Руханият • 15 Қаңтар, 2020

Аристофан. Ғасырлар үндестігі

791 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Аристофан. Ғасырлар үндестігі

(Соңы. Басы 8-нөмірде)

 2-бөлім

Сатира мен сынның досы – халық, жауы – билік. Солай болған, бола да бермек. Табиғат заңы секілді бұл да оңай өз­гере қоймайды. А.Чеховтың «Студент» деген әңгімесінде: «... осындай үскірік жел Рю­риктің кезінде де, Иоан Грозныйдың кезінде де, Петрдің кезінде де азынап соғып тұрған, бұдан кейін де соға бермек» деген сөйлем бар. Сол сияқты, шындықты айтқан ақын-жазушылар ешқашан биліктің сүйіктісі бо­лып көрмеген, солай бола да бермек.
Б.з. д.  426 жылы қойылған «Вавилондықтар» ат­­ты комедиясында Аристофан қоғамның өмір-салтын, мемлекеттің солақай саясатын өткір сынға алды. Дәл осы кезде Афинаға Леонтий елшілігінің басшысы, софист Горгий келіп жатқан болатын. Аристофан қала әкімшілігі мен қала тұр­ғындарының көрші мемлекеттің алдауына түсіп, болымсыз келіссөздерге келіп, тиімсіз шарт жасасқандарын ашық түрде әжуалады. Қаһарлы Клеон Аристофанды сотқа берді. Аристофан сот алдындағы жауапкершіліктен оңай құтылып кетті, өйткені, пьесаның авторы Аристофан емес, Каллистрат боп көрсетілген еді. Әрине қала басшысы ретінде Клеон пьесаның шын авторы Аристофан екенін жақсы білді, бірақ, афишада Каллистраттың аты жазылғандықтан іс жүзінде драматургтен өш ала алмады.

Аристофан мен Клеонның бір-біріне жауығуы ұзаққа созылды. Кезекті бір кезеңде драматург ымыраға келудің амалын тауып, Клеон саясатын сылап-сипаған шығарма жазған соң, құдіретті демогог Аристофанмен достастым деп, оны тәубеге келтірдім деп мәз боп жүргенде, арада бір жыл өтер-өтпесте Аристофан тұңғыш рет өз атымен атақты «Салт аттылар» комедиясын жарыққа шығарып, Клеон саясатын өлтіре сынға алды.

Аристофанның алғашқы комедия­ларының бірі – «Ахарняндықтар» бас бәйгені жеңіп алған соң, өзінің шығар­машылық мүмкіндігіне сенімі үдей түс­кен ол келесі бір әйгілі шығармасын «Салт аттылар» комедиясын жазды. Бұл шығар­ма да бас бәйгеге ие болды (424 ж.). Комедия негізінен өзіне-өзі сенген бишікеш Клеонды масқаралауға арналған еді. Өзімшіл, демагог басшыға деген қарсылығын Аристофан бұдан бұрынғы «Ахарняндықтар» атты комедиясында өлтіре сынап: «мен оны (Клеонды) тулақтай турап, атты сарбаздарыма ұлтарақ етіп үлестіріп беремін» деген болатын. Бұл комедияда Клеонның саяси билікке деген жанталаса ұмтылысын Аристофан батыл әшкерелей білді. Бірақ, ешқандай актер Клеонның бетсірісін (мас­касын) киюге келіспеді. Өйткені дәл осы кезеңде Клеонның Пилосқа жасаған жо­рығы жеңіспен аяқталып, ол атақ-даңқтың биігінен көрініп, ел алдында ықпалы күшейіп тұрған шағы еді. Ондай адамның ролін ойнауға ешкім келіспеген соң, Аристофан ерлік үстіне ерлік қосып, Клеонның бетсірісін өзі киіп, өзі ойнады. Клеонды билік биігінен тайдыру үшін актерлер оған қарсы сауатсыз, дөрекі, қара күштің иесі, ішекке ет тығып, колбаса жа­сау­­ды ғана білетін колбасникті қарсы қоя­ды.Пьесаның әрі авторы, әрі өзі жек көретін Клеонның ролін ойнап жүрген Арис­тофан күтпеген жерден өзіне қарсы шық­қан ащы айғай мен боғауыз, былапыт, анайы, дөрекі күшке қарсы тұра алмай, өз ор­нын амалсыздан колбаса жасаушыға береді.

Соған қарамастан Аристофанның бұл комедиясы бас бәйгеге ие болды. Гре­киядағы атам заманнан қалыптасқан шығармашылық еркіндікке билік тұсау  сала алмады.

