Міне, ХІХ ғасырда өмір сүрген түркі дүниесінің шалқар ойшылы, ақылманы, қазақ халқының рухани шолпан жұлдызы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қазақ елінде ресми түрде басталды. Оны Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев өзінің ең жоғары деңгейдегі бағдарламалық мақаласында кең көлемде айтып өтті.
Ең алдымен, Мемлекет басшысының халқы үшін терең қамқорлығы мақалада анық байқалады. Қазақ елінің тарихында аттың қасқасындай із қалдырған ұлы тұлғаның өрнекті өмірі, халқына жасаған адал қызметі, ақылмандығы қанша уақыт өтсе де өз маңыздылығын жоймай тұрғандығын Президент мемлекеттік идеология деңгейіне көтерген. Абайдай перзенті бар халықтың келешегі де айқын, жарық болатыны анық. Шынымен де, хакімнің қайраткерлігі, данышпандығы қазақ халқы үшін болашақтың бағдары, жол көрсетіп тұрған шолпан жұлдызы емес пе?
Президенттің бұл мақаласы Қазақстанда бүгін ғана бастала салған іс-шара емес екендігін көңілге түюіміз керек. Себебі үш жылдан бері жарияланып, қазақ халқының арман-тілегіне лайықты болған, ол ғана емес, бүкіл түркі дүниесі үшін де өзгеше мәнге ие, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және 2018 жылы қарашада жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларындағы идеялар мен ойлар, мемлекеттік іс-шаралар Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының мақаласында да жоғары деңгейде жалғасқанын байқау қиын емес. Қазақстан Республикасының екі президентінің де мемлекет, ұлт жөніндегі шынайы қамқорлықтары қырғыздың бір ұрпағы ретінде мені де өзгеше қуантады. Бір туған қазақ халқының рухани тұрғыда тұрақты дамуы, мемлекеттің өркендеуі, меніңше қырғыз елі үшін де маңызды.
Екі елдің тарихи бауырластығы, рухани жан дүниелерінің бірлігі, қарым-қатынастарының жүздеген жылдар бойы қалыптасқандығы бүгінгі ұрпақтар сабақтастығынан да көрінеді.
Ыстықкөл қырғыздарынан шыққан, Абай атамыздың замандасы Садыр әке жөнінде Ақмад Қарыбайұлының шығармасын баспаға даярлап, редакциялап жатқанда Ақмад ағамыз қызықты бір оқиғаны айтып қалды. Кейін ол оқиғаны Ақмад Қарыбайұлының «Садыр әке» деген кітабына да қосып қойдым. Әңгіме былай еді: «1958 жылы Шолпан ата қаласының тұрғыны Мәмбет Қарабалаевтың үйіне бара қалсам, қазақ елінің ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов қонақ болып жатыр екен». Мәмбет аға:
– Ей, Ақай, бұл кісіні танисың ба, – деді.
– Танымағанда ше, бұл кісі түгілі Абайды Ерболымен, Құнанбайды Дәркембайымен, Әйгерімді Тоғжанымен, Оспанды Тәкежанымен бірге танимын ғой, – дедім.
– Менің оқушыларым дәл сендей болады деп ойлаған едім, бар екенсің ғой, қарағым, – деп қолымнан ұстап, өзіне тартып жанына отырғызды. Мен Мұхтар ағаны бұрын көрген емеспін. Қайбір жылдары ол кісінің «Абай жолы» романы қырғыз тіліне аударылып шықты. Ол кітапты мен үш-төрт мәрте қайталап оқып, кейіпкерлерін өз ауылымның кісілеріндей әбден танып алғанмын. Мәмбет аға: «Мұхтар мырза, «Абай жолы» кітабыңыз арқылы қазақ елін дүние көлеміне таныттыңыз. Сүйегіңіз қазақ болғанымен, етіңіз қырғыз болып қалды. Суын ішіп, көліне түсіп, жағасына үй салып жайланып жатасыз. Қырғыз елінің де бір ұлын Абай сияқты шығармаларыңызда қайта тірілтсеңіз, қырғыз бауырларыңыз сізге риза болар еді», деді.
Сонда ұлы Мұхтар ағаның айтқан сөзінен әсерленген Ақмад Қарыбайұлы кейін Ыстықкөлдің жеті әкесінің бірі болған Садыр әке жөніндегі аңыздарды, болған оқиғаларды көңіліне түйіп жүріп, 2001 жылы «Садыр әке» деген кітапты жариялап, Абай атамыз сияқты Садыр әкені де қайта өмірге алып келді. Біз соның куәсі болдық.
Бір туған қазақ-қырғыз елдерінде халықтың жүрегінде қаны мен жанында тиянақ тапқан жүздеген, мыңдаған оқиғаларды айта аламыз. Жақында ғана Бішкекте көңіл жұбатқан тағы бір оқиғаның куәсы болдым. Дәрігер Анара Дәулетбақова деген қырғыз қызының айтқандарына ерекше таңғалдым. Анара, Айнура, Айгүл деген қыздар Ләйлім деген қазақтың оқушы қызының Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаға Абайдың жырын эстафетамен жолдап, ұлы Абайдың жырлары дүниеде қайта жаңғырғандай болғанын айтты. Анара, Айнура, Айгүл, Үміттер де Абай атамыздың өлеңдерін оқып, Димаш Құдайбергенге, Қазақстанның Бішкектегі бұрынғы елшісіне эстафета жолдаған екен. Аталған қырғыз арулары «ДКД – Димаш қырғыз Диарс» деген Димаштың керемет әндерін сүюшілердің клубын ұйымдастырған. Олардың саны күн сайын көбейіп жатқандығын айтты. Өткен жылы Димаштың концертіне арнайы барып қатысып та қайтыпты. Қырғыздың қомызын Димаштың Ақтөбедегі ұстазы Марат Айтымовқа Америкада тұрған Үміт атты қырғыз қызы естелікке берсе, тағы бірін Димаштың анасы Светлана ханымға Анара ханым тарту еткен. Бұл да бауырластықтың жаңа көрінісі деп көңілім көкке жеткендей болды.
2020 жылы Құдай қаласа, ойшыл, мемлекетшіл, дана Абай атамыздың мерейтойын қырғыз халқы да лайықты түрде аталып өтуіне атсалысады. Ақынның таңдамалы өлеңдерінің бір томдығы қырғыз тілінде баспаға дайындалып жатқандығы да үлкен жаңалық деуге тұрарлық. Өткен жылы да Абайдың өлеңдері кітап болып жарияланған. «Абай жолы» романының қырғызша жаңа аудармасы да әзірленіп жатқандығын айта кеткім келеді.
Өмірі еліне өрнекті үлгі болған Абайдай ғұламасы бар түркі елдерінің болашағы айқын, жолы ашық.
Кадырали КОНКОБАЕВ,
Түрколог ғалым, Қырғыз Республикасының біліміне еңбек сіңірген қайраткер