Қоғам • 16 Қаңтар, 2020

Ортақ мақсат – инновациялық даму

446 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жидда қаласындағы Ислам­ ынтымақтастығы ұйы­мының (ИЫҰ) штаб-пәтерінде халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдерін тоғыстырған кездесу өтті. Басқосуда әріптестікті дамыту, білім беру, ғылым және технология салаларында Қазақстанның бастамаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Ортақ мақсат – инновациялық даму

Іс-шараға Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі ел­­ші­сі Берік Арын, әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұ­танов және ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есполов, ИЫҰ Бас хат­шы­сы­ның орынбасары Ахмед Сеньомо, ғылым және технологиялар департаментінің бас директоры Ирфан Шаукат бастаған ғалымдар қатысты.

ИЫҰ-ның Ғылым және технологиялар жөніндегі тұңғыш сам­миті 2017 жылы елорда төрі­н­де шымылдығын түрді. Сам­митте Тұңғыш Президент  – Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев ИЫҰ-15 диалог платформасын құру идея­сын ұсынған бола­тын. Осы ор­тақ алаң ғылы­ми-техникалық про­гресті жаңғыр­ту және одан әрі дамыту, ис­лам әлем­індегі ма­ңызды экономи­ка­лық мә­се­лелерді шешу мақсатында 15 жетекші мұсылман елін біріктіреді.

Қазақстандық делегацияны құр­метпен қарсы алған А.Сеньо­мо ислам әлемінің жетекші уни­­вер­ситеті ҚазҰУ былтыр Алма­­тыда өткен маңызды оқиға – Ел­басы Н. Назарбаевтың «ИЫҰ-15 диалог платформасы» баста­масын іске асыру жөніндегі ал­ғ­ашқы отырысының бірлескен ұйымдастырушыларының бірі болғанын атап өтті. Бас хатшының орынбасары ИЫҰ-дың ғылым мен технологияларды дамыту бойынша серіктес және базалық университет саналатын ҚазҰУ мұсылман елдерінде ғылымды, тех­ника мен инновацияларды дамытуға кедергі келтіретін мәсе­ле­лерді еңсеру жолдарын із­дес­­тіру, сондай-ақ ғылыми ин­те­гра­циялық мәселелерді шешуге бағыт­талған бастамаларды ілгері­ле­­ту бойынша өз миссиясын тиім­ді жүзеге асырып отырғанын жеткізді.

ИЫҰ өкілдері жаңа буын ЖОО үлгісі әл-Фарабидің қайы­рымды қоғам азаматтарын қалып­тастыру идеялары негізінде ҚазҰУ-да әзірленіп, БҰҰ штаб-пәте­рінде таныстырылған «Универ­ситет 4.0» моделіне үлкен қызығу­шы­лық танытты. Кездесу барысын­да ғылым және инновация салаларында ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері, соның ішін­де ҚазҰУ-да «Жібек жолы уни­вер­ситеттерінің Альянсы» халық­аралық IT-кластері мен әлем университеттерінің жаңа технологиялар саласындағы платформасы болатын заманауи әл-Фараби ғылыми-технологиялық алқабын құру мәселелері тал­қыланды.

Университеттің ректоры, академик Ғалым Мұтанов халық­ара­лық көлемде жоспарланып отырған өркениеттің ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған ауқым­ды іс-шаралар туралы баяндап, ИЫҰ басшылығын өткізілетін ме­рей­­тойлық шараларға қатысуға шақырды.

Өз кезегінде академик Тілектес Есполов ҚазҰАУ қызметі мен жетістіктері, ауыл шаруашылығы сала­сындағы зерттеулері, азық-түлік қауіпсіздігі мен су ресурс­тары­ның тапшылығы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Ол азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының қызметі аясында ИЫҰ-мен ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.

Ғылым және технологиялар департаментінің бас директоры Ирфан Шаукат конструктивті ұсыныстар үшін алғысын білдіріп, білім ордаларының ғылыми-зерт­теу және инновациялық әлеуетінің жоғары деңгейін атап өтті. ҚазҰУ-дың озық тәжіри­бесін ескере отырып, ислам әлемі­нің жоғары оқу орындарын ха­лықаралық рейтингтерде ілгеріл­етуді бірлесіп үйлестіруге ерек­ше қызығушылық білдір­ді. Ол ҚазҰУ-ға ИЫҰ қам­қорө­лы­ғындағы Ислам әлемі универ­ситет­терінің ғылыми-білім беру ын­тымақтастығы желісіне бас­шы­лық етуді ұсынды.

Конструктивті диалог Король Абдалла атындағы Ғылы­ми-тех­нологиялық универ­си­тетінде де (ҒТУ) жалғасын тап­ты. Университет ректоры доктор Тони Чан қызмет бағыттары мен жүргізіліп жатқан зерттеулер­ге толығырақ тоқталып, қазақ­стан­дық қонақтарды заманауи жаб­дықталған әлемдегі үздік ЖОО-ның бірі болып табылатын университеттің оқу базасымен таныстырды.

Кездесу барысында тараптар білім, ғылым және иннова­ция сал­аларындағы екі жақ­ты өзара тиім­ді серіктестікті дамы­туға әзір екен­діктерін біл­дірді. Ректор Т.Чан атап өт­­кен­дей, Король Аб­дал­ла атын­дағы ҒТУ қазақ­стан­дық жетек­ші ЖОО-мен ынты­­мақ­­тас­тық орнатуға, ғылым мен жаңа технологиялардың ба­сым бағыт­­тары бойынша бірлес­­кен зерт­­теу жұмыстарын жүзе­ге асы­рып, академиялық ұтқыр­лық пен қос дип­ломды білім бағдар­лама­ларын дамытуға мүдделі.

ҒТУ-ға сапары барысында қазақ­стандық делегация аталған уни­верситетте білім алып жат­қан еліміздің студенттерімен де кез­десті. Қазіргі таңда бұл жоға­ры оқу орнында магистратура, докторантура және постдокторантура сатысында Қазақстаннан келген жалпы 40-қа жуық білім алушы бар.