– Мұнай сервистік компанияларда қазақстандықтардың үлесі аз дегенді жиі естиміз...
– Бұл сала әртүрлі сегментке бөлінеді. Статистика бойынша, құрылыс саласындағы үлес – 65 пайыз, тасымалдауда – 18 пайыз, тамақ, жатын орынмен қамту – 90, жобалау жағында – 50 пайыз. Бірақ бұл статистикаға күмәнмен қараймын. Айталық жобалау сегменті 5 сатыдан тұрады. Соның соңғы сатысы ғана Қазақстанда дайындалады. Біздің ұсынысымыз бойынша Мемлекет басшысы былтыр 5 қыркүйек күні Атырауға барған сапарында мұнай-газ саласында жобалауға қатысты жұмыстардың бәрі Қазақстанда орындалуы тиіс деген талап қойды.
Жобалау саласында ұсақ және ірі компанияларымыз бар. Ортаңғы топ жоқ. Шетелдіктер тек ірі компаниялармен ғана әріптес болуға тырысады. Ал орта компаниялар қалтарыста қала береді. Мұнай-газ саласында орта тап қалыптасу үшін жобалаудың 5 сатысы да Қазақстанда өту керек. Біз ондай деңгейге көтеріле алмай жатырмыз.
Шетелдік компаниялар шикізатқа бай елдерде өз мемлекетінің меншігін көбейтуді армандайды. Бұл барлық ел жүріп өткен тәжірибе. Мұнай-газ саласы сөз болса, бізді араб елдерімен салыстырады. Ал сол араб елдерінде алғаш инвесторлар келген кезде мұнай-газ саласындағы арабтардың үлесі 5 пайыз болатын. Қазір 95 пайызға жеткізді. Оған біраз уақыт қажет болды.
Бірқатар инвестор компаниялар таяу болашақта Қазақстаннан кетуге дайындалып жатқанын да айта кетейік. Олар 2019 жылдың басында Қазақстандағы жобаларға қатыспайтынын, біздің ел жемқорлыққа бейім елдердің қатарында екенін айтты. Инвесторлардың мұндай мәселені ашық айтуы емес, тіпті ойға алуының өзі бізге абырой әпермейді. Үкімет бұдан қандай сабақ алғанын, қандай ұстанымда екенін білмеймін. Үкіметтің үнсіздігінің бір ұшы 1990-жылдардағы шетелдік инвесторлармен келісімшарттар себеп болды ма деп ойлаймын. Себебі біз оларға алғаш келген бойда ірі жобаларды сеніп тапсырдық. Құны жүздеген миллиард АҚШ долларына бағаланған жобалардың дәмі таңдайында қалған компаниялар 5-6 млрд тұратын жобаға қанағаттанбай отыр. 1990 жылдары бізге экономиканы оталдырып жіберу үшін инвесторлардың талабына саудаласпай келістік. Қазір қазақ Үкіметі мен инвесторлар арасында ірі сауда немесе келісімдер ойыны қайта жүріп жатыр. Қазақ Үкіметіне мемлекеттің мүддесі, ұлттың мүддесіне мойын бұратын кез келді. Бұрын маман дайын болмады, нарықтың тілін де, мәдениетін де тереңінен түсіне алмадық. 1990-жылдардың алғашқы жартысында біздің нарықтық экономикаға деген көзқарасымыз бен мәдениетіміз Қытайдан ала сөмкені толтырып тауар алып келумен ғана шектелді. Қазақстанда мұнай өндірісіне 120 жылдан асты. Дегенмен, Мәскеуден басқарылған жылдарды, Қазақстанның мұнай-газ өндірісінің тарихы деп қарауға болмайды. 1990-жылдарға дейін мамандар Мәскеуден жіберілді. Қазақстанда дайындалған мамандар мойындалмады. Қазір мамандарды ұлттандыру қажеттігі жайлы қазақстандық бизнестің талабы орынды деп ойлаймын. Қазақ бизнесі мұнай-газ индустриясын өз қолына алуы керек.
Соңғы 10-15 жылда шикізаттық секторда қазақстандық үлесті арттыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Үкіметтік деңгейде өткен жиындарда ескі мәліметтер мен ескірген есептер жиі айтылады. Біз 15-20 жыл бұрынғы жетістіктерді мақтан көріп, соның айналасын шиырлай береміз. 2020 жылға аяқ бастық. Қазақстан басқа бағытта даму керек.
– Қазақстандық компаниялардың аяғынан тұруына не кедергі?
