Қоғам • 16 Қаңтар, 2020

Жастар жылы: дерек пен дәйек

143 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жас ұрпақты жан-жақты қолдау мақсатында елімізде 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланған-ды. Жастар жылына орай дайын­дал­ған Жол картасында жас­тар­ды қолжетімді баспанамен, жұ­мыс­пен қамтамасыз ету, білім беру, кәсіп­керлікті дамыту, жас отбасын қолдау сияқты шаралар қарас­тырылған. Енді сол шаралардың орындалуына көз жіберіп көрелік.

Жастар жылы: дерек пен дәйек

172 мың жас жұмысқа тұрды

Соңғы деректерге сәйкес, рес­публикамызда 14 пен 29 жас ара­лы­ғындағы 3,8 млн жас азамат бар. 2019 жылдың ІІІ тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8% немесе 84,7 мың адамды құрады. Білім деңгейі бойынша жұмыспен қамтылған жастардың 44,2%-ның (936,7 мың адам) жоғары немесе аяқталмаған жоғары білімі бар. Жұмыспен қамту бо­йынша көптеген шара қолға алы­нып, бірнеше бағдарлама жүзеге асты. Атап айтар болсақ, «Еңбек» бағдарламасы аясында 172 мыңға жуық адам жұмысқа орна­ласты. Еңбек нарығын дамыту жəне жастардың тұрмыс деңгейін жақсартуға негізделген бағдарламадағы жастардың үлесі 34,3%-ды құрады, бұл – 213,5 мыңнан астам азамат.

«Жас маман» жобасы елі­міз­дің барлық аймақтарында үш жыл ішінде 200 мыңға жуық жас азаматты қамти отырып, 200 жаңартылған білім беру ұйымдарының (20 алдыңғы қатар­лы жоғары оқу орны мен 180 озық колледж) базасында 100 аса сұран­ысқа ие индустриялық жəне қызмет көрсету кəсіптері бойынша мамандар даярлауды көздейді.

9,5 мың жас грант алды

«Жас кəсіпкер» жобасы – бұл республика бойынша, соның ішінде NEET санатындағы жас­тар­дың кəсіпкерлік қырын да­мы­ту­ға арналған іс-шаралар кешені, оның аясында бизнес жүргізу дағдыларын үйрету жəне стартап жобаларды іске асыруда көмек көр­сету бойынша шараларды ке­ңей­ту жоспарлануда. Бұл жоба 20 мың адамның кəсіп бастау не­гіздерін үйренуге мүмкіндік ашты.

2019 жылы 9,5 мың жас жаңа бизнес идеяларды жүзеге асы­ру мүмкіндігіне ие болып, грант­тар алды. Бұдан былай жыл сайын 10 мың жасқа грант беру қа­рас­ты­рылған. Сонымен қатар 2,5 мың жас кəсіпкер өз бизнестерін да­мыту үшін микро несие алды, тағы 15 мың адам кезекте.

«Жасыл ел» жобасы аясында 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. 2019 жылы жастар практикасына 33 мыңға жуық жас азамат жіберілді. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша біржолғы жəрдемақы мөлшері 70 АЕК-тен (176 750 теңге) 100 АЕК-ке (252 500 теңге) дейін ұлғайтылды. 6 мыңға жуық жас маман 1,2 млрд теңге көлемінде көтермелеу жəрдемақысын алды.

Айта кету керек, бағдар­ла­ма­ның екінші бағыты «Атамекен» ҰКП-ның «Бастау бизнес» жобасы бойынша 20 мың адам кə­сіп­керлік негіздерін оқыды, оның ішінде 2,8 мың адам шағын несие алса, 15 мың адам грантқа қол жет­кізді. Сонымен қатар жаңа бизнес идеяларды дамытуға 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде өтеусіз мем­лекеттік грант қарастырылып жатыр.

Өңірлердегі кадрлар тапшы­лы­ғын азайту мақсатында 2019 жылдың 9 айында 353 еңбекке қабілетті отбасы мүшесі жұмыс күші мол өңірлерден көшірілді. Оның ішінде 310 адам жұмыспен қамтылды.

Бұған қоса, Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өткен жылдан бастап еңбек нарығының бірың­ғай ақпараттық базасын – Элект­рон­дық еңбек биржасын іске қосты. Биржа – жұмыспен қамту орта­лықтарына бармай бос жұмыс орын­дары мен түйіндемелерді жария­лау мүмкіндігін қамтамасыз етет­­ін бірыңғай цифрлық алаң.

Биржаға 2019 жылдың жел­тоқ­санына дейін 36,4 мыңға жуық бос жұмыс орны жайлы ақпарат жəне 161,5 мың түйіндеме келіп түс­кен. Бұл қызметті 182,5 мың жұмыс беруші жəне 858,7 мың жұ­мыс іздеуші қолданған. ЭЕБ арқылы 476 мың жұмыс іздеуші еңбекпен қамтылды.

 22 мың адам кәсіптік оқуға жіберілді

Жастар жылында «Тегін тех­ни­калық жəне кəсіптік білім беру» жобасы іске қосылды. Соның арқа­сында 9 немесе 11-сыныптан кейін оқуын жалғастыра алма­ған мектеп түлектері ақы­сыз оқуға мүмкіндік алды. Осы­лайша бір жылда 22 мың адам кə­сіптік оқуға, 20,2 мың адам қыс­қа мерзімді оқуға жіберілді. Со­нымен қатар жастардың, оның ішінде NEET санатындағы жастардың білік­ті­лігін арттыру жəне қайта дая­­р­лау үшін еңбек нарығында сұра­ныс­қа ие мамандықтар бойынша кəсіптік оқытудың қысқа мер­зім­ді курстары (6 айға дейін) ұйым­дас­ты­рыл­ды.

Жас ғалымдардың қолданбалы зерт­теулерін гранттық қаржы­лан­ды­руға 3 млрд теңге бөлінді. Білім және ғылым министрлігі Жастар жылында ҰБТ тапсыруға өтінім берген əрбір екінші талапкерге ЖОО-ға түсуге мүмкіндік берген 53 785 грант бөлді.

Сонымен қатар қазіргі кезде Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігі «Еңбек нары­ғында сұранысқа ие жаңа кəсіп­тер мен құзыреттер атласы» ақ­па­раттық жүйесін əзірлеп жатыр, ол 2020 жылы наурыз айында дайын болады. Сонымен бірге еңбек нарығына қойылатын талаптарды өзара байланыстырып, ол дағдылардың білім беру жүйесі тарапынан ұсынылуына мүм­кіндік жасайтын кəсіптік стан­дарттар негізінде білім бағ­дар­ла­ма­лары əзірленуде.

 3000 жас баспаналы болды

2019 жыл бойына ел жастарын қолдауға бағытталған түрлі шаралардың маңыздысы – жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы баспана. 2019 жылы 3 мың жас Қазақ­стан­ның үш ірі қаласынан пәтер алды. Нұр-Сұлтан қала­сында 1050 пəтер, Алматыда – 1050 жəне Шым­кент­те 900 пəтер берілді. Оған қоса 3 мыңнан астам жас маманға тұр­ғын үй алуға 13,5 млрд теңге кө­ле­мінде бюджеттік несие берілді. «Дип­ломмен – ауылға!» жобасына қа­тысушыларға 1500 АЕК-тен аспай­тын мөлшерде (3 787 500 теңге) бюджеттік несие берілуде.