Парламент • 16 Қаңтар, 2020

Алға ауданының ауылдарында қарапайым дәрі-дәрмек жетіспей отыр

127 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары Марат Тағымов пен Мұхтар Жұмағазиев Алға ауданындағы Үшқұдық, Тікқайың, Қарақобда және Сарықоба ауылдарында болды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Алға ауданының ауылдарында қарапайым дәрі-дәрмек жетіспей отыр

Осы ауылдардағы мектептердің жағдайымен танысып, педагогтармен және оқушылармен кездесті. Кездесу барысында педагог мәртебесін арттыруға байланысты мәселелер мен денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы айтылды.

Үшқұдық ауылындағы мәдениет үйінің коворкинг-орталығында және Тікқайың ауылындағы орта мектеп ғимаратында тұрғындармен кездесулер болды. Тұрғындар ауылдың қазіргі жағдайы мен тыныс-тіршілігі туралы айтып берді.

Мектепке жиналған Тікқайың ауылының жергілікті тұрғындары 2020 жылы ауылға газ келетінін, ол Тікқайың өмірін қатты өзгертетінін айтты. Қазіргі кезде ауылдан адамдар кетпейтін болды.

Депутаттар Алға ауданындағы сапарының соңында 2017 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан шаруа қожалығында болды. Әбдіразақ Жақанның шаруашылығында 350 жылқы, 270 асыл тұқымды ірі қара және 800 қой бар.

Тұрғындармен болған барлық кездесулерде медициналық қызмет көрсету, білікті мамандардың жетіспеушілігі, қарапайым дәрі-дәрмектің жоқтығы, жедел дәрігерлік көмек көрсетудің қол жетімсіздігі мәселесі көтерілді.

Сенаторлар М.Тағымов пен М.Жұмағазиев ауылдық елді мекендерге сапарының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесті. Кездесуде сенаторлар ауылдық округтерге сапардың қорытындысы бойынша өз пікірлерімен бөлісіп, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі біртіндеп жақсарып келе жатқанын, дегенмен бірқатар мәселелер әлі де маңызды екенін атап өтті. Облыс әкімі газдандыру, сумен жабдықтау, елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселелері басымдықа ие екенін және бірінші кезекте шешілетінін атап өтті.

Сенаторлар сондай-ақ облыс әкімі О.Оразалиннің төрағалығымен өткен «Нұр Отан» партиясы филиалының ғимаратында өткен кеңеске де қатысты, онда аймақтың агроөнеркәсіп кешешін дамыту мәселелері талқыланды.

Кеңес жұмысына ауыл шаруашылығы министрлігінің, даму институттарының өкілдері, шаруа қожалықтарының басшылары, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қатысты.

Жергілікті кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының басшылары ауыл шаруашылығы министрлігі мен құзыретті органдардың өкілдеріне өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Асыл тұқымды мал әкелу, ауыл шаруашылығының салалық түрлері мен құс шаруашылығын дамыту, субсидиялау мөлшерін ұлғайту, жайылымдарды бөлу мәселелері өзекті мәселелердің қатарында болды.