Руханият • 15 Қаңтар, 2020

Бас ақынға арналған басқосу

509 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты хакімнің 175 жылдығына арналған мақаласында Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алатынын алға тартты.

Бас ақынға арналған басқосу

«Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласында қоғам­дық сананы қайта түлетудің маңыз­дылығы туралы айтты. Ұлт­тық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту ар­қылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол аша­мыз. Осы орайда Абай мұра­сының тигізер пайдасы зор деп есеп­теймін. Ұлы ақынның шығар­малары бүгін де өзектілігін жоғалт­­қан жоқ. Абайдың ой-тұжы­рым­дары баршамызға қашан­да рухани азық бола алады», деді Қ.Тоқаев.

Осыған орай С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Абай – ақын, ойшыл, аудармашы» атты ғылыми семинар өтті. Шараға университет басшылығы, ұстаздар қауымы және студенттер қатысты.

«Әлемде 190-дай мемлекет, екі мыңдай ұлт бар екен. Әрбір ұлттың ұлттық болмысы, тамыры, тарихы өз алдына ерекше. Қазақ та өзінің тектілігімен, білімділігімен әлемге танылғанына шетелдерге шыққан сайын куә болып жүрміз. Сырттан келетін меймандар халқымыздың сыртқы келбетіне ғана емес, ішкі рухани құндылықтарымызға да көз тас­тайды. Елімізге рухани ұстаз болып, ұлт пен ұрпақтың қамы үшін тер төккен тұлғаларымыз аз емес. Сол тұлғаларымыздың арасында Абай Құнанбайұлының алар орны айрықша десек артық айтқан­дық болмас, сірә. Біздің универ­ситеттің мақсаты – білімді мамандарды дайындап қана қоймай, отаншыл, патриот перзенттерді де түлету. Ол үшін Абайды тереңірек оқу керек», деді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті АҚ басқарма төр­ағасы Ақылбек Күрішбаев.

Сонымен қатар жиында университеттің оқытушылары, филология ғылымдарының докторы, доцент Сәуле Құрманбайқызы «Сөз» концептінің Абай шы­ғар­маларында репрезенттелуі», Фило­софия кафедрасының меңгерушісі, доцент Есбол Есенбайұлы «Абай дүниетанымындағы «Адам мен Әлем» қатынасы мәселесі, доцент Әсия Серғалиқызы «Әлем таныған Абай» тақырыптарында баяндама жасап, хакімнің өмір жолы мен әдеби әлемін шолып өтті.