Руханият • 15 Қаңтар, 2020

Ой құштырған оқтұмсықтар

439 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа жыл Таяу Шығыстағы жан түр­шігерлік шиеленісті әскери оқиғалармен басталды. Зымыраған уақыт көшінде тағы да адам өмірін жойғыш зымырандар алға шықты. Алғашқы зымыран (АҚШ) Иранның әскери қайраткері генерал Касем Сулейманидің өмірін қиды. Үшінші дүниежүзілік соғыс басталды деген дабылдың қағылғаны тектен-тек емес еді, күллі Иран елі даңқты генералының кегін қайтару үшін атқа қонған.

Ой құштырған оқтұмсықтар

Дәл осы дүрбелеңді тұста екінші зымыран (Иран) Украинаның жолаушылар тасымалдайтын «Боинг-737-800» ұшағын Тегеранның үстінде атып түсірді. Барлығы 167 бейбіт жолаушы мен 9 экипаж мүшесі түгел опат болды. Әйтеуір, Иран өкіметінің жүздеген адам өмірін қиған қауіпсіздік саласындағы қателікті аз күннің ішінде мойнына алуы, кінәлі әскерилердің ауыр жазаға тартылатыны туралы ақталуы өңірдегі саяси шиеленісті біршама бәсеңдетті. Біздің ендігі айтпағымыз, үшінші зымыран туралы...

 Әлем дүрліккен қаңтардың онкүндігінде ұшып шыққан жері белгісіз, ұшу бағыты беймәлім үшінші зымыран тура біздің Ақтөбенің аумағына келіп құлады. Кешігіп те болса, ол туралы еліміздің Қорғаныс министрлігі төмендегідей ресми түсінік берді. «...Қазақстан мен Ресей арасындағы 1995 жылғы мемлекетаралық келісімге сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы полигонды жалға алған Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі сынақ орталығының жоспарлы оқу-жаттығулары уақытында бір зымыранның сынығы белгіленген орындардан тыс жерге құлауы орын алды. Жарылыс болған жоқ». Ал егер жарылыс болса ше?! Белгісіз зымыранның нағыз ядролық оқтұмсық еместігіне кім кепіл?!

Ойымыз дәлелді болуы үшін 90-жылдар­дың басында, Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы бір оқиғаны еске сала кетуді жөн көрдік. Парламенттік «Халық кеңесі» газетінде «Атпен сүйреген атом бомбасы» деген өткір мақала жазылды. Газет тілшісі – бүгінде Қазақстан журналистикасының қайраткері Серік Жұмабекұлы, Павлодар облысының Май ауданына барып оқиға болған жерден репортаж жазды. Айдаладан ұшып келген зымыран қалың қамыс өскен ми батпаққа «күмп» еткен. Жарылмаған. Шөп шауып жүрген жігіттер құйрығы көрініп жатқан зымыранның қанатына арқан байлап қос атқа жегіп, балшықтан суырып алмаққа әрекеттенеді. Алайда орасандығынан шошынып, дереу аудандық әскери комиссариатқа баяндайды. Көп кешікпей күллі аудан көлемін әскер қоршап, әлгі «атом» бомбасын, олай демеске дәлел де жоқ, Қазақстанның нағыз сынақ алаңы кезі, ел көзіне көрсетпей зым-зия жоқ етеді. Бары осы. Балшыққа немесе сусыған құмға ұрынған зымыран қазық қаққандай кіреді де кетеді, жарылмайды дегеннен хабардармын...

Бүгінгінің ең сорақысы – отыз жылдың ішінде елімізде қаншама сынақ алаңдары жабылды десек те, Ресейдің Капустин Яр полигонынан «Тополь» деп аталатын, үш сатылы континентаралық баллистикалық зымыраны күллі Қазақстанның аумағын әрі Нұр-Сұлтан мен Алматының қақ ортасын көктей ұшып келіп (2250 км), дәл Балқаштың маңындағы Сарышаған аумағында жарылып жататындығы. Өткен жылдың соңғы зымыраны дерек бойынша көл маңына 29 қарашада келіп құлады. Көзі мен құлағы сау ел азаматтары бұдан ұзақ жылдан бері хабардар. Жасырып-жауып, қысылып-қымтырылып жатқан ешкім жоқ. ТМД елдері арасындағы ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) талаптарына сай жер-көкті шарлап ұшып жүрген бұл зымырандар жәй жаттығу зымырандары екен-мыс. Үш сатылы бір «Тополь» КБЗ шындап оқтағанда қуаты 550 килотондық ядролық оқтұмсық саналады. Нагасаки мен Хиросиманы жер бетінен сыпырған алапат екі авиабомбаның қуаты 18 бен 22 килотоннадан аспағанын білеміз! Әрқайсысында аса қымбат берилий мен платинаны қоспағанда, өзіміз күнде қолмен ұстап жүрген алтынның 200 грамы, күмістің 4,6 килограмы, үш тоннадай өзге де қара және түсті металдан құралатын бірегей «Теректің» кеңістікке үш сатылы зымыранмен көтеріліп, одан Сарышағандағы нысанға құлдилай келіп нысанаға дөп тиіп жарылуы, қалай дегенде де, шошынтады...

Ол аздай, өткен жылдың қыркүйегінде сол Сарышағандағы ұжымдық жаттығуда қырғыздардың зениттік-зымырандық бригадасы С-125, С-75 атты сегіз зымыран­ның үшеуін (!) «жоғалтып» алды. Әрине, қалтадан түсіп қалатын аңшы мылтығының оғы емес, ұзындығы есік пен төрдей зымыран! Ұшты-күйлі жоқ. Қайда? Әскери прокуратура іс қозғап тұйықталды. Сол зымырандар Қазақстанның қай төңірегінде – қай балшықта, қай құмда жасырынып жатыр екен деп тағы ой құшасың?!