Ақтоғай ауданы десек, Алаш галереясы көз алымызға келеді. Қазақтың үш арысы – Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермекұлы, Жақып Ақбайұлынан бастап, әйгілі әнші-күйшілер Әсет Найманбайұлы, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Мағауия Хамзин, екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарман батырлары Қазбек Нұржанов пен Нұркен Әбдіров дейік пе, небір ұлы тұлғаларға тұғыр болған бұл өлкенің топырағы ежелден киелі саналады. Одан бөлек, Ақтоғай өңірі Арқаның ең биік шыңы Ақсораң менмұндалап, Тоқырауын өзені толқып аққан әсем табиғатымен де ерекше қоныс екені белгілі. Және бұл байтақ пен байсынды аралаған кез келген жан, көркем табиғатпен астасқан аса бай ежелгі мұраларға, небір тарихи құнды жәдігерлерге көптеп жолығар еді. Өкінішке қарай, осы бір таңғажайып топырақ республика көлемінде көп насихатталмай қалып жатады. Мұны айтып отырған cебебіміз, Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен Президент Қ.Тоқаевтың руханият төңірегіндегі игі бастамаларын негізге ала отырып, сол өңірден шыққан белгілі өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан немересі Медеу Чапайұлы екеуі «Ақтоғай тарихының тас сандығы» атты танымдық деректі фильм түсіріп, жақсы жаңалыққа елең ете қалдық.
Бұл туралы публицист Нақыпбек Сәдуақасов редакцияға арнайы қоңырау шалып, ілкімді істі сүйіншілеп жеткізді. Айтуынша, атасы мен немересі игі іске жарты жыл еңбектеніпті. Бес айдан аса уақыт бойы 5 мың шақырым жол жүріп, тек өз күш-құралдарының көмегімен-ақ көрнекті істі көпшілікке мазмұнды ұсына білген. Аталған еңбек аудан жұртшылығына ғана емес, облыс, тіпті республика шегінде үлкен мәнге ие маңызды материал деуге болады. Шынайы ықыласпен, ынта-жігермен жасалған тағылымды фильм бүгінгі ұрпаққа таптырмас еңбек, болашақ үшін бай мұра десек артық айтқандық болмас еді. Аса бір атап өтетін де, ең таңданарлық жайт, фильм авторлары Т.Мұқан мен М.Чапай тәуекелге бел байлап, ешкімнен қаржылай көмек сұрауды ойларына да алмаған. «Зерек ойлы, қажырлы да еңбекқор Тұңғышбай Мұқан бұл істе ешкімге салауатын салмағаны бізді қатты таң қалдыра қоймады. Себебі, өзінің мағыналы да саналы ғұмырын қазақтың тарихы мен шежіресіне, өлкетану саласына арнаған ардагер азамат бұл фильм ертеңгі ұрпаққа жарқыраған темірқазық, үлгі-өнеге болсын деп біледі. Бір де бір пенденің аз-маз ақшасына телмірмей, тек өз қаражаты мен техникалық мүмкіндігін ғана пайдаланған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Үндеуі бойынша 2020 жыл «Волонтер жылы» болып аталғаны баршаға белгілі. Қазақша – бас пайдасынан тыс еріктілер. Міне, Т.Мұқан мен М.Чапай еріктілер қозғалысын елден бұрын, ол қозғалыс ешкімнің ойына келмеген өткен жылы, биліктің нұсқауынсыз, аталған игілікті істі өздерінің жүректерінің қалауы бойынша бастап кеткен», дейді Н.Сәдуақасов.
Үлкен іске қадам бастар алдында Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Мірасылқызы бастамашыл еріктілерді жылы қабылдап, олардың идеяларына шынайы ризашылығын білдіріп, қол жетпес биікке қанаттандыратындай рухани қолдау жасаған. Дей тұрғанмен, Алаш арыстарының ізі мен ісі сайрап жатқан сайын даланың құнды шежіресін екі жарым сағаттық тұтас таспаға басып шыққан руханият шырақшылары әлі де мемлекет тарапынан қолдау тапса дегіміз келеді.