Жауласу жаңа фазаға көтеріліп, Клеон Аристофанды «біздің азамат емес» деп сотқа тағы тартты. Клеон бұл жолы да драматургті жеңе алмады. Керісінше, Арис­тофан сот залында Клеон саясатын тас-талқан етіп сөзбен сынады. Амалы тау­сылған Клеон Аристофанмен төбелесіп тынды. Төбелес оңашада, немесе, кабинетте емес, тура спектакль жүріп жатқан кезде кенеттен бұрқ ете қалды.

Клеон қала басшысы ғана емес, Афи­надағы ең ірі тері илеу цехының қожайыны болатын. Оның осы кәсібін мазақ етіп, кәсіпкер Ксенфий:

«Аузыңды жаба тұршы! Сенің айтқан сөз­деріңнен илеген терінің иісі шығады!» деген репликадан соң Клеобольд: «Ей, пенде, сен билікке лайық емессің! Қарашы, сен басқарған қала құрып, бітті!» дегенде ашу-ызаға булыққан Клеон сахнаға атып шығып, орхестрдің жанында тұрған Арис­тофанмен айқаса кетеді. Көрермендер әуел­гіде бұл көріністі спектакльдің оқыс сюжеті ретінде қабылдап, не болғанын түсінбей аң-таң боп тұрғанда, сахнадағы адамдар актерлар емес, бірі қала басшысы Клеон, екіншісі сүйікті ақындары Арис­тофан екенін танып, халық қыран-топан күлкіге батады.

Халықтың қыран-топан күлкісі сабасына түсіп, оқиға сабырлы қалыпқа көше бастағанда, Клеон полицайларын ертіп, жұртты қақ жарып сыртқа шыға бер­ген кезде Аристофан көрермендерге қарап: «Төңіректегінің бәрі қирады, демагогтар есіктен шығып бара жатыр!» деп айғай салады.

Аристофанды өз жағыма тарттым деп тоқмейілсіп жүрген Клеон, ойламаған жер­ден гректерге тән қызу қандылыққа салынып, сахнада төбелес шығарғаны үшін қатты өкінді. Өкініп қана қойған жоқ, афиналықтар үшін қасиетті алаң боп саналатын театр сахнасында бұзақылық танытқан адам ретінде моральдық сот алдында жауап беруіне тура келді. Әрине қала басшысы ретінде ол амалын тауып ауыр жазадан құтылып шықты, бірақ оның Аристофанға деген өшпенділігі арта түсті.

Жоғарыда айтып өткеніміздей Арис­тофан өмір сүріп, шығармашылық шабыты тасып тұрған кез ұзаққа созылған Пе­леотоннес соғысының кезіне дөп кел­ді. Ол өз шығармаларында халықты бей­біт өмір сүруге, билеуші топ пен әс­кери генералдарды соғысты тоқтатып, шаруашылықпен айналысуға  шақырумен болды. Сол рухта «Бейбітшілік» деген пье­сасын да жазды. Бұл шығармасында дра­матург соғыстан басқаны білмейтін спартандықтарды қатты сынға алды. Өзінен кіші елдерді жаулап алу арқылы тапқан олжа халықтың несібесі бола алмайтынын, керісінше, олжамен күн көрген халық еңбек етуді ұмытып, жаппай жалқаулыққа,  керенаулыққа, өзімшілдік пен өткінші даңғойлыққа  ұрынып, сол жалқаулық қандарына сі­ңіп, ұлттық менталитетке айналып ке­туі мүмкін. Сондықтан варварлармен (афиналықтар өздерінен басқаны варварлар деп атай берген) соғысты тоқтатып, ата-бабаларымыздың еңбексүйгіштік қасиеттерін қайта қалпына келтіріп, жер жыртып, егін егіп, ғылым-білім мен мәні кетіп бара жатқан мәдениетімізді қайта өркендетуді қолға алу керек. Ол үшін елдің ертеңін емес, бүгінгісін ғана ойлайтын, барлық бастамалар мен ірілі-ұсақты оқиғалардан тек қарақан басының ғана пайдасын ойлайтын сарнауық демагогтардан, жалған уәде, жалған сөздері арқылы халықтың көзін тұмшалап біткен, олар­ды еркін ойлардан алыстатып бара жат­қан сая­си көзбояушылардан тезірек ары­луымыз керек деген ащы да батыл пікірлерін Аристофан «Бейбітшілік» деген пьесасында ғана емес, барлық шығармаларында төтесінен де, жанамайлап та айтудан қаймықпады. Дамудың демократиялық жолын жүзеге асырып, ой бостандығы, сөз еркіндігі, пікір алуан­дығы, шығармашылық еркіндік, адам құ­қығы деген қағидаларды заң жүзінде бекітіп, сол идеямен өмір сүріп келе жатқандарын Сицилияның, Римнің, қала берді басқа да мемлекеттердің алдында, біздің ғана ерекшелігіміз» деп мақтан тұтатын Грекия өз заңдарына өздері қай­шы келіп әр комедиясында мемлекет саясатын өлтіре сынап келе жатқан Аристофанды қатаң жазаға тартудан амалсыз бас тартып келді. Ең ғажабы, шығармашылық пен ой еркіндігінің дамығаны сондай, Аристофан өмір сүрген 60-70 жыл аралығында адамзат санасына жарық жұлдыз боп қалыптасқан ұлы тұлғалар да қатар өмір сүрді. Олардың барша жұртқа белгілі бес-алтауын айтсақ та жеткілікті: Платон, Сократ, Диоген, Демосфен, Аристофан, Еврипид, Эсхил, Софокл, Кратин. Олар да бүгінгі біздер сияқты бір-бірімен араласып, пікір алмасып, ой таластырып,  кей сәтте жанжалдасып та қалып жатты.

