Қазіргі уақытта ауруханада әр түрлі жарақат алған 4 науқас бар, әуе апатынан зардап шеккен 9 адам Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары мен Алматы облысының стационарлық ауруханаларында ем алуда.
Депутаттар ауруханада зардап шеккендермен әңгімелесті және апатты тексеру жөніндегі жағдай депутаттардың бақылауында екенін атап өтті. Бүгінгі күні зардап шеккендердің жағдайы орта дәрежеден жақсарып келе жатқаны жөнінде бағаланып отыр.
Оқиға салдарынан 69 адам зардап шеккен болатын, ауруханаға жатқызылған 52 жолаушының 9-ы бала екені белгілі. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін 7 адам амбулаторлық емделуге жіберілді.
Бүгінгі күні дәрігерлер 22 емделушіге, оның ішінде 2 балаға операция жасады. Жедел әрекеттерден басқа, медицина қызметкерлері зардап шеккендер мен туыстарының бәріне психологиялық көмек көрсетті. Психологиялық көмек көрсету және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге 223 медицина қызметкері тартылды, оның ішінде қалалық ұйымдардан, Республикалық психиатрия орталығы мен Қазақстан Республикасы психологтарының қауымдастығынан 110 психолог болды.