Үкімет • 16 Қаңтар, 2020

Ақтоты Райымқұлова Қытай делегаттарын қабылдады

142 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қытайдың «Xinxin Xianguyang film culture Co., Ltd 901» кинокомпаниясының директоры, продюсер Фань Ликсинмен кездесті. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтоты Райымқұлова Қытай делегаттарын қабылдады

Басқосу барысында қос тарап кинематография саласындағы өзара ынтымақтастық жайын талқылады. Сонымен қатар Қытайдан келген  делегаттар 2020-2021 жылдарға арналған кино саласындағы жобамен таныстырды. Онда танымал актер Джеки Чанның қатысуымен жүзеге асырылатын жоба аясында екі мемлекет арасындағы мәдени байланыстарды да көрсету жоспарланған. Сонымен қоса қытайлық кинематографтар қазақ кинорежиссерларымен жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.

Айта кетейік, 2020 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Бейжің мен Шанхайдағы фестивальге өз туындыларын ұсынған. Қазір қазылар алқасының шешімін күтіп отыр. Сонымен қатар Макао мен Хайнаньдағы және Фуцзяньдағы «Жібек жолы» атты халықаралық байқауларға қатысу жоспарда бар.

Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы 2017 жылы 18 қыркүйекте қабылданған бірлескен киноөндіріс бойынша мемлекетаралық келісімге сай жұмыс істеп келеді. Мәселен, осы бағдарлама аясында «Қазақфильм» және Shinework Pictures компаниясы бірлесіп, «Композитор» фильмін түсірді.

Режисссер Сәбит Құрманбаев (Қазақстан) пен Шерзат Якубтың (Қытай) туындысы өткен жылы 13-20 сәуірде Қытай астанасында өткен халықаралық ІX Бейжің кинофестивальінде көрерменге жол тартқан болатын. Ал Қазақстандағы премьерасы 2019 жылдың 17 мамырында Нұр-Сұлтан қаласында өтті.

2019 жылы 23 маусымда өткен XXII халықаралық Шанхай кинофестивальінде 8 жастағы қазақ актрисасы Ділназ Нұрсейіт CCTV-6 телеарнасы ұсынған «Үздік жаңа актер» номинациясына ие болды. Сондай-ақ қоюшы-режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» фильмінің тұсаукесері өтіп, «Композитор» фильмінің продюссерлік тобы да марапатталды.

Ал қоюшы-режиссер Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмі 18 наурыз бен 1 сәуір аралығында өткен халықаралық Гонконг фестиваліне,  режиссер Жәнібек Жетіруовтың «Шыңырау» фильмі 19 қарашада өткен XXVII Golden Rooster and Hundred Flowers байқауына, Фархат Шәріповтың «Тренинг личностного роста» туындысы 1-8 желтоқсанда өткен Hainan Island International Film Festival-ге қатысты.

Ал 7-19 мамыр аралығында қазақ кинематографистері ШЫҰ-ға кіретін елдерге арналған семинарға қатысты. Бейжің, Шанхай мен Циндаода өткен жиында мамандар кинематография саласындағы соңғы жаңалықтармен танысып, пікір алмасты.