Драмалық өнердің құдайы Дионис Афина театрының көрермендері бұрынғы биік талғамын жоғалтып алғанына өкініп, драматургтер арасындағы жыл сайын өтетін жарысқа өзі басшы боп, оған Эсхил, Еврипид, Софоклды да шақырады. Бұған дейін жүлделерді кімге беру керектігін дауысқа салу арқылы көрермендердің өзі шешетін. Көрермен залында 16-17 мың адам отыратынын ескерсек, жеңімпазды анықтау үшін қаншалықты ұзаққа созылатын процесс екенін түсіну онша қиын емес. Қатар-қатар тұрған әр автордың жәшігіне көрермендер алдын ала дайындалып қойған қойдың құмалағындай домалақ тастарды тастап шығып, әр автордың жәшігінде қанша тас бар екенін он шақты адамнан тұратын комиссия мүшелері санап шығады. Кімнің тасы көп – соған  орай 1,2,3-орындар анықталады. Дәл осындай «тас санау» кезінде комиссия мүшелерінің әділетсіздікке жол беріп алатын кездері жиі ұшырасып тұрыпты. Қалың көрерменнің зор құрметіне бөлен­ген Аристофан екі рет екінші орынды, бір рет үшінші орынды иеленгеніне қатты назаланып «Бейбітшілік» ат­ты комедиясының соңында өзі сах­наға шығады. Көне Грекияның театр зерт­теушілерінің еңбегінде, оған  арналған өмір­баяндық мақалалардың бір де бірінде Арис­тофанның түр-тұлғасы мен мінез-құлқы жайлы нақты деректер жоқ. Бар білетініміз – оның басы таз болыпты. Бұл кезде оның жасы отызға толар-толмас кезі екен. Оның басының таз болғанын өз­гелердің жазуынан емес, өзінің айтқаны арқылы білеміз. Дәл осы «Бейбітшілік» комедиясы біткен соң Аристофан қалың жұртқа қарап өзіне тән әзіл-шыны аралас сөзімен: – Кәрі  демей, жас демей сіздердің барлықтарыңыздың міндеттеріңіз – маған дауыс беру. Көріп тұрмын, көрермендердің басым көпшілігі мен сияқты ойма таз екен. Ертең жеңіс тойын тойлай қалсам, үлкен дастарқан үстінде «мына табақ ойма тазға, мына табақ қима тазға, мына табақ қырма тазға» деп бөлек-бөлек сыбаға тартылады. Таз деп айтқаныма намыстанбаңыздар. Бүкіл әлемдегі ақылды ақындардың бәрі де таз болған, маңдайлары кере қарыс болған. Таз еместерің де маған дауыс беріңдер, өйткені бүгін таз болмасаңдар ертең боласыңдар. Маған дауыс беруге асығыңдар!» деп жалынды сөз сөй­легеннен  кейін әлеумет біткен ду күліп, көп­шілігі Аристофанға дауыс беріп, ол «Бейбітшілік» комедиясы үшін бас бәй­гені иеленеді.

