Бұл игі шара 2020 жылдың 10 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын зерделеуге арналған ЕҰУ ғалымдары мен оқытушылары бас қосқан «Біз Абай жолындамыз» атты жиында мәлім болды.
Шарада ЕҰУ жаратылыстану ғылымдары факультетінің 3-курс студенті, «Qamqor» еріктілер қозғалысының мүшесі Диана Сайлаубаева Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықовқа ұсыныс жасап, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан үзінді оқуды өтінді. Ректор Ерлан Бәтташұлы студент ұсынысын қабыл алып, әдеби марафонды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов пен әлемді аузына қаратқан әнші Димаш Құдайбергеновке, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және денешынықтыру комитетінің төрағасы, олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке жолдады.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бастаған ауқымды марафонға университетіміздің жиырма мыңнан аса студенттері мен екі мыңға жуық профессор-оқытушылары және сала қызметкерлері қосылды.
Ендігі жерде Еуразия ұлттық университетінің ресми сайтында, әлеуметтік желілерде, Қазақстан телеарналарында, кез келген жастағы және әртүрлі кәсіптегі адамдар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын аударманы қолдана отырып, қазақ және орыс тілінде оқитын болады.
Сондай-ақ бұл шараға біздің Қазақстанның ең алыс түкпіріндегі оқырмандар мен шетелде тұратын қандастарымыз да белсене қатысады деген сенімдеміз.