Авторлар 52 мың шаршы шақырым алып аумақты жай ғана бейнетаспаға түсіріп өтпегені белгілі. Идея авторы Тұқаңмен сөйлескенімізде ел мен жердің шежіресін жинау барысында әр ауылдың көнекөз, кеуделері тарих пен тағылымға толы ақсақалдарын көптеп сөйлетіп алғанын білдік. Олардың көбісі арғысы тоқсан, бергісі жетпіс-сексеннің үстіндегі үлкен адамдар. Олардың саналары мен көкірек сарайлары алтын сандық екенін жақсы білген өлкетанушы барынша үлгеріп, ұмытылып бара жатқан ескі аңыз-әңгімелерді, ежелгі жер-су атауларының біз білмейтін тарихын жазып алуы – өте үлкен кешенді жұмыс болған. Бұл ретте Тұқаңның да аттай шауып жүрген, Құдай берген қуаты болмаса, қылшылдап тұрған жас жігіт демес едік. Оған Алаштың ұмытылып бара жатқан көмескі тарихына деген шынайы жанашырлық осындай батыл қадамдар жасатып отыр.
Фильмге келер болсақ, авторлар аудан территориясын түгел аралап, тарихи жерлерді, көрікті табиғат объектілерін, алыс-алыс елді мекендерді, киелі орындарды, археологиялық кешендерді түсіріп, кең көлемде еңбектенген. Негізінен, Алаш қайраткерлері туралы тың деректер – фильмнің басты өзегі етіп алынған. Сондай-ақ өңірдегі археологиялық кешендерді зерттеген ғалымдар Ә.Марғұлан, М.Қадырбаев, Ж.Құрманқұлов, Л.Ермоленко, А.Бейсеновтердің ғылыми матриалдары да фильмнің тұтас бойына арқау болған. Жалпы, 1947-1952 жылдары академик Ә.Марғұлан басқарған экспедицияның жұмыстары нәтижесінде Ақтоғай ауданынан Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын маңызды ескерткішер көп табылған. Осыған орай, фильмге аудан территориясындағы неолит, тас және қола дәуірлерінен бастап, сақ, ғұн, түрік, қыпшақ кезеңдерін сипаттайтын археологиялық және тарихи ескерткіштер мен осы күнгі елеулі құбылыс-көріністер негіз болған. Фильмге аудан өңірінде әр жылдарда өткен шаралардың материалдары да пайдаланылған. Фильмнің бірінші көріністерінен бастап, адам жанын баурап алатын сазды әуен ретінде Ақтоғайдың әнұраны іспеттес Абзал Бөкен мен Дәртай Сәдуақасовтың «Ақтоғай – алтын бесігім» әні мен Серік Сағынтай, Қуандық Сәденов авторлығымен жарыққа шыққан «Тоқырауын толғауы» әні «Тоқырауын» ән-би ансамблі орындауында көрерменді бірден елітіп әкетеді. Бұ жұмыс еліміздің басқа өңірлерінің өрелі өлкетанушыларына үлкен үлгі болатыны сөзсіз. Фильмнің тұсаукесеріне қатысқан Ақтоғай, Қарағанды, Балқаш жұртшылығы қомақты іске үлкен баға беріп, тіпті осы аталған тарихи маңызы зор материалды Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бүкіл Қазақстан бойынша кең насихаттау керектігін айтқандар көп болған. Расымен де бұл игі істі иісі қазақ түгел көрсе артық емес. Тұңғышбай Мұқан бұған дейін де қаншама ғылыми еңбектің авторы ретінде, елде отырып-ақ республика көлеміндегі бірден-бір әлихантанушы тұлға ретінде есімі елге жақсы таныс. Ойы зерек, сөзі зерделі осындай азаматтар ұлттың санасын шын мәнінде жаңғыртады. Ақтоғай – Алаштың рухани темірқазығы. Оның тарихы тұтас елге ортақ.