Аристофан заман­дастарының арасында ақынға деген Пла­тонның сүйіспеншілігі ерекше еді, ол оның поэзиясына бас иетін. Аристофан қайтыс болғанда Платон бы­лай деп  эпиграф жазды: «Муза өзі тұрақ­тайтын храмды ұзақ іздеумен болып еді, ақыры оны тапты; ол храм – Арис­тофан­ның жан дүниесі еді».

Аристофан мен Сократ арасындағы идеялық келіспеушілік драматургтің «Бұлттар» атты жаңа комедиясында (423 ж.) айқын көрініс тапты. Бұл пьесасында Аристофан Софистиканы, сол идеяны уағыздаушы Сократты мазақ етуге дейін барып мұндай жаңсақ қағиданың ха­лық үшін зиянды екенін, ондай идея кісі­лікті, адамгершілікті аяққа таптайтын, қалыптасқан дінді хақ жолынан тайдыратын, отбасын бұзуға әкеп соғатын, жастарға мүлдем теріс тәрбие беретін кертартпа ілім деген ойын күлкілі сюжеттер арқылы аямай әжуа етті. Аристофан Сократ пен Софистиканы  қосарлай сынап, жас буынды ұятсыз сезім мен бұзақылық жолға итермелейтін жат дәстүрге мейлін­ше қарсы болды. Сократ философиясы жайлы мұндай түсініктің негізі қате екенін біле тұрса да, замандастарының басым көпшілігі Аристофан жағында болды, өйткені, жалпы халық та, Аристофан да Сократ диалектикасы мен софистиканы қатар қабылдай алмады. Софистика жастарды теріс жолға түсіреді деген ойын дәлелдеу үшін Аристофан қарызға белшесінен батып, одан құтылудың амалын таппай жүрген қарт Стрепсиадтың шарасыз күйін көрсетеді. Ал Софистер бол­са қиындықтан құтылу үшін адамдар­ды юриспруденцияның нәзік жолдарын мең­геріп, шешендік өнерді үйренуге шақырады. Софистика ілімінің мұндай қиын жолын түсінбеген Стрепсиад жаңа ғылымды меңгерту үшін бұдан бұрын өзін қарызға батырған алып-ұшпа баласы Филиппидті оқуға жібереді. Қарыздан құтылудың жолын үйреніп келеді деп сенім артқан баласы қаржылық қарым-қа­тынастың «жаңа әдістерін» – боқтық пен бұзақылықты, жаңа оқудың нәтижесінде ешкімді аямауды, ешнәрсені қасиетті деп санамауды үйреніп қайтады. Ақшаның жолында әкесіне де, шешесіне де қол  жұмсаудан тайынбайтын нигилист, эгоист боп қайтады.

Аристофан бұл шығармасында өзі­нің ежелгі танысы Сократты ғана күлкі­лі сынға алып отырған жоқ, соны­мен бірге, Сократты жаңа идеялары үшін даныш­пандықтың символына айналды­руға бет алған қара халықты келемеж етіп отыр.

Оқиға мен күлкіге бай, тапқыр сценалар мен терең ойлары көрермендерді сас­пенс пен катарсиске емін-еркін енгізе білген осындай шығарма бар-жоғы үшінші  бәйгеге ғана ие болды. «Бұлттар» комедиясы Аристофанның мазмұны терең, көркемдік қуаты жоғары шығарма бола тұра оның үшінші орын алғанына күйінген Аристофан барлық кінәні судьялардан көрді, көрермендерге ренішін ашық айтты. «Оның (Аристофанның) қауіп-қатерді сейілтіп, елге төнген тажал бұлтын кері серпігенін жақсы білесіңдер өткен жылы сендер оған мән бермедіңдер. Ол сендердің саналарыңа  таным мен сенімнің жаңа дәнін сеуіп еді, бірақ ол дән көгермеді, өйткені, сендер ол дәннің қасиетін түсінбедіңдер. Ал шындығына келгенде, Дионистің атымен ант етемін, бір ант ету аз болса екінші рет тағы ант етемін, дәл ондай тамаша комедияны одан бұрын ешкім жазған жоқ еді және жазбайды да!». Бұл ащы сөздің бір ұшы қарт драматург  Кратинге де тиіп жатты, өйткені, осы жарыста бірінші орын Кратинге, екінші орын Амипсияға берілген-ді. Осыдан бір жыл бұрын қойылған «Салт аттылар» комедиясында Аристофан қарт Кратинді жасы келсе де әлі шарап ішуін қоймаған, соның салдарынан шығар­малары масаң адамдай топастана бастаған, оның бойындағы лира да тозып бітіпті» деп кінәлағанына Кратиннің «Кішкентай құтылар» («Фляжки») деген комедиясы себеп болса керек. Аристофан шығармасындағы көп сөзділікті әжуа еткен Кратин: «О, Аполлон! Мына ақын­ның аузынан төгілген сөз тасқынына қараң­даршы! Оның аузынан ағылған сөздер таудан аққан асау Илис өзенінің суындай жолындағылардың бәрін жапырып келеді. Егер оның аузын тез арада жаппасаңдар бәрі­міз су астында тұншығып өлеміз!» деген болатын. Аристофан өш алу үшін Кратинді әлгіндей сынға алған еді.