– Бір мысал айтайын. Жобалау жұмыстарына қазақстандық компаниялар қатыстырылмай, жұмыс сыртта шетелдерде дайындалады. Тіпті алда атқарылатын жұмыстардың бағыты туралы мәліметтер де қолжетімді емес, сол себепті алдағы тендерлерге дайындалып үлгермейді. Ал шетелдіктер жобалау жұмыстарын жасағанда оған қандай компаниялардың қатысатынын алдын ала әзірлеп қояды. Олардың арасында қазақстандық компаниялар жоқ. Себебі біздің елдің компаниялары шетелдерде танымал емес. Іскерлік ортада олар жайлы мәліметтер аз. Әлемдік деңгейдегі тендерлерге қатысу үшін атағы соған сай шетелдік компаниялардың бірі кепілдік хат беруі керек. Ондай кепілдіктер біздің қолымызда жоқ.
Тағы бір кедергі – қаржылық кепілдіктің жетімсіздігі. Себебі шетелдік компаниялардың тендерлері аз дегенде 500 000 000 доллар деңгейінде өтеді. Тендерге қатысатын компания сол соманың 30 пайызын шетелдік «А» деңгейіндегі банктерге кепілге қоюы керек. Біздің қазақстандық банктердің бірде-бірі халықаралық деңгейде мойындалмаған. Қазақстанда тіркелген халықаралық қаржы институттарын әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру үшін ұстап отырмыз. Қазақстанда тіркелген халықаралық қаржы институттарының бизнеске пайдасы жоқ.
– Құны миллиардтармен бағаланатын ірі жобаны қазақстандық инвесторға сеніп тапсырды дейік. Әрі қарай не болады? Бұл жоба тек қазақстандық мамандардың қатыстырылуымен жүзеге асады деп үміттенуге бола ма?
– Бұлай деп ойлауға мұнайшы ретінде менің де дәтім бармайды. Біздің де кемшін тұстарымыз көп. Мысалы, шетелдіктер жобаны алған кезде міндетті түрде техникалық, технологиялық және экологиялық қауіпсіздікке басымдық береді. Олар үшін адам өмірінің қауіпсіздігі мен қоршаған ортаға зиян келтірмеу бәрінен жоғары тұрады. Жоба барысында осы екі факторға зиян тиер болса, жұмысты тоқтатады. Бұл көзқарас біздің бизнес мәдениетіміз бен ұстанымымызға әлі сіңбей жатыр. Екіншіден, шетелдік инвестор үшін тапсырыс берген адамның ұсынысы – заң. Мысалы, 5 млрд АҚШ долларына тапсырыс түсті делік. Шетелдік инвестор бірінші кезекте тапсырыс берушінің қаржысын үнемдеуге тырысады. Мысалы, қазақстандық тараптың ұсынысын қабылдап алған шетелдік инвестор «Сізге мына тұста бағаны дұрыс қоймапты, біз мұны сізге үнемдеу жолы арқылы мынадай төмен бағамен ұсына аламыз. Нәтижесінде, сіз ұсынған 5 млрд доллардан 1 млрд доллар үнемделеді» деген ұсыныспен шығады. Бұл жерде шетелдік инвестор тапсырыс берушінің қаржысын үнемдеу саясатына басымдық береді. Ал біздегі жағдай осыған кереғар. Шетелдік инвестор мен ұлттық инвестордың арасында осы тектес айырмашылықтар бар.
Алпауыт компаниялардың табыс формуласы бизнеске адалдығымен өлшенеді. Себебі олар үшін компанияның атақ-абыройы жең ұшынан жалғасатын келісімшарттардан жоғары. Әр компанияның отбасылық құндылығы деген болады. Адалдығы мен қабілетін дәлелдеп тұрса есікті күзетіп тұрған күзетшісінің мүддесін де ескереді.
– 1990-жылдардағы келісімшарттар ұзақ мерзімге жасалды. Сол құжаттардағы келісімшарттарды біржақты, мысалы Қазақстан жағынан тоқтату мүмкіндігі қарастырылған ба?
– Қазір үзіп тастасақ, бізді әлем инвестицияға тұрақсыз ел деп танып, халықаралық деңгейдегі соттармен-ақ тұншықтырып тастайды. Бізге соңына дейін көніп, келісімшарттарды көрсетілген мерзімге дейін жеткізу керек. Басқа жол жоқ. Бұл да біздің бизнеске адалдығымызға және төзімділігімізге сын болмақ. Еуропада осыдан 4-5 жыл бұрын жұмыс істеген компаниялардың қазір жылды 4-5 млрд доллар табыспен аяқтап жүргенін көріп жүрміз. Шетелдік компаниялар мен біздің компанияның құқығы тең емес, олардың жеңілдігі көп. Себебі 1990-жылдарда шетелдік инвесторларға «Сен өзің қалаған компанияны біздің елге әкелуге құқылысың. Саған ұсынған жеңілдіктерді оған да ұсынамыз» деп келісіп қойғанбыз. Болашақта мұндай құжаттарға қол қойылған кезде бизнестің талабын ескеру керек. Көрпені де өзіңе көп тарта берсең, ертең әріптессіз қаласың. Сондықтан инвесторды үркітіп алмаудың барлық мүмкіндігін ойластыру керек.
