңістің биік тұғырына көтерілді. Олардың арасында болашағынан  көп үміт күттіретін балауса балуандар қазақ күресі мамандарының назарына ілікті.