Көп ұзамай Кратин шал қайтыс бол­ғанда Аристофан қатты қайғырып, өзінің кезекті комедиясы «Құрбақаларда» оның есімін зор құрметпен атап, Кратинді коме­диялық өнердің қаһарманы деп атады.

Достық пен бәсекелестік, өкініші мен опынысы  қай заманда да қатар жүретін өмір заңы осылай!

Ұзаққа созылған Пелоепоннес соғысы аяқ­талуға жақын қалып, халықтың көңіл-күйі көтеріле берген тұста Афинаны тағы бір апат қауіпі тұмшалап алды. Сицилияға жібе­рілген әскер түбегейлі жойылып, азда­ған қашқындар ғана елге оралды. Мемлекет өзіне тиесілі көптеген үлесінен айрылды. Спартандықтар Декелеяны басып алып, Аттиканың орталығына ор­нық­қан соң, енді Афинаның өзіне қауіп төн­діре бастады. Ел басына қауіп төнген осын­дай аласапыран шақта комедиялық поэзия мен сатираға қайдан орын болсын? Аристофан осы кезде өзінің атақты пьесасы – «Лисистратаны» жазды. Қолына қалам алған сәттен бастап билік пен халық­ты  бейбіт өмір сүруге шақырып келген Аристофан, бұл жолы соғысқа қарсы ашық «майданға» шықты. «Лисистрата» комедиясында бүкіл Грекияның әйелдері Афинаға жиналып, елді күйзелтіп біткен соғысты тоқтату үшін жаппай ереуілге шық­ты. Әйелдер Акропольды басып ал­ды. Афина үкіметінің әйелдерді ол жер­ден қуып шығуға шамалары жетпеді. «Егер соғыс тоқтамаса біз бұдан былай күйеу­лерімізбен бірге тұрмаймыз. Тұр­сақ та бір төсекте бас қоспаймыз, бас қос­сақ та олардың дегеніне көнбейміз!» деп ұран­дады Лисистра. Ақыр соңында ер­кек­тер әйелдерінің айтқандарына көніп, со­ғысқа барудан бас тартып, билік жау­лас­қан жақпен келісімге келуге уәде бе­реді.

Бір кезде Еврипидті жалаң сезімді жырлағаны үшін қатты сынға алған Арис­тофан, бұл жолы өзі де әйелдерді сах­наға жалаңаш күйінде шығарудан қы­сылмады. «Мен мұндай ұятсыз көрі­ніске әдейі бардым. Еркектердің тағы да мағынасыз со­ғыста қырылып, әйелдердің жесір, бала­лардың жетім қалғанын көруден гөрі әйелдеріміздің жартылай жалаңаш де­несіне аз уақытқа болса да көз салып қой­­ғанымыз айып емес шығар. Оның үстіне, сахнада жартылай жалаңаш жүрген әйел­дер ешқайсыларыңыздың басы байлы әйел­деріңіз емес, актрисалар. Әрі-беріден соң, олардың кейбіреулері еркек. Мен бұл амал­ға еріксіз бардым!», деп түсіндірді Арис­тофан өзіне тән юмормен спектакль біткен соң.

