Қоғам • 16 Қаңтар, 2020

Гендік модификация қатері

6393 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда адамзатты алаң­датып отырған дүние азық-түлік өнім­­дерінің гендік модификацияға ұшы­­рауы. Бұл дегеніміз – жасанды жолмен лаборатория жағ­дайында өндірілген, қазақша айт­қанда будан өнімдер. Мысалы, АҚШ-та жеміс-жидекке жанды ор­ганизмнің ДНК-сын қосып будан өнім шығару ісі әлдеқашан жолға қойыл­ған. Бұл тәжірибе қазір Қытай эко­номи­касының да жетістігі саналуда.

Гендік модификация қатері

Нақтылап айттар болсақ, америка­лық ғалымдар камбала балығының ДНК-сын қосып қызанақтың жаңа сор­тын ойлап тапса, сол тәрізді кәдімгі күріштің тұқымына адамның бауырынан алынған ДНК-ны қосу арқылы өнімді құрт жемейтін етіп шығарды. Осындай әдіспен картоп пен бәйшешекті де будандастырды. Будан өнімнің басты ерекшелігі – тез арада іріп-шірімейді және оған зиянды жәндіктер жоламайды. Соңғы жылдары бидайға мысықтың ДНК-сын қосып будандастыру арқылы тышқан жемейтін «мысық-бидай» ойлап тапты қытайлық жеңіл өнеркәсіп мамандары.

Генетик ғалымдардың есебі бойын­ша қазір әлемде 1000 түрлі өсімдік тек­тес көкөніске гендік будандастыру жүр­гізу мүмкіндігі бар екен. Бүгінде бұлардың 100 түрі таңдап алынып, будандастырылған. Ең көп гендік модификацияланған – қыза­нақ, соя, жүгері, арахис, бидай, картоп... Былайша айтқанда, халық ең көп тұтынатын заттар.

– Будан өнімдер адамның денсау­лығына аса зиянды, – дейді ресейлік биолог-дәрігерлер. Олар бірнеше жыл бұрын қарапайым егеуқұйрықтарға тәжірибе жасап көрген. Әуелі жән­діктерді екі топқа бөліп, біріншісін әдет­тегі азықпен, екіншісін гендік мо­ди­фикацияланған азықпен жемдейді. Тәжірибені жануарлардың шағы­лысуынан екі апта бұрын қолға алған. Нәтижесінде, таза азықпен қо­ректенген жануарлардың 7 пайы­зы, ал будан азықпен қоректенгендердің 56 пайызы өлген.

Сол сияқты тағы бір ресейлік дәрігер О.Бутакова өз отандастарына сырттан келетін өнімдерді, соның ішінде сәбилерге арналған тағам түрлерін тұтынбау жайлы үндеуде. Әсіресе, АҚШ-та өндірілген жеңіл өнеркәсіп тауарларынан сақ болуға шақырады. Өйткені америкалық өнеркәсіп өнім­дерінің 70 пайызы будан. Аустрия, Фран­ция, Германия, Греция, Италия және Люксембург мемлекеттері өз елде­ріне будан өнім­дерді сырттан кіргізуге тыйым салып жатыр.

Жоғарыдағыдай жағдай өз еліміз­дегі тауық өсіретін фермаларда кең етек алған. Құс өсіруші фермерлер сойылған тауықтың бас-сирақ, тұм­сық-тұяқ, жүн-жұрқа, қалдық етін дала­ға төгіп тастамай, оны ұнтақтап, химия­лық зат қосып, жем жасап тірі тауықтарға береді. Қандасының етін жеп үйренген «каннибал» тауықтар алда-жалда араларынан біреуі сәл жарақаттанып, қан шықса болды, жапа-тармағай жабыла кетіп, дереу жеп қояды. Бұл үрдіс қазір тауық фер­маларында үйреншікті жағдай. Дүкен сөрелерінде сіресіп тұрған тауық еттеріне де «елеңдей» жүргеніңіз жөн болар.

Тағы бір есте тұтатын дүние, базар­ларда сырты мұнтаздай тап-таза жеміс-жидектер мен көкөністер тізіліп тұрады. Жеп көрсеңіз не дәмі, не сөлі жоқ. Сатушы қарақ беті бүлк етпей: «Бұл Алматының апорты, ала қойыңыз» дейтінін қайтесіз. Неге олай? Бұл гендік инженерияның көмегімен өндірілген, шеттен әкелінген арзан, жасанды жемістер. Бұл тарапта шығыс көршіміздің үлесі зор. Бұндай өнімдердің адам денсаулығына, ағзасына, болашақ ұрпағына аса зиян екенін біле бермейміз!!!

Генетик ғалымдар модификация­лан­ған өнімді үздіксіз пайдаланған жағдайда, адамның асқазан жолдарындағы кейбір микроағзалар бөтен гендерді ұстап алып, оларды өз ДНК-сына айналдыруы мүмкін екенін айтады. Ал мұндай жағдай адам ағзасына қатерлі ісік пайда болуына әкелетіні әлдеқашан нақтыланған дүние. Оның сыртында модификацияланған картоп, соя, бұршақ өнімдері ішкі секреция бездерінің қызметін бұзып, аллергия дертін қоздыратыны экспериментальды түрде дәлелденіп отыр. Будан өнімнен сақ болайық, ағайын!