– Жақында Ұлттық банкпен және екінші деңгейлі банктермен жер қойнауын пайдаланушыларға, қазақстандық мұнай сервистік компанияларға жеңіл несиелер беруі немесе кепілдік беруі туралы алғашқы диалог өткіздіңіздер. Нәтижесі қалай?
– Қазақстан бизнесінде еркін және жеңіл ақша жоқ. Банктерге тәуелдіміз. Еуропалық банктерге де шыға алмаймыз. Қазақстанда әлемдік деңгейде мойындалған компания жоқ. Еуропа компаниялары банктерінен 4 пайызбен несие алады, біздің компаниялар несиені 27 пайызбен алады. Сол себепті, ұлттық компанияларды жеңіл несиемен қамтамасыз ету Ұлттық банктің басым бағыттарының бірі болуы керек. Бұл дүние жүзінде бар тәжірибе. Нәтижесі алда болуға тиіс.
– Қазақстандық мамандар «Теңіз» жобасында бас менеджер деңгейіне көтеріле алмады. Бұл мәселе Мемлекет басшысының назарында. Мамандардың деңгейін көтеру жағы қалай?
– Мамандар қалыптасып келеді. Өсім бар. Орта деңгейдегі мамандар көп. Бірақ жоба басқарып отырған мамандар аз. Жақында шетелдік компанияның бірі қазақ жігітін жоба басқаруға көтерді. Бұл жігітті компанияның өзі оқытты, өзі көтерді. Болашақта жоба менеджері мектебінен өткен маман үлкен компанияларды басқара алады. Тек жоба менеджерлері емес, ірі оператор компанияларды да қазақ мамандары басқаратын кез келді.
– 2008 жылғы дағдарыстың толқынын ұмыта қоймадық. Қазір халықаралық нарықта соған ұқсас құбылу болуы мүмкін бе?
– 2008 жыл мемлекетті мұнай-газ өндірісін басқаша дамытуға, стратегиялық жоспарларды өз мүддемізге икемдеп алуға мүмкіндік берген еді. Бірақ біз одан сабақ ала алмадық. Әлі күнге дейін инвесторлардың жетегінде келе жатқан мемлекеттердің қатарынан алыстаған жоқпыз. Сол жылдары «дағдарыстың бізге әсері аз болды» деген пікірлер айтылып жүр. Мен онымен келіспеймін. Дағдарыстан ең алдымен отандық бизнес зардап шекті, инвесторлар мен трансұлттық компанияларға әсері аз болды. Бізге дағдарыс екі жағынан келді. Бірінші – мұнай арзандады, екіншіден теңге құнсызданып кетті. Күні бүгінге дейін 2008 жылға дейінгі бағамен жұмыс істеп келе жатқан компаниялар бар. Дегенмен, қазіргі әлемдік шикізат нарығында ондай жағдай қайталана қоймауға тиіс.
– Қытайда, АҚШ-та мұнай-газ саласында барлануға рұқсат бермейтін, болашақтың еншісі деп көзін бітеп тастаған кен орындары бар екен. Ертең келер ұрпақ алдында «сендерді келеді деп көп күттік, келмеген соң жеп қойдық» деп ұялып қалмаймыз ба?
– Біздің толқын тәуелсіздік тарихында «мешкей» ұрпақ болып қалатын шығар. Бірақ көңілді жұбататын жайт – мұнайға деген сұраныс ертең дәл бүгінгідей бола ма деген мәселе. Әлемде синтетикалық мұнаймен-ақ күн көріп, есебін айырып отырған елдер бар. Ертең мұнайды ығыстырып шығаратын өнім түрі пайда болады. Ол – ақиқат, заңдылық. Дәл қазіргі өлшеммен қарағанда пайда біздің жақта емес, оны мойындауымыз керек. Сондықтан түбінде адамзатқа қажеті болмай қалатын өнімнің пайдасын қазір молынан көргеніміз жөн шығар. Иә, осы уақытқа дейін жеткен жетістіктеріміз бар, бірақ оған марқайып, арқаны кеңге салудың қажеті жоқ. Алда алар белестеріміз одан да артылып жатыр, соған жетудің қамын ойлауымыз керек.
Әңгімелескен
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
«Еgemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