Аймақтар • 14 Қаңтар, 2020

Н. Мұқышев «Жайна» оңалту орталығында болды

111 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев Ақтөбе облысына атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа тетіктерін (бұдан әрі – АӘК) түсіндіру мақсатындағы жұмыс сапары барысында облыстағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрлық жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Н. Мұқышев «Жайна» оңалту орталығында болды

14 қаңтарда вице-министр Ақтөбеде ерекше қажеттіліктері бар балаларға қызмет көрсететін «Жайна» оңалту орталығында болды. 2019 жылы орталық пилоттық жобаны іске асыру аясында әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген, ол мүгедектігі бар адамдарға жеке оңалту жоспарына сәйкес оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.

«Бұл орталықтың пилоттық жобаға қатысуы өте маңызды деп есептеймін, себебі ол балаларға қызмет көрсетеді. Порталда оңалту шараларын таңдай отырып, ата-аналар уақытты үнемдеп, өз балаларына ыңғайлы форматта оңалтуды ұйымдастыра алды. Қазір біз өз қызметтерін ұсынатын медициналық-әлеуметтік мекемелердің саны үнемі өсуі үшін белсенді жұмыс істейміз. Бүгінде еліміз бойынша осындай 253 ұйым тіркелген» деді Мұқышев.

Ақтөбеде пилоттық режимде «Азаматтың әлеуметтік картасы» жобасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда әлеуметтік карталар 40 мыңға жуық қала тұрғынына, оның ішінде мектеп оқушыларына берілді. Олар әлеуметтік төлемдер алуға, қоғамдық көліктерде жол жүруге және мектепте тамақтануға арналған. Төлем кезінде иесінің жеңілдік санаты ескеріледі.

«Ақтөбе облысы әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруға белсенді қатысуда. Мысалы, қазір біз әлеуметтік картамен автобуста жол ақысын төлеудің ыңғайлылығын, бәрі қалай жұмыс істейтінін тексереміз. Ақтөбе қаласы жобаны пилоттық режимде іске асыра бастаған алғашқы қала болды. Оның 30 мыңы –мектеп оқушылары, 1,5 мыңнан астам транзакция Ақтөбе қаласында карталармен жүргізілді» деді Нариман Мұқышев.

Жеңілдік санатындағы 2 мыңнан астам мектеп оқушысы әлеуметтік карталар алды.

«Мұнда біз үшін өте маңызды сәт бар. Біз мектептерде тегін тамақтануға тиісті оқушыларға қатысты мүмкін болатын кемсітуді болдырмауға тырыстық. Сондықтан да мұндай механизмді ойластырдық: баланың жеңілдік санатына жататынына немесе жатпағанына қарамастан, түскі ас ақысын төлеу кезінде барлығына бірдей чек беріледі» деп түйіндеді вице-министр.

Естеріңізге сала кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ірі жобаларды жүзеге асыруда. Олардың ішінде электрондық еңбек биржасы, электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі, отбасының әлеуметтік картасы, азаматтың әлеуметтік картасы, әлеуметтік қызметтер порталы және т.б. бар. Бұдан басқа, министрліктің 40 қызметін электрондық және проактивті форматқа көшіру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.