Пелоепоннес соғысының  аяқталар шағында Афина халқы бұрын-соңды болмаған кедейшілікті бастан кешіп, ел ашаршылыққа ұрынды. Бірақ соғыстың аяқталып, бейбіт өмірдің лебін сезген афиналықтар алда тұрған тыныш за­манның тәтті үмітімен рухтанып, бұл қиын­дыққа да төзе білді. Афина қаласы қаңырап қалды. Соғыстың қайнап тұрған шағында талай ерлік пен тапқырлық танытқан әскер басыларының көбісі не өліп, не басқа жақтан нан табуға көшіп, кейбіреулері жазаға тартылып, өлім жазасына да кесілді, енді біреулері жер аударылды. Бас бәйгеге ие болған «Құрбақалар» комедиясынан соң Аристофанның да өткір сатирасы «жұмсақ» комедиялармен астаса бастады. Бұрынғы  ұлы ақындардың бәрі қайтыс болып, бірін-бірі сынап, келемеж етіп жүрген Кратин мен Эвполис та о дү­ниелік боп кетті. Өмір бойы айтысып, арпалысып өткен Клеон да Аристофанды не заң жүзінде, не моральдық тұрғыда бір­жолата жеңе алмай, екіұдай күйі мәңгілік көз жұмды. Софокл мен Еврипид те өмір­мен қош айтысты. Не қарсыласы, не пікір­лес замандасы қалмаған Аристофан да Афи­наның қураған кәрі еменіндей жалғыз қалды.

Оның соңғы комедияларында бұ­рын­­ғыдай уытты сатира бірте-бір­те өт­кірлігінен айрылып, белгілі бір оқиға­ларды ғана күлкіге айналдырған әлжуаз юморға құрыла бастады. Оның өзі қойған сондай пьесаларының бірі – «Плутос» («Байлық») болды. Тұрмыстық деңгейдегі комедия боп саналғанмен, мұнда да Аристофанға тән өткір сын көрініс тауып қалып жатты. Плутос – адамдарға  бай­лық үлестіретін Құдай. Оның екі көзі де соқыр. Соның салдарынан байлыққа адал еңбектің адамдары емес, әр түрлі пысықтар мен алаяқтар кенеліп жатты. Осындай  әділетсізді көріп жүрген халық Құдайға деген сенімнен айрылып, Әділдік орнатудың жолын іздестіре бастайды. Ақыр соңында афиналық қарапайым тұр­ғын Байлық Құдайы Плутосты емдеп, жарық дүниеге көзін ашады. Осыдан кейін Әділдік орнап, бақ пен байлық әркімнің еңбегіне қарай тең бөліне бастайды.

Грек әдебиетінің көптеген тарихшылары Аристофанның бұл шығармасын баяғы сарында емес, жаңа сарында, яғни, орташа комедия сарынында жазылған дүние деп бағалады. Өйткені мұнда бұрынғыдай хор да, бастаушы да жоқ, жекелеген тұлғаларды мінеу де жоқ, саясаттан іргесін аулағырақ салған ситуациялық орта қол комедия дәрежесінен аса қойма­ған «қатардағы» күлкі ғана бар еді. Әде­биет зерттеушілердің бұл пікірімен ке­­ліс­­пеуге де болады, өйткені, қанша орта қол комедия боп саналғанмен, бұл шығар­мада Аристофанға тән «ескі» сати­раның «ызғары» әлі желдей есіп тұрды. «Орта деңгейдегі» комедиялардың дүниеге келуін біреулер Аристофанның жасы келгендігінен деп топшыласа, енді бір зерттеушілер оның билікпен өмір бойы арпалысудан шаршағандықтан деп есептейді. Қалай дегенмен де, бұл жерде басы ашық бір нәрсе бар еді, ол – демократиялық  принциптердің әлсіреп, ел билеуші тирандардың күшеюі еді.

«Плутостан» соң ол екі пьеса жазды. Бірақ оны қойған өзі емес, оның баласы Арар еді. Пьесаны өзі қоймай баласына тапсыруы арқылы Аристофан өзінің мұрагерін тағайындап кеткендей болды. Әкесінің пьесасын қойып біткен соң Арар өзінің екі бауыры Филипп пен Никострат үшеуі бірігіп әке жолын жалғастырып, өздері жазған жаңа шығармаларын сахна­ға шығарды. Балалары жазған пьесаны Арис­тофан көрді ме, көрмеді ме, ол жөнінде мәлімет жоқ.

Қаһарлы патша Александр Македон­скидің тұсында әлсірей бастаған грек сатирасы ол өлген соң қайта жанданып, ой еркін­дігі мен демократия қайта қалпына келді.

Бірақ Аристофан, Еврипид, Эсхил, Софокл және басқа да драматургтер биікке көтерген Грекияның ұлы драматургиясы қайтып қалпына келе алмады. Осы ұлы шоғырдан соң драматургия мен театр өнері Рим жаққа қоныс аудара бастады.

Дүние кезек деген осы болса керек!

 

Дулат ИСАБЕКОВ