Аймақтар • 16 Қаңтар, 2020

Қайырымы мол қоғам қияға шығады

390 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ізгілік нұрының шапағаты жәрдемге мұқтаж жандарды қолты­ғы­нан періштедей демеп көтерсе, қоғамның келбеті де сәуірдің ақ таң­ында­й ажарланып қалар еді.

Қайырымы мол қоғам қияға шығады

Ауылдың жел жақ өтінде тұ­ра­тын жалғызбасты зейнеткер Валентина Демидкоға қыс бір­қы­ды­ру қиындықтарды ала келеді. Соның ішінде ең қиыны – ауланы қардан тазарту. Түнеукүні түнімен майлы боран ұйытқыды да тұрды. Құлқынсәріден аулаға шықса, қар басып қалыпты. Кішкентай күрегімен түртініп көрген. Қайда?! Су қар көксоқталанып, жабысып жатыр. Тіпті бір күрек түгіл, бір шөкімін көтере алар емес. Түске дейін бейнеттенген. Түс ауа мектеп оқушылары келді. Зейнеткер ақ түйенің қарны жарылғандай қуанып қалды. Таң атқалы тау-тау болып үйілген қасат қардың азабы тұла бойын суық темірмен қарып алғандай тоңдырып тұр еді, қоғамшыл, қайырымды балалардың көмек қолын созған ізгілік нұры қарт жүрегін жадыратып жібергені. Жалғыз өзі ғана емес, осында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Нина Скарюкинаның да жағдайы мәлім. Қарға адым жер ұзап шыға алмайтын ол қарияны да жаңағы балалар қамқорлықтарына алған. Қысы-жазы үй маңайын тазалап, азық-түлігін әкеліп беріп, қолғабыстарын тигізуде. Өздері де әңгімешіл, әр нәрсені білгісі келеді. Әсіресе Нина апайдың Ұлы Отан соғысы кезіндегі қияпат оқиғалар жайлы айтқан естеліктерін құлақ қойып тыңдайды. Бірде ерлік істерге сүйсінсе, енді бірде майдан даласындағы бір-бірін құтқарып, өз бастарын қатерге тігіп, жолдас­тары үшін жандарын пида еткен абзал азаматтардың тағдырына мұңаяды. Қалай болған күнде де, қарт көкірегінде қатталып жиналған адамгершілік, кісілік туралы ескір­мес естелік жас жүректерге ықпал ете­тіндігі даусыз.

Макин орта мектебінде «Еңбек­тік десант» атты қозғалыс осыдан он жыл бұрын құрылған. Мектеп мұғалімдері мен оқушылар өзара ақыл­даса келе, волонтерлер клубын құру идеясы пайда болып еді. Жан­да­рында өмір сүріп жатқан кейбір жабырқау жандардың көңіліне медет болуға барлығы құлшыныс біл­дірді. Қазір мектеп жанынан құ­рылған «Мейірімді жүрек» ерік­ті­лер клубының құрамында жоғары сыныптарда оқитын он бестен астам оқушы бар. Бір-бірінің жақсы ісін үлгі еткен жас толқын арасынан аталмыш клубқа мүше болуға талпынып жүргендер де аз емес.

– Біз өзіміздің осы бір болар-болмас көмегіміз арқылы жалғызілікті жандардың демеуі болғымыз келеді, – дейді клубтың көшбасшысы, 10-сынып оқушысы Абылай Қасымов, – замандастарымыздың ара­сында адамгершілік пен аза­мат­тық­ты, мейірімділік пен адалдықты дә­ріп­те­гіміз келеді.

Жастардың көшбасшысының айтуына қарағанда, жыл бойына жос­пар жасалады екен. Ол жос­пар­ларында өздерінің қолдарынан келетін нақты істер сараланады. Сол іс-қимылдары арқылы салауатты өмір салтын насихаттап, мүгедектер мен қарт адамдарға көмектесіп, кейде бой көрсетіп қалатын ауыл ішіндегі құқық бұзушылықтың алдын алуға атсалыспақ. Ардагер­лер­мен кездесіп, көп балалы отбасылармен тақырыптық жүздесулер өткізу де межеленген.

Айтпақшы, балалардың осындай бір ізгі ниетіне ата-аналары да қолдау білдіріпті. Балалардың қауқары жетпей жатқан іске ата-ана­л­ары да қолғабыс көрсетіп қоя­ды. Жанашырлық – жалғыз қол­ға күрек ұстап қар күреу ғана емес, рухани жан дүниені де сәулелендіру. Бұл бағытта да өнер­лі балалардың табиғи таланттары жүдеу көңілді жадыратарлық. Облыстық жұ­мыс­пен қамту және әлеу­меттік бағ­дарламаларды үйлес­тіру бас­қар­масының Біржан сал аудан­дық «Мейірім» арнаулы әлеуметтік қыз­­мет көрсету орталығындағы қарттар мен мүгедектерге арнап қызғылықты концерт қояды. Ауыл тұрғындары да мұндай қызықтан шет қалмайды.

– Біз үшін, – дейді Абылай Қасымов, – ешбір атақтың қажеті жоқ. Үлкендердің ақ батасын алсақ болғаны.

 

Ақмола облысы,

Біржан сал ауданы