Бұл ауылдың қарағайы болмағанмен, қарағайдан биік тұлғалары көп. Өлеңдінің құт-берекесін қорып, әр нәрсенің жөн-жосығын сілтеп отыратын көпке ес қазыналы қарты – Аңсаған Төрин ақсақал. Ауылдың ақылманы да, батагөй қариясы да өзі. Бүгінде жетпісті еңсеріңкіреп, сексеннің сеңгіріне бет алған. Бірақ әлі тың. Қимылы – ширақ. Ойы – сергек. Көкірегі – көмбе, қолы алтын, ісі – өнеге. Бір бойында бірнеше өнер тоғысып жатыр.
– Бұл ауылдың Өлеңді аталуы ауыл іргесіне тиіп жатқан көлге байланысты. Көлді айнала малға жұғымы мол өлең шөп өседі, – дейді қария.
Осы Өлеңдіде әлемде жоқ керемет бір музей бар екенін кім біледі екен? Әй, ешкім білмейді-ау. Аңсаған Төриннің үйіне бас сұқсаңыз кәдімгі фауна әлемінің ғажайып құшағына сүңгігендей боласыз. Аңсаған ата үйінің үлкен бір бөлмесін босатып, музей жасап қойған. Іші толған Науырзым қорығын мекендейтін аң-құс, жан-жануар, жәндіктердің ағаш тамырынан қашалған мүсіні. Композициялық мүсіндер де бар. Мұндай бір мүсінге бірнеше аң-құс бейнесі қашалған. Ұста әр мүсінге арнайы аңыз-оқиға ойлап тауып, оны бір шумақ өлеңге айналдырып, қағазға түсіріп, мүсіннің бір шетіне қыстырып қойыпты.
– 1997 жылы кеңшар тарап, жұмыссыз қалдық. Бұрынғыдай емес, бос уақыт көбейді. Бірде қарсы бет көшедегі көршілерім Тельман мен Төлеш терезелерінің алдындағы теректерді кесіп, тамырын трактормен суырып алып, біздің үйдің артына шығарып тастапты. Барып қарап тұрдым. Бір уақытта әлгі тамырларда әдемі фигуралар тұрғанын аңғардым. Жанымда Аслан деген немерем бар. – Әй, Аслан, үйдің жанында сәкінің үстінде ара тұр, алып келші, – деп жұмсап жібердім. Әлгіні қол арамен кесіп көріп едім, болмады. Үлкен ара керек болды. Одан үлкен араны алғызып, бір жағын балаға ұстатып, екеулеп екі-үш сағат дегенде көзіме түскен тамырды кесіп алдым. Үйге алып келіп, жонып, әп-әдемі мүсін жасап шығардым. Оған екіншісі қосылды. Осылайша еселене берді. Ұсталық та шығармашылық сияқты. Көңілдің күйін қалайды, – дейді Аңсаған ақсақал.
Қу тамырдың бойына қан жүгіртіп, тіршілік сыйлап, тіл бітірген Аңсаған ұстаның музейінде бүгінде 200-ден астам қолөнер туындысы бар.
Аңсаған ақсақал елдің, жердің тарихы, одан қалды ауыл өмірі мен адамдар арасындағы қарым-қатынас, адамгершілік құндылықтар сияқты тақырыптарға ауық-ауық қалам тартып, өлең де жазады.
– Бір күні Аман деген жолдасым бір кішкентай ғана кітапша алып келіпті. Сыртында «Қойшылар» деген жазуы бар. Авторы – Еркін Ібітанов. Оқып көріп ем, енді, сөз жоқ, өлеңдері тамаша! Қайта-қайта оқи беремін. Еркін өлеңдерінің әсерімен өзім де жанымнан өлең шығара бастадым, – дейді ол.
Бүгінде Аңсаған Төриннің көлемді бір кітапқа жүк боларлық өлеңі бар. Ақ қағазға маржандай тізіп сиямен жазған өлеңдерінің барлығын қария аса ұқыптылықпен кәдімгі қалың журнал сияқты етіп тігіп, қаттап қойған. Бұл өлеңдердің дені ел мен жер тағдыры, ел адамдарының мінез-болмысы, туған жер табиғаты, өскелең ұрпаққа насихат, т.б. тақырыптарды қамтиды.
Нұрқанат Құлабаев,
журналист
Қостанай